22.11.2022, 14:14 11851

Қазақстанда су тапшылығына байланысты күріш егу алаңы 8,7 мың гектарға қысқарды

Қазақстанда су тапшылығына байланысты күріш егу алаңы 8,7 мың гектарға қысқарды
Сурет: Depositphotos
Астана. 22 қараша. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстанда су тапшылығына байланысты күріш егу алаңы 8,7 мың гектарға қысқарды, деп хабарлады Үкімет отырысы барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.
 

Суды көп қажет ететін дақылдарды қысқарту жалғасып жатыр. Биыл басқа рентабельді дақылдарға көшу есебінен күріш алаңы 2021 жылмен салыстырғанда 8,7 мың га-ға азайды, оның ішінде Қызылорда облысында 5,3 мың га алаң, Түркістан облысында 2,9 мың га және Алматы облысында 0,6 мың га-ға қысқарды", - деді министр.

 
Оның айтуынша, соңғы бірнеше жылда Қызылорда облысында су тапшылығы қатты сезілгені мәлім, Сырдария өзенінің ағыны бірнеше есе төмендеген.
 

Қолданыстағы коллекторлық-кәріз жүйелері тозған, соның нәтижесінде топырақтың тұздану және жерлердің ауыл шаруашылығы айналымынан шығу процестері күшеюде. Тұздардың артық мөлшерде болуы күріш тұқымдарының өсу қарқынын тежейді, топырақтың құнарлылығын төмендетеді және суармалы су мен топырақты ластайды", - деп түсіндірді Ербол Қарашөкеев.

 
Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі Қызылорда обласы әкімдігімен бірлесіп, күріш өндіру, айналмалы егістікті оңтайландыру, тұқымдық материалды жақсарту кезінде күріш өндірісінде механикаландырылған суаруды енгізу мүмкіндігін зерделеп жатыр.
 

Өңірдің топырақ және климаттық ерекшеліктері жағдайында мұндай технологияларды пайдалану мүмкін болса, өнімнің түсімділігі мен сапасына, сондай-ақ топырақтың сапасын жақсартуға зиян келтірмей судың тұтынуын азайтуға мүмкін болады", - деп қосты министр.

 
Ауыл шаруашылығы министрі мақта бойынша да сөз қозғады. Оның айтуныша, биыл өсірілген мақтаны сату бағасы проблемалық мәселе болды. Осы жылы шитті мақтаның алаңдары 16 мың га-ға ұлғайтылып, 126 мың га болды.
 

Бұған шитті мақтаның 2021 жылғы сатып алу бағасының 2020 жылға қарағанда 220 мың теңгеге қымбаттап, тоннасы 350 мың теңге болғаны ықпал етті. Алайда шитті мақта бағасының болжамы ақталмады. Әлемдік нарықтарда сұраныс төмендегендіктен, мақтаның әлемдік бағасы төмендеді", - деді министр.

 
Аталған мәселені реттеу мақсатында өткізу проблемаларын шешуге бағытталған шараларды, атап айтқанда: мақта-талшығын одан әрі өткізу, өңірді сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ шетелдік компанияларды тарта отырып, мақта-талшығын отандық қайта өңдеу мүмкіндіктеріне қарай болжамды егіс алаңдарын айқындауды қабылдау ұсынылады.
 

Бұл мәселелерді Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп пысықтап жатыр", - деді ол.

 
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі ұлттық жобаның көрсеткіштерін орындау мақсатында биыл су үнемдеу технологияларын ендіру жоспарда 265 мың га-ны құраса, іс жүзінде 279 мың га деңгейінде болады деп күтілуде.
 

Заманауи суару жүйелерін сатып алуға, сондай-ақ барлық қажетті инфрақұрылымды жүргізуге жұмсалған шығындардың 50%-ы субсидиялау бойынша іске асырып жатқан мемлекеттік бағдарлама бұндай технологияларды ендіру үшін маңызды ынталандыру болып отыр", - деп атап өтті министр.

 
Аталған бағдарлама бойынша 2022 жылы 400-ден астам агроөнеркәсіп субъектісі 11,6 млрд теңге сомасында субсидияланды.
 

Суармалы егіншілікте олардың мелиоративтік жай-күйінің көрсеткіштері ауыл шаруашылығы дақылдары түсімділігінің негізгі тікелей диагностикалық көрсеткіштері және гидромелиоративтік жүйе қызметі тиімділігінің жанама көрсеткіштері екені белгілі", - деді Ербол Қарашөкеев.

 
Республиканың барлық суармалы жерлерін мелиоративтік мониторингпен қамту мақсатында биыл гидрогеологиялық-мелиоративтік қызметтің құрылымы оңтайландырылды. 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет аясында оны материалдық-техникалық жарақтандыруға қаражат көзделген.
 

Жұмыстар кешенін орындау нәтижелері бойынша жай-күйі жақсы санаттарға шамамен 1,4 млн га, қанағатты жерлер сантына 556,9 мың га, қанағатсыз санатқа 354,8 мың га жатқызылды немесе суармалы жерлердің жалпы көлемінің 16%-ын құрайды", - деді ол.

 
Топырақтық-мелиоративтік іздестірулерге сәйкес әртүрлі дәрежеде сортаңданған жерлердің алаңдары шамамен 855 мың га-ны құрады, оның ішінде күшті дәрежеде сортаңданғаны 130 мың га, олардың негізгі алаңдары Қызылорда, Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстары мен Жетісу облыстарында орналасқан.
 

Мелиоративтік жай-күйді жақсарту мақсатында облыстардың әкімдіктері мен су шаруашылығы ұйымдарына суару және коллекторлық-кәріз жүйелерін дұрыс пайдалануды, шаю және суарудың нормалары мен мерзімдерін сақтауды, сондай-ақ суару техникасының аудандастырылған және оңтайлы элементтерін қолдануды қамтамасыз ету ұсынылады", - деді министр.

 
Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, суармалы жерлердің әлеуетін барынша пайдалану мақсатында:
 
Ауыл шаруашылығы министрлігі облыстар әкімдіктерімен бірлесіп:
 
  • жоспарланған индикаторларға сәйкес су үнемдеу технологияларды белсенді ендіру бойынша жұмысты жалғастыруы;
  • жыл сайын суармалы жерлерде тәлімі дақылдарды егуді біртіңдеп азайтып, егіс алаңдарын әртараптандыруы, суды көп қажет ететін және монодақылдар алаңдарын азайту бойынша жұмысты жүргізуі;
  • сумен қамтамасыз етілу болжамдары негізінде егіс құрылымын жоспарлауы;
  • суармалы жерлердің мелиоративтік жай-күйін жақсарту бойынша жұмыстарды уақтылы жүргізуі қажет.
 
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі:
 
  • су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарды салу және реконструкциялау бойынша жоспарланған жұмыстардың уақтылы қаржыландырылуын қамтамасыз етуі;
  • 2023 жылғы вегетация кезеңінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өтінімдері бойынша уақытылы су берілуін қамтамасыз етуі;
  • өңірлердегі әкімдіктер мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге алдағы вегетация мерзіміне арналған сулылық болжамын уақтылы жеткізуі қажет.
 
Бұған дейін Қазақстанда 1 млн гектардан астам жер су шығынымен суарылатыны хабарланған болатын.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны