29.05.2026, 12:48 3061

Қазақстан мен Молдова екіжақты байланыстарды одан әрі нығайту мәселелерін талқылады

Қазақстан мен Молдова екіжақты байланыстарды одан әрі нығайту мәселелерін талқылады
Сурет: gov.kz
Қазақстанның Молдова Республикасындағы Елшісі Алмат Айдарбеков МР Премьер-министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Михай Попшоймен кездесу өткізді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Сұхбат барысында қазақ дипломаты ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен елді одан әрі жаңғырту мақсатында жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы ақпарат берді. Сондай-ақ ҚР бір палаталы Парламентіне сайлау өткізу мәселесіне назар аударылды.

А.Айдарбеков Вице-премьер-министрді Молдова-Қазақстан Іскерлік кеңсесінің ресми ашылу рәсіміне (а.ж. 3 маусымда) шақырды. Аталған ұйым екі елдің бизнес қауымдастықтары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, тікелей іскерлік байланыстарды дамытуға және өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.

Тараптар Қазақстанның халықаралық бастамаларын да талқылады. Атап айтқанда, БҰҰ аясында су ресурстарын қорғау және су мәселелерін шешу бағытындағы жаһандық күш-жігерді біріктіруге арналған Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі ҚР Президентінің бастамасы туралы айтты.

Сонымен қатар Елші Астанада өткен "Алтын Орда - дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет және бірегейлік" атты халықаралық симпозиум туралы хабардар етті. Аталған іс-шара шетелдік ғалымдарды, тарихшыларды және сарапшыларды біріктірді. Форум Алтын Орданың тарихи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеуді ілгерілетуге және халықаралық гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға арналған маңызды алаң болғаны атап өтілді.

М.Попшой өз кезегінде екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін білдіріп, мәдениет, ғылым және тарихи мұраны сақтау салаларындағы өзара байланыстарды кеңейту мен диалогты тереңдетудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, Молдова тарапы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған Қазақстанның бастамаларын қолдайтынын білдіріп, экологиялық мәселелерді шешудегі халықаралық қауымдастықтың бірлескен күш-жігерінің ерекше маңызын атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сындарлы диалогты одан әрі дамытуға және екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделілік танытты.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны