20.01.2023, 11:09 13996

Аяз Қазақстанның оңтүстігінде көкөністердің болашақ өнімін жойды

Аяз Қазақстанның оңтүстігінде көкөністердің болашақ өнімін жойды
Сурет: otyrar.kz
Шаруалар оңтүстікте көшет отырғызу үшін күннің жылынуын күтіп отыр, сондықтан егін кешігіп қалуы мүмкін

Шымкент. 20 қаңтар. KAZAKHSTAN TODAY - Шымкентте жылыжайдағы өнімдер үсіп кетті. Кейінгі апта көлемнідегі үскірік аяз өңір шаруаларын тығырыққа тіреп отыр. Қалың қардың салдарынан тіпті кейбір жылыжай қирап та қалған. Мысалы бір ғана шаруашылық 100 млн теңгеден астам шығынға ұшырады.
 
Қызанақ өнімдерімен айналысатын бұл шаруашылық жаз айларына дейін 3 гектар аумақтан өнім алуы тиіс еді. Бірақ, кейінгі екі аптадағы аязда голландиялық көшеттер үсіп қалған. Серіктестік өкілдерінің сөзінше, бұған себеп - ең алдымен көмірдің тапшылығы әрі сапасыздығы, деп хабарлайды «Отырар» басылымы.
 

Көмір қыздыра алмайды. Қыздырған күннің өзінде енді бізге керекті градусты бере алмайды да, сол себепті бас жағы жылы боп тұрды жылыжайдың, аяқ жағы суы қызып, насос айдап жетем дегенше аяқ жағы суып қалып жатты. Сонымен өткендегі қатты аяздарда мына жағы қатып қалған, содан үсік алып жатыр былай қарай", - деді Жылыжай басқарушысының көмекшісі Серік Мұстафаев.

 
Жылыжайдағы құбырдың біраз бөлігіне мұз қатып, жарылған. Себебі, қатты отынның қиқымы көп болғандықтан, 4 қазандықтың екеуі істен шығыпты. Енді мұндағылар амалдың жоқтығынан қызанақтарды көк түйін күйінде теріп алып жатыр. Ең болмағанда іріктелген көк қызанақтарды қызартып, арзан бағада болса да өткізгісі келеді. Тым болмаса солай коммуналдық төлемге кететін қаражаттың бір бөлігін жабуға болар еді дейді олар.
 

Әдетте негізі осы біздің жоспар ол 1200-1300 тоннадай теру керек болатынбыз негізі. Алайда біз қазір 250 тонна ғана тердік. Қалған өнімнің бәрі ысырапқа кетті, үсіп кетті. Енді осы бүкіл томат өсімдікті, үсіген өсімдіктің бәрін жинап алып, қайтадан егу керек боп тұр. Оның барлығы уақыт, оның бәрі қосымша шығын. Жөндеу жұмыстарының барлығы шығын", - дейді бас агроном Мерей Терлікаев.

 
Жылыжайдың қазіргі шығынының өзі 100 млн теңгеден асады. Банктен несие алып кәсіп бастаған серіктестік өкілдері несиені өтеу мерзімін тоқтата тұрса дейді. Тек бұл ғана емес, Түркістан облысы аумағындағы жылыжай иелерінің барлығы шығынға батып отыр. Тіпті Сарыағаш пен Қазығұрт ауданындағы кейбір жылыжай қалың қар мен қатты аязға шыдамай құлап қалған. Ал кейбірі көктемге үлгеруі керек көшеттерді отырғыза алмай отырғандарын айтады.
 

Сарыағаш ауданының тұрғындары мен шаруаларын әлеуметтік көмірмен қамтамасыз етуді тез арада шешу керек. Бүгінгі таңда Сарыағаштың көмір базаларында халыққа қажетті көмір жоқ деп айтуға болады. Ал жылыжайлар өнімінің әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, оларға да қосымша көмір бөлдіру мәселесі ушығып тұр", - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев.

 
Жылыжай иелері әзірге құбыр қатып қалмас үшін сапасыз отынмен амалдап күн кешіп отыр. Олардың ендігі үміті - күннің тездетіп жылынуы.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың желтоқсан айының қорытындысы бойынша, жемістер мен көкөністер бір айда 5%-ға және бір жылда 21%-ға қымбаттаған.
 
Ақпарат көзі: otyrar.kz
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны