29.05.2008, 17:03 3236

АӨҚО академиясы "SII" институтымен және "UBS" компаниясымен стратегиялық серіктестік жөніндегі келісімге қол қойды

АӨҚО академиясы "SII" институтымен және "UBS" компаниясымен стратегиялық серіктестік жөніндегі келісімге қол қойды

Алматы. 29 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Алматы өңірлік қаржы орталығының (АӨҚО) академиясы Лондон құнды қағаздар және инвестициялар институты (Securities & Investment Institute - SII) және әлемнің ірі қаржылық компанияларының бірі "UBS" компаниясымен стратегиялық серіктестік жөніндегі келісімге қол қойды. Бұл туралы компания өкілдері Алматы қаласында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды. "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

АӨҚО тарапынан келісімге АӨҚО академиясының ректоры Алма Исабаева, UBS тарапынан - UBS компаниясының атқарушы директоры, Орталық және Шығыс Еуропадағы (Австрия) компания төрағасының орынбасары Мартина Биглиарди, SII тарапынан - SII институтының Дубайдағы кеңсесінің жетекшісі Джэм Куркджуоглу қол қойды.

АӨҚО ақпаратына сүйенсек, АӨҚО академиясы өз қызметінің басынан бастап өңірдің қаржылық секторы үшін халықаралық деңгейдегі орталық құруды мақсат етіп қойған. Бүгінгі күні әлемнің ірі банктерінің бірі - UBS компаниясы АӨҚО академиясының аяғынан тік тұруына және Академияның Алматы мен Швейцариядағы студенттерімен жоғары дәрежелі білім ресурстарымен бөлісуге қолдау көрсету жайында шешім қабылдады.

"Білім - басты құндылық. Біз Қазақстанға, атап айтқанда, АӨҚО-на, АӨҚО академиясына білімін жетілдіруіне, сарапшылар дайындауына қолдау көрсете алатынымызды мақтан тұтамыз", - деп атап көрсетті М. Биглиарди.

Сонымен бірге, Лондон құнды қағаздар және инвестициялар институты АӨҚО академиясын халықаралық дәрежедегі мамандарды дайындау үшін ресми тренинг-провайдер ретінде аккредитациядан өткізді.

"Біздің инстиутымыз АӨҚО академиясымен жұмыс істеу мүмкіндігін алып отырғанына қуанышты. АӨҚО мамандарының біліктілік дәрежесі халықаралық стандарттарға сай болуының қаншалықты маңызды екендігін біз барлығымыз да жақсы түсінеміз. Сондықтан, біз АӨҚО осы бағыттарда барынша қолдап отырамыз", - деді өз кезегінде SII Дубай кеңсесінің жетекшісі Джэм Куркджуоглу келісімге қол қояр алдында.

АӨҚО академиясының ректоры атап көрсеткендей, 2008 жылдың соңына дейін Алматыдағы UBS курстарында білім алған 90 маман және UBS компаниясының Швейцариядағы оқу орталықтарында білімін жетілдіретін 10 тыңдаушы дайындауды жоспарлап отыр.

Қазіргі уақытта АӨҚО академиясы келесі бағдарламалар бойынша тренингтерді ұсынады: "Бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызмет", "Қазақстан мен шетел нарықтарында IPO дайындау және жүзеге асыру тәжірибесі", "Банктердің өзіндік капиталын Базель-2 жүйесі бойынша бағалау және есептеу", "Туынды қаржы құралдары: форвардтар, фьючерстер, опциондар және своптар".

"Біз АӨҚО академиясы Қазақстан мен Орта Азиядағы қаржыгерлердің үздік білім орталығы болады деген үміттеміз", - деп атап көрсетті академия басшысы.

АӨҚО академиясы 2007 жылдың қараша айында мемлекет бастамасымен 2010 жылға дейінгі Алматы қаласының Өңірлік қаржы орталығын дамыту бағдарламасы аясында құрылған.

Оның басты міндеті - Алматы қаржы орталығының табысты қызмет етуі үшін және, жалпы алғанда, Қазақстан, Орта Азия және басқа да мемлекеттердің қаржылық секторы үшін мамандар дайындау мен олардың біліктілігін арттыру жүйесін құру болып табылады. Бұл Қазақстанның дүниежүзілік қаржы нарығына тиімді ықпалдасу секілді жаһандық мақсатқа және Қазақстан Республикасының әлемнің бәсекеге қабілетті 50 мемлекетінің қатарына кіруіне қызмет етпек.

UBS компаниясы - бағалы қағаздармен операциялар жасайтын дүниежүзіндегі жетекші жеке капитал басқарушы көшбасшы банк компаниясы және әлемдегі активтерді басқарушы ірі компаниялардың бірі болып табылады. UBS компаниясының әлемнің негізгі барлық қаржы орталықтарында кеңселері және әлемнің 50 елінде өкілдіктері бар. UBS акциялары Швейцария қор биржасында (SWX), Нью-Йорк қор биржасында (NYSE) және Токио қор биржасында (TSE) айналымда және еркін сатуға қойылған.

SII - Ұлыбританияның қаржылық және инвестициялық нарығындағы мамандарын даярлайтын жетекші оқу-әдістемелік орталығы болып табылады. Ол қаржы нарығының мамандары үшін кәсіби біліктілік стандарттарын жасайды және қаржылық қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін немесе өз карьерасын енді ғана бастап келе жатқан мамандарға біліктілік арттырудың көптеген түрлерін ұсынады.

Коммерциялық емес ұйым болып табылатын SII институтының мүшелері үлкен мүмкіндіктерді пайдаланады. Оның ішінде ұсақ-түйектерінен басқа Жалғаспалы кәсіби даму бағдарламасы арқылы мамандарды қайта даярлау да бар. Институт өзінің мәслихаттары мен семинарларында кәсіби байланыстар орнату мен әңгімелесу, сондай-ақ, кәсіби басылымдар мүмкіндігін ұсынады.

SII - әлем мойындаған институт. SII кеңселері Мумбаи, Дубай, Дублин, Эдинбург, Шанхай және Сингапур қалаларында орналасқан.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны