17.08.2026, 10:16 21581

Түркістанда өздерін Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері ретінде таныстырған алаяқтар ұсталы

Түркістанда өздерін Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері ретінде таныстырған алаяқтар ұсталы
Сурет: Depositphotos
Түркістан облысында өздерін Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) қызметкерлері ретінде таныстырып, медициналық ұйым басшысынан 15 млн теңге бопсалаған екі адам ұсталды, деп хабарлайды ҚМА баспасөз қызметінен.

Ведомствоның мәліметінше, күдіктілер медициналық ұйым басшысына заңбұзушылықтар анықталғандығы туралы мәлімдеп, қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытқан. Тиісінше, оны жауапкершілікке тартпау үшін қомақты қаражат талап еткен.

ҚМА мәлімдеуінше, қаскөйлер 5 млн теңге алғаннан кейін тағы 10 млн теңге беруді талап еткен.

8 тамызда күдіктілерді Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері ҚМА Өзіндік қауіпсіздік департаментімен бірлесіп, қылмыс үстінде ұстады.

Сот шешімімен күдіктілерді қамауға алынды. Тергеу жалғасуда.

ҚМА міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі қаражатты жымқыру фактілерінің жолын кесу жұмыстары аясында өзін агенттік қызметкері ретінде таныстыратын алаяқтардың көбейгенін атап өтті.

Ведомство жауапкершілікке тартамыз деп қорқытып ақша талап ету немесе жазадан құтқаруға уәде бергені үшін қаражат сұрау заңсыз екенін еске салды. Азаматтардан мұндай жағдайлар туралы ҚМА-ның 1458 нөмірлі Call-орталығына хабарлау сұралды.

Агенттік азаматтардың қаржылық мониторинг органдарына тек сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында және ресми шақыру қағазы негізінде шақырылатынын да атап өтті.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны