ІІМ есірткі бизнесіне қатысы бар 6 мың сайтты бұғаттады
Сурет: Depositphotos
ІІМ бірінші жартыжылдықтағы есірткі қылмысына қарсы жұмысты қорытындылады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Мамыр айында шетелдік әріптестермен бірлесіп, Украина аумағында ірі есірткі call-орталығының қызметі жойылып, 11 күдікті ұсталды. Олар Қазақстан азаматтарын есірткі схемаларына тартумен және оларды заңсыз қызметке жұмылдырумен айналысқан", деп мәлім етті ІІМ ресми өкілі.
Оның мәлімдеуінше, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 7 тоннадан астам есірткі, оның ішінде жарты мың килограмнан астам синтетикалық есірткі тәркіленді. Соның нәтижесінде ондаған мың доза есірткі тұтынушыларға жетпей, мыңдаған адамның өмірі сақталып қалды. 15 есірткі зертханасының қызметі жойылып, алты ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды. Оның ішінде біреуі трансұлттық сипатта.
Есірткі қылмысының киберкеңістік пен криптовалюта саласына ауысқанын ескере отырып, интернет желісінде жүйелі жұмыс ұйымдастырылған. Атап айтқанда "Кибернадзор" жүйесі арқылы заңсыз контенті бар 6 мың сайт бұғатталып, "Антифрод-орталық" арқылы қаржыландыру жүргізілген 9 мың банк картасы бұғатталған.
Сондай-ақ, жалпы сомасы 135 миллион теңге көлеміндегі қаражатқа шектеу қойылды. "Таргетинг-орталығы" құрылды.
Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңды айналымы саласында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттардың, сондай-ақ "дропперлік" қызметтің заңсыз айналымы үшін қатаң жауапкершілік енгізілді. Көршілес мемлекеттердегі әріптестермен, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты кеңейтіп келеміз. Орталық Азия өңірлік ақпараттық-үйлестіру орталығының әлеуетін тиімді пайдаланудамыз. Жыл басынан бері шетелдік серіктестермен 20-дан астам кездесу өткізілді. Тиісті өзара іс-қимылды жүзеге асыру үшін барлық қажетті құқықтық база қалыптастырылған. Қазақстан есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл саласындағы жаһандық үйлестірудің маңызды алаңына айналуда. Ақпан айында 15 мемлекеттің өкілдерінің қатысуымен прекурсорлар мәселелері жөніндегі өңірлік жұмыс тобының отырысы өткізілді. Жұмыс жалғасуда, ал біздің басты басымдығымыз - әрбір азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету", - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

