03.07.2026, 17:08 37366

Бұрынғы депутат бюджеттің 2,6 млрд теңгеден астам субсидия қаржысын заңсыз қолды қылған

Бұрынғы депутат бюджеттің 2,6 млрд теңгеден астам субсидия қаржысын заңсыз қолды қылған
Сурет: Depositphotos
ҚМА Алматы облысы бойынша департаменті агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға бөлінген бюджет қаражатын аса ірі көлемде жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі аяқтады, деп хабарлайды ҚМА баспасөз қызметінен.

Тергеу амалдарына сай, қылмыстық схеманы Алматы облысы Қарасай аудандық мәслихатының бұрынғы депутаты ұйымдастырған. Ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибесі мен мемлекеттік субсидиялау тетіктерін жетік біле отырып, ол бюджет қаражатын заңсыз алудың тұрақты схемасын құрған.

Схеманы іске асыру үшін ұйымдастырушы өзіне бағынысты кәсіпорындар мен Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында тіркелген 29 шаруа қожалығын пайдаланған. Уәкілетті органдарға өнеркәсіптік таңқурай алқаптарын отырғызуға арналған элиталық таңқурай көшеттерін сатып алу туралы жалған құжаттар ұсынылған.

Мәліметтердің анықтығын растау мақсатында жалған сатып алу-сату шарттары, қабылдау-тапсыру актілері, электрондық шот-фактуралар және отырғызу материалын өндірушілерді аттестаттау жөніндегі құжаттар рәсімделген.

Алайда көрсетілген көлемде көшеттер іс жүзінде жеткізілмеген. Ал құжаттарда көрсетілген кейбір шаруашылықтардың өнеркәсіптік көлемде таңқурай өсіруге нақты мүмкіндігі болмаған.

Нәтижесінде бюджеттен 2,6 млрд теңгеден астам субсидия заңсыз алынған. Заңсыз алынған субсидияның 491 млн теңгесі қор нарығында операциялар жүргізуге бағытталған. Осы мақсатта күдіктінің жұбайының атына брокерлік шот ашылып, ол арқылы қазақстандық және шетелдік компаниялардың бағалы қағаздары сатып алынған.

Бұдан бөлек, тағы 400 млн теңге уақытша қаржылай көмек көрсету сылтауымен "iSolutions Capital" микроқаржы ұйымына аударылған. Кейін бұл қаражат күдікті тарапынан кезең-кезеңімен қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Сондай-ақ, күдікті ұрланған қаражаттың 170 млн теңгесін Қонаев қаласындағы казинода құмар ойындарға жұмсаған. Сот санкциясымен күдіктілердің 4 пәтеріне, 3 автокөлігіне, жеке тұрғын үйіне және бағалы қағаздарына тыйым салынды.

Үш күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, қылмыстық іс сотқа жолданды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны