15.08.2022, 16:58 13621

Қазақстанда жылдық бағаның өсуі 15%-ға дейін өсті - Ұлттық Банк

Қазақстанда жылдық бағаның өсуі 15%-ға дейін өсті - Ұлттық Банк
НҰР-СҰЛТАН. 15 ТАМЫЗ - 2022 жылдың шілде айында айлық инфляция 1,1% деңгейінде қалыптасып, бағаның жылдық өсімі 15%-ға дейін жеделдеді, делінген ҚР Ұлттық Банкінің 2022 жылғы шілдедегі инфляциялық үрдістер туралы баяндамасында, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Ұлттық Банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Жылдық инфляцияға үлес қосқан негізгі фактор – азық-түлік тауарлары. Олардың одан әрі өсуі жеміс, көкөніс өнімдеріне баға өсімінің бәсеңдеуімен нивелирленді. Теңге бағамының әлсіреуі азық-түлік емес тауарлар бағасының динамикасына әсер етіп келеді. Ақылы қызметтер арасында, әсіресе, нарықтық қызметтердің динамикасы ерекшеленеді", - делінген хабарламада.

 
Азық-түлік инфляциясы о.ж. шілде айында 19,7%-ға дейін жеделдеді (2022 жылғы маусымда – 19,2%). Ұлттық Банктің мәліметтері бойынша, дүниежүзілік нарықта дәнді дақылдар бағасының өсуі айтарлықтай баяулағанына қарамастан, тоғыз айдан бері ұн, жарма өнеркәсібі өндірушілерінің бидай қорының шектелуіне байланысты нан-тоқаш өнімдері мен жармаға ішкі бағалардың өсу қарқыны жалғасуда. 
 

Шектеулі қант ұсынысымен бірге оған деген сұраныстың артуы қант пен кондитерлік өнімдердің қымбаттауына алып келді. 2021 жылдың шілде айындағы жоғары мәндер есептеуінен шығу – ет өнімдері, май мен тоң май бағасының өсуін тежеуге әсер етті. Азық-түлік тауарларына бағаның одан әрі өсуі жеміс, көкөніс өнімдеріне, атап айтқанда, алма, жүзім, қырыққабат бағасының баяу өсуімен, сәбіз және қызылша бағасының төмендеуімен нивелирленді", - делінген баяндамада.

 
Азық-түлік емес тауарлар бағасының жылдық өсімі 2022 жылдың шілде айында 14,2%-ға (2022 жылғы маусымда – 13,2%) дейін жеделдеді. 
 

Киім мен аяқ киімге, тұрмыстық заттарға, дәрі-дәрмекке, жеке пайдаланылатын тауарларға, жуу және тазалық құралдарына, құрылыс материалдарына бағаның тез өскені байқалды", - деп хабарлайды Ұлттық Банк.

 
Оның мәліметтері бойынша, осы тауарларды тұтынудағы импорттың жоғары үлесін ескерсек, теңге бағамының құнсыздануы мен көлік қызметтерінің қымбаттауы бағаның анағұрлым өсуіне жол берді.
 
Ақылы қызметтердің инфляциясы 2022 жылдың шілде айында 9,2% деңгейінде сақталды.
 

Жаңа оқу жылы басталар алдында орта кәсіптік және жоғары білім беру қызметтері қымбаттады. Мәдениет және демалыс саласында аттракциондардың, кинотеатрлар мен фотографтардың қызметіне баға өсе түсті. Теміржол және әуе тасымалы қызметінің бағасы да айтарлықтай шарықтады. Сонымен қатар, шаштараз бен сұлулық салондарының, қоғамдық тамақтандыру орындарының қызметтік бағасы да көтерілді", - делінген есепте.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны