Ақтөбе облысында цемент зауытының құрылысы басталды
Сурет: gov.kz
176,9 млн АҚШ доллары көлеміндегі цемент зауыты жобасы өңірдің өнеркәсіптік дамуының маңызды драйверіне айналып, жаңа жұмыс орындарын құруға және оның инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етпек, деп хабарлайды Ақтөбе облысының әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Ақтөбе облысы Байғанин ауданында "QazCem Industries" ЖШС цемент зауытының (жылына 1,3 млн тонна өнім шығаратын қуаттылықпен) құрылысын бастауға арналған салтанатты рәсім өтті. Жаңа жоба өңірдегі ең ірі индустриялық нысандардың біріне айналып, Қазақстанның құрылыс саласының дамуына қосымша серпін береді.
Іс-шараға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Ақтөбедегі Қытай Халық Республикасының Бас консулы Го Юй, Tianshan Materials директорлар кеңесінің төрағасы Чжао Синьцзюнь, Sinoma Cement президенті Жун Якунь, мемлекеттік органдардың өкілдері, инвесторлар мен жоба серіктестері қатысты.
Ресми бастау шарасына дейін қонақтар құрылыс алаңындағы дайындық жұмыстарымен танысты. Қазіргі уақытта инженерлік инфрақұрылымды дайындау, өндірістік жабдықтарды орналастыру және болашақ кәсіпорын нысандарын салу жұмыстары жүргізілуде.
Салтанатты рәсім барысында Асхат Шахаров жобаның өңір мен ел үшін стратегиялық маңызын атап өтті.
Бүгін біз жылына 1,3 млн тонна өнім шығаратын заманауи цемент зауыты сияқты ірі индустриялық жобаны іске асыруды қолға алдық. Бұл - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аясында қол жеткізілген келісімдердің нақты нәтижесі", - деді өңір басшысы.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі - 176,9 млн АҚШ доллары. Биылғы жылдың соңына дейін жобаның 75 пайызы, яғни шамамен 132,7 млн доллар игеріледі деп жоспарланған.
Жұмыспен қамту мәселесіне баса назар аударылған. Зауыт іске қосылғаннан кейін 250-300 тұрақты жұмыс орны ашылады. Құрылыс кезеңінің өзінде 187 адам жұмыспен қамтылған. Байғанин аудандық "Мансап" орталығы арқылы жергілікті тұрғындардың бір бөлігі жұмысқа орналастырылды.
Жоба Ақтөбе облысы әкімдігі мен "KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ қолдауымен, қазақстандық Primus Capital компаниясы мен Қытайдың CNBM корпорациясына кіретін Sinoma Cement компаниясының серіктестігі аясында жүзеге асырылуда.
Primus Capital холдингінің негізін қалаушы Сапарбек Тұяқбаев цемент зауыты жобасын жүзеге асыру өңірдің индустриялық әлеуетін нығайтып қана қоймай, заманауи технологиялар мен халықаралық өндірістік стандарттарды енгізу арқылы отандық мамандардың кәсіби құзыреттерін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Ақтөбе облысындағы цемент зауытының құрылысы - Қазақстан өнеркәсібіне тікелей шетелдік инвестицияларды тарту мен халықаралық деңгейдегі озық технологияларды енгізудің жемісті нәтижесі. Primus Capital инвестициялық холдингі бұған дейін де шетелдік серіктестер мен халықаралық капиталдың қатысуымен бірқатар жобаларды жүзеге асырған. Біз Sinoma Cement компаниясымен бірлесіп, энергия тиімділігі мен экологиялық қауіпсіздіктің халықаралық озық талаптарына жауап беретін жоғары технологиялық өндіріс құрудамыз,- деп атап өтті ол.
Tianshan Materials директорлар кеңесінің төрағасы Чжао Синьцзюнь бұл цемент зауыты компанияның Орталық Азиядағы алғашқы стратегиялық жобасы екенін сөз етті.
Қазақстан - Қытайдың маңызды серіктесі және "Бір белдеу - бір жол" бастамасындағы негізгі елдердің бірі. Ақтөбедегі жоба өңірдегі өндірістік тізбекті кеңейтуге және өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамытуға негіз болады", - деді ол.
Sinoma Cement президенті Жун Якунь кәсіпорынның қауіпсіздік, сапа және экологиялық талаптардың халықаралық стандарттарына сай болатынын жеткізді.
Салтанатты рәсім қорытындысында қатысушылар құрылыс-монтаж жұмыстарына ресми түрде бастау беріп, Қазақстан мен Қытай арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықтың келешегін талқылады.
Айта кетейік, Байғанин ауданы инвестициялық белсенділігін тұрақты түрде көрсетіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауданның өнеркәсіптік өнім көлемі 216,1 млрд теңгені құрады, негізгі капиталға салынған инвестициялар 56,8 млрд теңгеге жетті. Тек 2026 жылдың сәуір айында аудан экономикасына 19 млрд теңге инвестиция тартылған.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

