31.05.2016, 18:39 8177

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеӊес отырысы

Жиынға Қазақстан Республикасыныӊ Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Армения Республикасыныӊ Президенті Серж Саргсян, Беларусь Республикасыныӊ Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасыныӊ Президенті Алмазбек Атамбаев және Ресей Федерациясыныӊ Президенті Владимир Путин қатысты

Астана. 31 мамыр. Kazakhstan Today - Жиынға Қазақстан Республикасыныӊ Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Армения Республикасыныӊ Президенті Серж Саргсян, Беларусь Республикасыныӊ Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасыныӊ Президенті Алмазбек Атамбаев және Ресей Федерациясыныӊ Президенті Владимир Путин қатысты, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Іс-шара барасында Еуразиялық экономикалық одақты дамытудыӊ өзекті мәселелері мен перспективалары қарастырылды, деп хабарлады Ақорданыӊ баспасөз қызметі.

Қазақстан Президенті қатысушылардыӊ барлығын ЕАЭО туралы келісімніӊ жасалғанына екі жыл толуымен құттықтады.

- Бұл құжатқа 2014 жылғы 29 мамырда Ресей, Қазақстан және Беларусь елдері осында, Астанада қол қойды. Қысқа уақыт ішінде біздіӊ қатарымыз Армения және Қырғызстанмен толықты. құрылғанына аз ғана мерзім өткенімен және бастапқыдағы экономикалық қиындықтарға қарамастан, бүгінде ЕАЭО толыққанды интеграциялық бірлестік ретінде қалыптасты деп сеніммен айтуға болады. Экономикаларымызды жақындастыру ісі енді ЕАЭО туралы келісімде белгілеген жоспарлар мен мерзімдерге сәйкес жүзеге асырылуда. Үкіметтер және бизнес қауымы бір-бірімен ынтымақтасудыӊ қажетті тәжірибесін жинақтап жатыр. Өзара іс-қимылдыӊ ішкі мәселелері негізінен регламенттелді. Қойылған міндеттер мен одақ қызметі қағидаттарыныӊ жүзеге асырылуы мемлекеттеріміздіӊ экономикасына қуатты серпін беретініне сенімдімін, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл әлем бойынша экономикалық бірлестікке мүдделілік артып, ЕАЭО-ныӊ халықаралық байланыстарын барған сайын қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

- Осы орайда, ұйымныӊ төрағасы ретіндегі меніӊ ұсынысыммен, 2016 жыл "Үшінші елдермен және негізгі интеграциялық бірлестіктермен ЕАЭО-тыӊ экономикалық қарым-қатынастарын тереӊдету жылы" болып жарияланды. Өз үндеуімде ЕАЭО-ны біз әлемдік экономикалық жүйеге үйлесімді түрде кіріккен, Еуропа мен Азия арасындағы дәнекер қызметін атқаратын ашық қоғамдастық ретінде көретінімізді атап өткен едім. Былтыр Вьетнаммен арада еркін сауда аймағын құру туралы ЕАЭО-ныӊ алғашқы келісімшартына қол қойылды. Бүгінде ҚХР, Үндістан, Израиль, Мысыр, Иран, Камбоджа және өзге де көптеген елдермен ынтымақтасу мәселелері жөнінде жұмыс жүргізілуде. ЕАЭО-ныӊ ЕО, ШЫҰ, АСЕАН және өзге интеграциялық бірлестіктермен де сауда-экономикалық байланыстарын жолға қою мүмкіндіктері бөлек қарастырылуда, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы ЕАЭО-ныӊ бірлескен нарығы Шығыс пен Батыстыӊ, Солтүстік пен Оӊтүстіктіӊ арасындағы байланыстырушы буын болуға тиіс екендігін айтты.

- Одақ аясында тауарлар мен қызметтердіӊ еркін қозғалысы қытай басшылығы ұсынған "Жібек жолыныӊ экономикалық белдеуі" бастамасына сәйкес келеді. Бұл жоба ынтымақтастықтыӊ біздіӊ елдеріміз үшін экономикалық пайда және өзара мүдделілік тудыратын салаларын қамтиды деп жоспарланып отыр, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті біздіӊ елде жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталды.

- "Нұрлы Жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында инфрақұрылымдық нысандардыӊ құрылысы мен оларды жаӊғырту жұмысы жүріп жатыр. Олар -трансқұрлықтық "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" автомобиль дәлізініӊ қазақстандық бөлігі, "Қазақстан-Түрікменстан-Иран" теміржолы, Ляньюньган қытай портындағы логистикалық терминал сияқты жобалар. Каспий жағасында Құрық паром кешенініӊ құрылысы жүруде. Осылайша, Қазақстан ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыра отырып, осы көлік жолдары арқылы өӊіраралық өзара іс-қимыл үшін сенімді платформа қалыптастыруда, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік экономикада болып жатқан ұнамсыз жайттардыӊ барлығы үшін сынақ екеніне, ЕАЭО аясында мейлінше жүйелі жұмыс жүргізуді талап ететініне назар аударды .

- Өзара сауданыӊ күрт төмендеуін сезініп отырған қазіргі кезде бізге осы қиын жағдайда өзара іс-қимылдыӊ өзге жолдарын табу мүмкіндігін іздестірген жөн. Бірлестік аясында ынтымақтасу бізге ресурстарды шоғырландырып, экономикалық тұрғыдан бірлесе даму үшін қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бүгінгі жиынныӊ күн тәртібіндегі мәселелердіӊ көптігін айтты.

- Онда ЕАЭО-ныӊ ішкі өзара іс-қимылыныӊ да, халықаралық ынтымақтастығыныӊ да аспектілері де қамтылған. Осы ретте біз шағын құрамда өткен кездесу барысында талқылаған мына мәселелердіӊ маӊыздылығын атап өтейін: ЕАЭО мен Еуропалық Одақ арасындағы өзара іс-қимылды жолға қою, ҚХР-мен келіссөз үдерісін бастау. Жалпы, бүгін қабылданған шешімдер ЕАЭО жұмысына және оған мүше мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстарға қосымша қарқын үстеуге тиіс, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті биыл ЕАЭО-ға біздіӊ елдіӊ төрағалық ететінін ескере келіп, интеграциялық бірлестіктіӊ одан әрі табысты әрі қарқынды дамуы үшін барлық күш-жігердіӊ жұмсалатынына сендірді.

Армения Президенті С.Саргсян экономикалық интеграция макроэкономикалық деӊгейдегі қадамдарды үйлестірудіӊ деӊгейін арттыруды талап ететінін атап өтті.

- Осы ретте, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердіӊ 2016-2017 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатыныӊ негізгі бағдарларын жүйелі іске асыруға және экономикалық әлеуетімізді арттыру жөніндегі бұдан арғы пәрменді тетіктерді әзірлеуге зор мән береміз. Бұл біздіӊ елдеріміздіӊ экономикасыныӊ орнықтылығын арттыруға және қалыптасып отырған жағымсыз экономикалық ахуал салдарларын еӊсеруге септігін тигізеді. Біз жалпы әлемдік саясат пен экономикағы өӊірлік құрылымдардыӊ үлесін арттыру үдерісі жағдайында интеграциямыздыӊ экономикалық серіктестіктіӊ барлық мүдделі тараптармен кеӊ ауқымдағы ынтымақтастықтыӊ ашық, тартымды үлгісіне айналуы жолында барлығын жасауға тиіспіз, - деді С.Саргсян.

Беларусь Президенті А.Лукашенко ЕАЭО-ны дамыту мақсатымен алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру барысындағы қиындықтарға тоқталды. Атап айтқанда, өзара саудадағы ішкі алымдар мен шектеулерден құтылу, мүше елдіӊ бірініӊ үшінші елдерден нарықты қорғауда біржақты шаралар қолдануы жағдайында ЕАЭО-ныӊ жұмыс жүргізу тетігін әзірлеу жөніндегі бастаманыӊ орындалуы қажеттігі туралы айтылды. Бұдан бөлек, өнеркәсіптік ынтымақтастық, энергетика саласындағы, дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдардыӊ ортақ нарығын қалыптастыру ісіндегі міндеттерді жүзеге асырудыӊ маӊыздылығы атап өтілді.

Қырғыз Республикасыныӊ Президенті А.Атамбаев ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларын интеграциялық үдерістіӊ негізгі мақсаттары мен міндеттерініӊ орындалуына қол жеткізу жолындағы кедергілерді жоюға барлық күш-жігерді жұмсауға шақырды.

- ЕАЭО-ны құру туралы келісімге 2014 жылғы 29 мамырда қол қойылды. Шындығында одақ одан да аз мерзімде жұмыс істеп келеді. Соған қарамастан, оныӊ әлеуеті орасан екені көрініп тұр. Ирине, қазірдіӊ өзінде белгілі бір нәтижелер мен табыстар бар. Қателіктер мен қолдан жасалған проблемалар да жоқ емес. Біздіӊ халықтарымыз үшін бұдан басқа баламаныӊ жоқ екенін де өзіміз айқын сезінуге тиіспіз. Біз Еуразиялық экономикалық одақтыӊ болашағы үшін, елдеріміздіӊ болашағы үшін жауаптымыз. Еӊбек пен төзім, халықтарымыз бен мемлекеттердіӊ, сондай-ақ барлық министрліктер мен ведомстволардыӊ басшыларыныӊ парасаттылығы және ынтымақтастығы керек. Мен ЕАЭО-ныӊ болашағына сенемін, - деді А.Атамбаев.

Ресей Президенті В.Путин интеграциялық бірлестіктіӊ тиімді жұмыс істеуі үшін сыртқы серіктестермен жүйелі қарым-қатынас қалыптастыру қажеттігін айтты.

- Біз одақтыӊ өзге елдермен және интеграциялық бірлестіктермен экономикалық байланыстарын одан әрі тереӊдетуге күш-жігер жұмылдыру жөнінде Қазақстанныӊ төрағалық ету барысында айтқан ұсынысын қолдаймыз. Еӊ алдымен, бұл Шанхай ынтымақтастық ұйымы және АСЕАН мемлекеттерімен байланысқа қатысты мәселе. Бұл бағытта қазірдіӊ өзінде жасалған жұмыс аз емес. Вьетнаммен арада еркін сауда аймағы құрылды, ЕАЭО-ны қытайдыӊ "Жібек жолы" бастамасымен ұштастыру идеясын дамыту үшін нақты жобалар тізбесі әзірленуде. Сондай-ақ қазақстандық серіктестердіӊ Еуразиялық одақ пен ЕО арасындағы өзара іс-қимылды жолға қою мәселелеріне арналған халықаралық конференция өткізу жөніндегі бастамасын да мақұлдаймыз, - деді В.Путин.

***

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеӊес отырысында төмендегідей шешімдер мен өкімдер қабылданды:

1. Еуразиялық экономикалық одақ сотыныӊ судьяларын лауазымға Қырғыз Республикасынан тағайындау туралы;

2. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеӊестіӊ 2014 жылғы 10 қазандағы №79 шешіміне өзгерістер енгізу туралы;

3. Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер арасында бір тараптан, Вьетнам Социалистік Республикасымен арада екінші тараптан 2015 жылғы 29 мамырда қол қойылған Еркін сауда келісімініӊ күшіне енуі туралы;

4. Еуразиялық экономикалық комиссияныӊ жұмыс регламентіне өзгерістер енгізу туралы;

5. Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер арасында бір тараптан, Вьетнам Социалистік Республикасымен арада екінші тараптан 2015 жылғы 29 мамырда қол қойылған Еркін сауда келісімініӊ күшіне енуімен байланысты мәселелер туралы;

6. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердіӊ 2016-2017 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатыныӊ негізгі бағдарлары туралы;

7. Сербия Республикасымен сауда режімін унификациялау туралы Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттердіӊ Сербия Республикасымен келіссөздерін бастау туралы;

8. Еуразиялық экономикалық одақтыӊ ортақ газ нарығын қалыптастыру тұжырымдамасы туралы;

9. Еуразиялық экономикалық одақтыӊ ортақ мұнай және мұнай өнімдері нарығын қалыптастыру тұжырымдамасы туралы;

10. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер халқыныӊ санитарлық-эпидемиологиялық саулығы саласындағы өкілетті органдар басшыларыныӊ кеӊесі туралы.

11. Табиғи монополия субъектілерініӊ қызметін реттеудіӊ бірыӊғай ережелері мен қағидаттары туралы 20-хаттаманыӊ 5-тармағыныӊ тармақшасына сәйкес ақпарат беру туралы (Еуразиялық экономикалық одақ туралы 2014 жылғы 29 мамырдағы келісімге № 20 қосымша);

12. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеӊестіӊ кезекті отырысыныӊ өтетін уақыты мен орны туралы.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны