12.12.2006, 18:35 2793

Журналистер конгрессі жобасын жасаған БАҚ жөніндегі заң жобасы қаңтарда парламентке енгізіледі (толықтырылған нұсқа)

АСТАНА. 12 желтоқсан. Kazakhstan Today. Журналистер Конгрессі әзірлеген бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң жобасы парламенттің қарауына 2007-жылдың қаңтар айында ұсынылады. Бұл жөнінде Астанада өткен баспасөз мәслихатында журналистер Конгрессі атқару комитетінің төраймы Дариға Назарбаева мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Біз қаңтар айында заң жобасын парламентке ұсынуды жоспарлап отырмыз",-деді Д.Назарбаева.

Оның айтуынша, осыдан сәл ертерек ұсынылған заң жобасы "екінші мәрте парламенттен қайтарылды, себебі жобада техникалық сәйкессіздіктер жіберілген".

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, мәжілістің бір топ депутаты Қазақстан журналистер конгрессі жобасын жасаған аталмыш заң жобасын 2006-жылдың маусым айында парламентке енгізген. Алайда, үкімет тарапынан оларға кері қорытынды жасалуға байланысты құжаттар кері қайтарып алынған. "Бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі" заң жобасы мен "БАҚ мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы 2006-жылдың қараша айында парламентке қайта ұсынылды. Мәжіліс депутаты Дарья Клебанованың айтуынша, "үкіметтен кері қайтқаннан кейін заң жобалары үкімет тарапынан айтылған ұсыныстар мен ескертулерді ескеру негізінде түзетілді".

Заң жобасына телехабарлар мен радиохабарларын таратуды ұйымдастыруға, соның ішінде аталмыш қызметке лицензия беруге қатысты бүтін бір тарау енгізілген. Ал қолданыстағы заңнама электрондық БАҚ саласындағы қарым-қанынастарды жартылай ғана реттейді.

Сонымен бірге ақпарат алу және тарату еркіндігін қорғайтын нормалар күшейтілген. "Заң жобасын жасаушылардың пайымдауынша, бұл әрбір азаматқа өзінің көзқарастары, пайым-пікірлері мен сын сипатындағы тұжырымдарын ашық ортаға сала алуына қажетті құқықтық негіз қалауға мүмкіндік береді". Сонымен бірге заң жобасының нормаларымен қандайбір бұқаралық ақпарат құралының түріне монополиялық үстемдік орнатуға тыйым салынады.

Заң жобасында "ар-ұжданды қорғау институты жетілдірілген. Бұл қоғам мен әрбір адамды жалған жала жабу мен кемсітуден қорғауға, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жауап беру мен жоққа шығару құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді".

Сонымен бірге сөз бостандығын бас пайдасына жаратуға жол бермеуге бағытталған нормалар күшейтіледі. Мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс арнаулы бап енгізілді.

Бұған қоса мемлекеттік және бейресми ұйымдардың ашықтығын арттыру көзделген. "Егер бұқаралық ақпарат құралдарында олардың атына қандайбір сын айтылған жағдайда қоғам сын садағына іліккен жайтқа қатысты түсініктеме алудан құқылы", деп санайды Д.Клебанова.

Депутаттың айтуынша, заң жобасының нормаларымен бұқаралық ақпарат құралдарын тіркеудің рұқсатнама-хабарлама беру принципі енгізілумен бірге сондай-ақ, БАҚ-тың іс-қызметін уақытша тоқтата тұру мен мәжбүрлі доғару негіздері аса ауыр құқық бұзушылықтар жасау оқиғаларымен шектеледі.

Заң жобасына бұған қоса қазақ тілін дамытуды ынталандыратын нормалар енгізілген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны