28.10.2015, 18:54 4781

Doing Business: Қазақстан 41-орынға жайғасты

Қазақстан Doing Business-2016 атты әлемдік рейтингте 12 тармаққа көтеріліп, 41-орынға ие болды

Астана. 28 Қазан. Kazakhstan Today - Қазақстан Doing Business-2016 атты әлемдік рейтингте 12 тармаққа көтеріліп, 41-орынға ие болды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Бизнес жасауға қолайлы елдер рейтингін Дүниежүзілік банк пен Халықаралық қаржы корпорациясы жылда жария етеді. Дүниежүзілік банк пен Халықаралық қаржы корпорациясыныӊ Doing Business немесе бизнес жасауға қолайлы елдер рейтингісін жариялап келе жатқанына 13 жылдыӊ жүзі болды. Осы уақыт ішінде бұл рейтинг әлемдік инвесторлар мен көптеген елдер үшін инвестициялық шешім қабылдауда үлкен рөл атқарып келеді. Қазақстан бұл бағамға 2009 жылдан бері қатысып келеді. Осы 6 жылда еліміз 36 тармаққа көтерілді. Қазіргі 41-орын - солардыӊ ішіндегі еӊ озығы және әлемдегі бәсекеге қабілетті мемлекеттердіӊ еӊ үздік отыздығына енуге қанша қалғандығын білдіретін анық көрсеткіш, деп хабарлайды www.24.kz тілшісі.

2002 жылы, Дүниежүзілік банк осы рейтингті бірінші жариялаған тұста 7 көрсеткішке арқа сүйеген болатын. Ал биыл олардыӊ саны алғаш рет 11-ге жеткізілді. Қазақстан солардыӊ жетеуі бойынша жақсы нәтиже көрсетті. Бізде стартап компанияларына арналған мүмкіндіктер едәуір жақсарған. Бұл оӊды үрдіс тіпті алғашқы жарнасы еӊ аз кәсіп иелері үшін де қарастырылған. "Миноритарлық инвесторларды қорғау" және "Кәсіпорындарды тіркеу" көрсеткіштері бойынша біз тиісінше 39 бен 32-тармақтарын, яғни еӊ жоғарғы өсімді көрсете білдік.

Төлеміс Шотанов, ҚР "Атамекен" ҰКП басқарушы директоры:

- Заӊды тұлғаларға мөрді қолданудыӊ еш қажеттілігі жоқ деген бір ғана талаптыӊ өзі кәсіпкерлік нысандарына 750 млн теӊгені үнемдеуге жол ашты. Ал тіркеу алымдарын алып тастау талабы 70-100 млн теӊгені үнемдеді. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Мұныӊ біздіӊ бизнесмендер үшін практикалық маӊызы ерекше.

Қазақстан әлемдегі еӊ оӊды рефорамалар жүргізілген экономикаға ие елге айналып, бірден 4-тен астам реформаны іске асырған мемлекеттер көшін бастады. Мұндай елдердіӊ саны 12 ғана. Еліміз 7 бағыт бойынша экономикалық өзгерістер жасаған. Олардыӊ 70%-дан астамы бизнесті ашу, жүргізу және жабу кезіндегі бюрократиялық кедергілерді жоюға, сонымен қатар осы әрекеттерді жүзеге асыруға жұмсалатын шығындарды азайтуға бағытталған. Қалған реформалар құқықтық институттарды нығайтуды көздейді. Осы тұрғыда Дүниежүзілік банк Қазақстанда ұсақ-түйек шағымдардыӊ тез арада қаралып, сот үкімдерініӊ орындалуын қадағалау жүйесі заманға сай лайықталғанын атап көрсетуде. Исіресе, банкроттыққа қатысты заӊдар барынша жақсартылған.

Ғалия Жолдыбаева, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту департаментініӊ директоры:

- Қазіргі кезде субұлттық рейтинг деген жаӊалық енгізіп жатырмыз. 8 облыста және Астана, Алматы қалаларында осы рейтингтіӊ жұмысы қалай орындалып жатқандығын 4 индикатор бойынша жүргіземіз.

Илемге ортақ жағдайға келсек, біздіӊ еліміз Дүниежүзілік банктіӊ жаӊа рейтингінде Хорватия мен Венгрияныӊ ортасынан орын алды. Еуроодақтағы Бельгия мен Италияны, сондай-ақ ТМД-ға мүше Армениядан басқа барлық елдерді артқа тастаған. Бұрынғы кеӊестік елдердіӊ арасында Қазақстан 6-орында. Еуразиялық экономикалық одақтағы біздіӊ әріптес елдер мынадай ретпен орналасқан: Армения - 35-ші, Беларусь - 44-ші, Ресей - 51-ші, Қырғызыстан 67-орында. Сингапур 10 жыл қатарынан көш бастап тұр. Бизнес жасауға еӊ қолайлы елдердіӊ қатарына Жаӊа Зеландия, Дания, Оӊтүстік Корея мен Гонконг енген.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны