08.04.2008, 10:27 1700

"Атамекен" салық кодексінің нормаларын кәсіпкерлердің құқын қорғаудың конституциялық кепілдемесімен сәйкестендіруді талап етуде

"Атамекен" салық кодексінің нормаларын кәсіпкерлердің құқын қорғаудың конституциялық кепілдемесімен сәйкестендіруді талап етуде

Астана. 8 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстанның "Атамекен одағы" ұлттық экономикалық палатасы салық кодексінің жалған кәсіпкерлікпен күрес жөніндегі нормаларын кәсіпкерлердің заңдық құқын қорғаудың конституциялық кепілдемесімен сәйкестендіруді талап етеді. Бұл бірінші кезекте айыпты емес деп есептеу қағидасын жүзеге асыруға қатысты. Баспасөз мәслихаты барысында Ұлттық экономикалық палата төрағасы Азат Перуашев осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"2006 жылдың желтоқсан айында салық қызметкерлеріне жалған кәсіпкер ретінде танылған жеткізушінің тауары немесе қызметі бойынша Қосалқы құн салығының (ҚҚС), сондай-ақ, шегеруден осындай мәмілелер бойынша жүргізілген шығындар сомасын есептеуден алып тастауға мүмкіндік беретін норма салық кодексіне енгізілген. Осылайша, шын мәнінде қызмет жасағаны және салық төлеген-төлемегеніне қарамастан жалған кәсіпорынмен жасалған кез келген мәмілеге артық ақша төленеді. Ал оны кейіннен жалған кәсіпкер деп танылған серіктеспен жұмыс жасау арқылы қателікке ұрынған адал ниетті кәсіпкер төлеуге міндеттенеді", - деп еске салды А. Перуашев.

"Бұл түзетулерді іс жүзінде пайдалану адал ниетті кәсіпкерлердің жаппай конституциялық құқықтарын бұзуға алып келді. Өйткені, сот арқылы тек бір ғана кәсіпорын заң бұзушы ретінде танылады. Алайда, қаржылық санкциялар оның барлық қатысушыларына таңылады", - деп түсіндірді ол. "Атамекен" басшысының мәліметтеріне сүйенсек, сонымен қатар, шағын және орта бизнес саласындағы бір кәсіпорынның орташа қарқындылығы жылына 100 - 400 мәмілеге дейін жетеді.

"Бүгінгі таңда жалған кәсіпорын ретінде 217 субъект танылғанын ескерер болсақ, қаржылық санкциялар таңылатын адал ниетті компаниялар санының өсу үрдісі тасқындық сипат алуы мүмкін", - деп есептейді ол.

А. Перуашевтың мәліметтеріне сүйенсек, тек шағын және орта бизнес саласындағы осындай істер бойынша салық органдарының ұсынатын шағымының сомасы 2-3 млн теңгені құрайды.

А. Перуашев осы жағдайда ҚР Конституциясының 26-бабында көрсетілген меншік құқын қорғау конституциялық кепілдемесін салық қызметкерлері елемейді деген пікірде. Ол бапқа сәйкес ешкім сот үкімінсіз өз мүлкінен айырыла алмайды. "Басқа сөзбен айтқанда, салық органдары сот арқылы жалған кәсіпорынның әрбір серіктесінің кінәсін дәлелдеуге міндетті. Олай болмаған жағдайда, қазіргідей, кінәсі дәлелденбесе, айыпты емес деген конституциялық қағида бұзылады", - дегенге сенімді А. Перуашев.

Оның мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі уақытта "Қазақстан Республикасының банкроттық мәселелер жөніндегі заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасымен жұмыс істеу барысында мәжіліс депутаттары Салық кодексіндегі жалған кәсіпкерлікпен күрес нормаларын кәсіпкерлердің заңдық құқықтарын қорғау конституциялық кепілдемесімен сәйкестендіру бойынша ұсыныс енгізген. "Алайда, Қаржы министрлігі депутаттардың түзетулеріне негізінен қарсы шықпай, осы мәселені жалған кәсіпкерлік бойынша арнайы заң жобасы мен жаңа Салық кодексін қарау барысында бірге қарауды ұсынып отыр. Ал олар үкіметтің заң жобалық жоспарына сәйкес ең жылдамдатқанда 2009 жылы күшіне енеді", - деп толықтырды "Атамекен" басшысы.

"Мәселенің экономикалық және әлеуметтік жоғарғы маңыздылығын ескере отырып, "Атамекен" одағы парламент депутаттарына әріптестерінің ұсынысын қолдауға және тиісті түзетулерді қазіргі салық кодексіне енгізуге шақырады", - деп атап көрсетті А. Перуашев.

"Біз сондай-ақ, Қаржы министрлігін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий енгізу туралы мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жедел арада жалған кәсіпорындардың қаржылық санкцияларын адал ниетті кәсіпорындарға көшіру бойынша салық органдарының іс-әрекеттерін мәселе заңдық тұрғыдан шешілгенге дейін тоқтата тұру туралы бұйрық жариялауға шақырамыз", - деп сөзін қорытындылады А. Перуашев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны