09.06.2008, 19:43 3113

Алматы қаласының әкімі қала маңынан бюджеттік емес салалардың нысандарын салуға рұқсат беруге мораторий енгізуді ұсынады

Алматы қаласының әкімі қала маңынан бюджеттік емес салалардың нысандарын салуға рұқсат беруге мораторий енгізуді ұсынады

Алматы. 9 маусым. "Қазақстан Бүгін" - Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қала маңынан бюджеттік емес салалардың нысандарын салуға рұқсат беруге мораторий енгізуді ұсынады, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Алматы қаласының қала маңы аймағының бас даму жоспары бекітілгенге дейін қала маңының аумағында жер телімдерінің мақсаттық белгіленуін өзгертуге, бюджеттік сала нысандарынан басқа құрылыс салуға рұқсат беруге мораторий жариялауды ұсынамын", - деп мәлімдеді Алматы қаласының әкімі Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовтың қатысуымен өткен бірлескен отырыста.

Кездесуде Алматы қаласы мен облысының әкімдері өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, қала маңы аймағының бас даму жоспарын жасау қажеттігі сөз болды.

"Алматы қаласы маңының аумағы 1998 жылдың 17 наурызындағы үкімет қаулысымен бекітілген. Қала мен қала маңының процестерін реттеу үшін жасалған 2003 жылдың 18 желтоқсанындағы №1269 үкімет қаулысы Алматы қаласының қала маңы аумағының жобалық-жоспарлық құжаттамасының жоқтығынан жұмыс істемей тұр", - деп хабарлады А. Есімов.

Ол сондай-ақ, бекітілген қала құрылысы құжатының жоқтығы қала маңы аумағы мен ауыл шаруашылық алқаптарын инженерлік-геологиялық және табиғи жағдайларын ескерместен жүйесіз игеруге алып келіп отырғанын, экологияны бұзып жатқанын атап көрсетті.

Атап айтқанда, әкімнің айтуынша, Алматыға жапсарлас жатқан оңтүстік-батыс және батыс аумақтарда 18 компания тұрғын үй кешендері мен коттедж қалашықтарын тұрғызуда. "Бұл құрылысшылардың ешқайсысы өз нысандарының орналасуына республикамыздың заңнамалық актілері талап еткендей қалалық қызметтермен келісім жасаспаған. Алайда, олардың барлығы да қалалық инженерлік желілерге қосылуды жоспарлап отыр. Ал оның қуаты онсыз да сарқылған", - деді А. Есімов.

Сонымен қатар, әкім Алматы қаласында да құрылыс компаниялары техникалық жағдайлары болмаса да нысандар салуда деп атап өтті. А. Есімов пен С. Үмбетов құрылыс мәселелерін ерекше бақылауға алу жөнінде уағдаласты.

А. Есімов сондай-ақ, өткен жылы Алматы қаласының әкімдігі Инустрия және сауда министрлігіне, Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігіне Алматы қаласының қала маңы аймағының бас жоспарын жасау жөніндегі 951 млн теңге көлеміндегі шығындар сметасын жолдаған. Алайда, қаражат әлі күнге дейін бөлінбеген.

Қос әкімшіліктің өзара іс-қимылдары сондай-ақ, бірыңғай көлік жүйесін жасау қажеттілігінен туындаған. А. Есімовтың айтуынша, халықтың маятниктік көші-қонының тәулігіне 100 мың көлікке дейін өсуі қазіргі уақытта жұмыс басталатын қарбалас уақытта ғана емес, күні бойғы көлік қозғалысын қиындатып жіберген.

"Жол айрықтарын, эстакадаларды және жолдарды салу ісі қаланың әрі қарай дамуы үшін қала маңы аймағында да іске асырылуы қажет", - деп атап көрсетті әкім.

Құрылыс салу, инфрақұрылымды дамыту, коммуникация және басқа да мәселелер бұдан былай арнайы үйлестіру кеңесінде шешілетін болады. Оны тоқсан сайын, ал қажеттілік туа қалса, одан да жиірек жинау жоспарланып отыр.

Алматы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Виктор Долженков пен Алматы облысы әкімінің орынбасары Амандық Баталовтың төрағалық етуімен жұмыс істейтін үйлестіру кеңесіне мына тапсырмаларды шешу жүктелген. Атап айтқанда, қала маңы аймағын дамытудың бас жоспарын жасау жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру көлемін анықтау; қала маңы аймағының шекарасын белгілеу жөніндегі бірлескен жобаны жасап және нақты шекараны анықтап, оны Қазақстан Республикасының үкіметінің бекітуіне енгізу; қаланың келесі даму сатысы үшін қосалқы аумақтарды анықтау және бекіту; инженерлік және көліктік инфрақұрылымның қалыпты қызмет етуіне қажетті құрылыстарды салу.

Сонымен қатар, үйлестіру кеңесі Алматы қаласының аумағында және қала маңында орналасқан барлық инженерлік желілерді бірлесіп түгендеу жүргізуді талқылауы қажет. Сондай-ақ, Алматы облысының аумағындағы жер телімдерін энергетикалық және газ кешендерінің нысандарына беру жөніндегі ұсыныстарды дайындау, "су шеңберінің" өтетін жолы мен сору станцияларының орналасатын жерлерін анықтау үйлестіру кеңесінің қызметтерінің бірі болып есептеледі.

Сондай-ақ, кеңесте көлік дәліздері үшін қарастырылған жерлердегі нысандар мен жерлерді түгендеу мәселесі шешілетін болады.

Үйлестіру кеңесі мемлекеттік инвестиция тарту арқылы созылатын көлік дәліздеріне жер алу бойынша шараларды дайындау үшін оңтайлы ұсыныстар әзірлеуі, жол айрығы бар Құлжа трактісінен Алматы қаласының салынып жатқан әуежайы терминалына қарай жол салудың жобалық-сметалық құжаттамасын жасауды қамтамасыз етуі және басқа да көптеген мәселелерді шешуі қажет, деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны