21.04.2008, 13:36 1626

Есеп комитеті шетелде тұратын отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасының тиімсіз орындалғанын анықтады

Есеп комитеті шетелде тұратын отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасының тиімсіз орындалғанын анықтады

Астана. 21 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - Есеп комитеті Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының тиімділігіне жүргізілген бақылаудың қорытындысы бойынша бағдарламаны іске асыру барысында бюджет заңдары мен басқа да нормативтік құқықтық актілердің бұзылуына жол берілгенін атап өтті, деп хабарлайды агенттік комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Анықталған заң бұзушылықтардың жалпы сомасы 17 млн. теңге болды. Бұдан басқа, 14,9 млн. теңгеге оқу әдебиетін жеткізу бойынша шарттық міндеттемелерін мерзімінде орындамағаны үшін айыппұл санкциялары өндіріп алынбаған. Мемлекеттік сатып алу бойынша 2,5 млн. теңгеге заң талаптары бұзылған.

Есеп комитетінің бағалауынша мемлекеттік бағдарлама жалпы алғанда тиімсіз іске асырылған. Мемлекеттік бағдарламаның іс-шаралар жоспарында көзделген 25 тармақтың 19-ы ғана орындалған. Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуына тиісті мониторингінің болмауына байланысты мемлекеттік бағдарлама оған деп көзделген қаржы көлемінің 26 пайызына ғана қаржыландырылған.

2007 жылы "Шетелдегі диаспоралардың қалыптасу кезеңдері" атты әлеуметтік зерттеулер жүргізілмеген. Почта тарифтерiн өзара төмендетуге және мерзiмдi басылымдар мен кiтап өнiмдерiн шетелде тұратын қазақ диаспорасына жеткiзу жөнiнде жеңiлдiктер беруге бағытталған ТМД-ға мүше елдер аумағында баспа өнiмдерiн тарату үшiн қолайлы жағдай жасалмаған.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті "Шетелде тұратын отандастардың жағдайы және оларды қолдау жөніндегі шараларды іске асыру" атты талдамалық баяндаманы дайындау үшін, 2007 жылы "Дүниежүзi қазақтарының қауымдастығы" республикалық қоғамдық бірлестігіне 1,4 млн. теңге аударған. Іс жүзінде баяндама басқа тақырыпқа дайындалған болып шықты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Түркіменстан Республикасын қоспағанда, ТМД-ға мүше мемлекеттермен азаматтық алудың оңайлатылған тәртібі туралы халықаралық шарттардың жобаларын әзірлемеген.

Шетелде тұратын отандастардың экономикалық әлеуетi мен инвестициялық мүдделерiн ескере отырып, олардың капиталдарын қатыстыра отырып, бiрлескен кәсiпорындар құруға жәрдемдесуге жауапты Индустрия және сауда министрлігі осы шаралардың толыққанды іске асырылуын қамтамасыз етпеген.

Білім және ғылым министрлігі квота аясында республиканың оқу орындарына түскен шетелден келген қазақ диаспорасы студенттерінің оқуына тиісті дәрежеде мониторингі жүргізбеген. Сол себепті, олардың қаншасы оқып жатқандығы туралы нақты деректер жоқ.

2005 жылы шетелге жіберілген 5-сыныпқа арналған 6,3 млн. теңгенің 23039 дана оқу әдебиетінің ҚР елшіліктері алғандығын растайтын еш дерек жоқ, сондай-ақ Қазақстанның оқу орындарына және шетелге 8,2 млн. теңгенің 42851 дана оқу әдебиеті жіберілмеген.

Есеп комитеті Сыртқы істер министрлігіне Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп шетелде тұратын қазақ диаспорасын баспа өнімдерімен, журналдармен кедергісіз қамтамасыз етудің тәртібін оңайлатуға қажетті халықаралық шарттарға талдау жүргізуді ұсынды. Қазақ диаспораларының проблемалары жөнінде атқарылған ғылыми зерттеулердің нәтижелері бойынша оларды іс жүзінде одан әрі қолдану үшін ұсыныстар енгізу қажет. Есеп комитеті Білім және ғылым министрлігіне квота аясында ҚР оқу орындарында шетелден келіп оқып жатқан қазақ диаспорасы студенттерінің оқуына мониторингі жүргізудің тетігін әзірлеуді ұсынды. Индустрия және сауда министрлігіне шетелде тұратын бизнесмен отандастарымыздың инвестициялық жобаларға қатысуы үшін қажетті құқықтық және ұйымдастырушылық жағдайларды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау ұсынылды. Сондай-ақ Есеп комитеті үкіметке шетелде тұратын отандастарды қолдаудың 2009-2013 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іс-шараларын үйлестіріп, іске асыратын жауапты уәкілетті органды белгілеуді ұсынды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны