13.04.2020, 18:39 32242

Қазақстан Лифтшілерінің Ұлттық Қауымдастығы Президент Тоқаев мырзаға хат жолдады

Қазақстан Лифтшілерінің Ұлттық Қауымдастығы Президент Тоқаев мырзаға хат жолдады

Алматы. 13 сәуір. Kazakhstan Today - Қазақстан Лифтшілерінің Ұлттық Қауымдастығы Президент Тоқаев мырзаға хат жолдады:

Қазақстан Республикасының Президенті

Қ.К. Тоқаев мырзаға

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы !

"Қазақстан Лифтшілерінің Ұлттық Қауымдастығы" ЗТБ (бұдан әрі - Қауымдастық) Сізге шынайы құрметін білдіреді және Қазақстан Республикасының халқына өркендеуді тілейді.

Бірінші кезекте, Қазақстанның лифт қоғамдастығының атынан Сізге ел үшін қиын уақытта Қазақстан Үкіметіне берген халық пен бизнесті қолдауға бағытталған тапсырмаларыңыз үшін алғыс айтқым келеді.

Қазақстанның лифт шаруашылығының техникалық жай-күйі қиын кезеңді бастан өткеріп жатқаны өзіңізге белгілі және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында Сіз өте дұрыс атап өттіңіз: Халық лифтілердің төмен сапасына үнемі тап болуда.... Ал Сіздің сөздеріңізге лифтілер қауіпті техникалық құрылғылар болып табылатындығын және халқымыздың қауіпсіздігі солардың сапасына байланысты екендігін қоса кеткім келеді. Ақпарат үшін, Қазақстанда 35 000 бірлікке жуық лифт жабдығы бар (лифтілер, эскалаторлар, траволаторлар), ал сала қызметінен түсетін орташа жылдық салық түсімі шамамен 8 млрд. теңгені құрайды. Еліміздің барлық өңірлерінің лифт компанияларын және отандық лифт жабдықтарын өндірушілерді біріктіретін Қауымдастық ретінде біз үшін Қазақстан Республикасының лифт саласының болашағы маңызды.

Осыған байланысты, еліміздің ішінде батыс аналогтарынан кем түспейтін сапалы лифтілер шығаруға біздің мүмкіндігіміз бар екенін, алайда қазақстандық лифт өндірушілердің қазіргі проблемалары мұны тиісті түрде жүзеге асыруға мүмкіндік бермейтінін атап өткім келеді. Қазіргі уақытта елімізде жалпы өндірістік қуаты жылына шамамен 4 000 лифтіні құрайтын 5 қазақстандық лифт зауыты бар, алайда тапсырыстардың болмауы себебінен олардың іс жүзінде жалпы жүктелуі мәлімделгеннен 10%-дан аспайды. Сонымен қатар елдегі лифт жабдықтары импортының жыл сайынғы көлемі 2500 бірлікті құрап отыр. Қазақстандық өнімнің ел ішінде сұранысқа ие болмауының дәйектерінің бірі лифт өндірушілерде мемлекет тарапынан тиісті қолдаудың болмауы, сондай-ақ қазіргі экономикалық "әділетсіздік" болып табылады. Мысалы, 2019 жылы елге дайын өнімге кедендік әкелім баждары алынып тасталды, ал отандық лифт өндірісі үшін жиынтықтауыштарға баждар 15%-ға жетеді. Кейбір тораптық жиынтықтауыштарға жергілікті оқшаулаудың болмауына байланысты өндірушілер оларды шетелден сатып алуға мәжбүр. Сонымен қатар ҚР Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 29 сәуірдегі №255 бұйрығына сәйкес мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар шеңберінде құрылысқа мемлекеттік инвестициялар есебінен қаржыландырылатын объектілерді жобалау кезінде қазақстандық өндірістің құрылыс материалдарын, жабдықтарын, бұйымдары мен конструкцияларын қолдану міндетті талап болып табылады. Алайда, іс жүзінде мұндай объектілердің құрылысы кезінде белоруссиялық немесе қытайлық лифтілер қолданылады.

Сонымен қатар, Қазақстанда мүгедектерге арналған көтергіштер өндірісі жөнге салынғанын атап өткім келеді, себебі бұл мүмкіндігі шектеулі адамдардың өздерін де, осы осал санаттағы отандастарымызға қатысы бар барлық адамдарды толғандыратын аса өзекті мәселе.

Қорыта келе, елде карантин енгізілуіне байланысты қалыптасқан жағдай лифтілердің онсыз да тұрақсыз өндірісін тоқтатқанын, сонымен қатар тиісті мемлекеттік қолдаудың болмауы аясында өндірістің қазіргі экономикалық орынсыздығы болашақта қазақстандық лифт зауыттарының "жоғалуына" алып келуі мүмкін екенін өкінішпен хабарлағым келеді.

Сіздің түсіністігіңіз бен жәрдеміңізге сенім арта отырып, біздің Қауымдастық Қазақстан Республикасының Үкіметінен отандық өндірісті ынталандырудың мынадай шараларын енгізу мүмкіндігін қарастыруды сұрайды:

- Лифтілерді өндіру үшін қажетті жиынтықтауыштарды елге әкелуге кеден баждары алынып тасталсын;

- Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын әлеуметтік немесе тұрғын үй инфрақұрылымы объектілерін жобалау кезінде Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тарапынан бақылау арқылы қазақстандық өндірістің лифтілерін жобалау-сметалық құжаттамаға енгізуді міндеттейтін Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті қаулысы шығарылсын;

- Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі тарапынан бақылау арқылы мемлекеттік сатып алу кезінде мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын объектілерді, әлеуметтік немесе тұрғын үй инфрақұрылымын салу кезінде қазақстандық өндірістің лифтілерін сатып алуға міндеттейтін Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті қаулысы шығарылсын;

- Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 26 шілдедегі №538 қаулысына шетел мемлекеттерінен шығарылатын, ұлттық режимнен алып тастауға жататын тауарлар тізбесіне лифтілерді, мүгедектерге арналған көтергіштерді енгізу жолымен толықтыру енгізілсін;

- Қазақстан Республикасының салалық Министрліктеріне ведомствоға қарасты ұйымдарды салу кезінде қазақстандық өндірістің лифтілері мен көтергіштерін пайдалану жөнінде тапсырма берілсін;

- Қалалар мен облыстардың әкімдеріне құрылыс салушылар үшін тауарлардың отандық шығу тегін растайтын құжаттарды міндетті түрде енгізу туралы құрылыс бақылаудың ведомствоға қарасты ұйымдары үшін бұйрықтар шығару жөнінде тапсырма берілсін;

- Отандық лифт өндірушілермен ТКШ саласындағы оператордың қаржыландыруы арқылы лифтілерді өндіруге арналған Off take келісімшарттар жасасу арқылы Қазақстан Республикасының ескірген лифт паркін жаңғырту бойынша арнайы мемлекеттік бағдарлама әзірленсін.

- Қала және облыс әкімдеріне нормативтік пайдалану мерзімі өткен лифтілерді жаңғырту кезінде қазақстандық өндірістің лифтілерін пайдалануға тапсырма берілсін.

Сонымен қатар, осындай қиын кезеңде көп пәтерлі тұрғын үйлердегі лифтілердің тәулік бойы үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін қызмет көрсетуші сервистік лифт компанияларының және өз жұмысын орындай отырып күн сайын өз денсаулығына қауіп төндіретін қызметкерлердің тарапынан қалалардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге қосқан үлесін атап өту қажет. Осы лифт қызметінде, елде енгізілген карантин мен коммерциялық және мемлекеттік құрылымдардың персоналының және қызметкерлер еңбекақысының қысқаруына байланысты біз халық тарапынан қызмет көрсетуші компаниялардың қызметтері үшін және олардың қаржылық тұрақтылығына нұқсан келтірілуіне байланысты ұзақ мерзімді берешектер пайда болады деп күтіп отырмыз.

Осыған байланысты, Сізден қызмет көрсетуші лифт компанияларын 2020 жылдың соңына дейін салықтардың барлық түрлерін төлеуден босатуды сұраймыз.

Өз тарапынан, Қауымдастық Қазақстанда аталмыш шараларды іске асыру елде импорт алмастыру арқылы лифтілердің тиісті өндірісін "қалпына келтіруге" мүмкіндік береді, сондай-ақ мемлекеттік бюджетке салық түсімдерін ұлғайту, сондай-ақ қазақстандық лифт зауыттарын өндірістік тиеу жолымен жаңа жұмыс орындарын құру арқылы оң экономикалық және әлеуметтік әсер береді деп санайды. Осы мәнмәтінде, аталмыш шарттарды енгізу кезінде өндірушілердің өндірілетін тауарлардың сапасына "қатаң" жауапкершілік шараларымен мемлекет тарапынан өндірілетін өнімнің сапасына ерекше бақылау жасалуы тиіс екенін атап өту маңызды.

Құрметпен,

Президент Е.М. Игибаев

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны