19.06.2006, 15:04 3536

Қазақстан даму институттарының іс-қызметіндегі бірқатар кемшіліктерді тез арада түзету керек – “Қазына” қорының басшысы

АСТАНА. 19-маусым. Kazakhstan Today. Қазақстан даму институттарының іс-қызметіндегі бірқатар кемшіліктерді тез арада түзету керек. Бұл туралы “Қазына тұрақты даму қоры” АҚ басқармаларының төрағасы Қайрат Келімбетов “Қазына” даму қорының тұрақты дамуды қамтамасыз ету мен Қазақстан экономикасын әртараптандырудағы стратегиялық ролі” атты бас қосу барысында пікір білдірді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Акционерлік қоғам басшысының айтуынша, осы уақыт ішінде анықталған ең үлкен проблемалардың бірі “даму институттарында түрлі жобаларды қарауда субьективті әрі саясиланған көзқарастың көрініс беруі болып отыр”. “Бұл институттар құрылған кезде оларда бірінші кезекте бизнес негіздемесі бар жобалар қаралады деп біз келіскенбіз. Ийтсе де, өкінішке орай 2003-2005-жылдарда қабылданып жүзеге асырылған бірқатар инвестициялық жобаларға мемлекеттік мекемелер тарапынан түрлі деңгейде ықпал жасау оқиғалары байқалған. Орталық және жергілікті деңгейлердің қайсысында болмасын түрлі деңгейде лобби жасалып, тұтастай алғанда бизнестік баға берілмеген”,- деді Қ.Келімбетов.

“Жобаларды мақұлдау процедураларының күрделілігі де” даму институттарының іс-қызметіндегі бір кемшілік болмақ. “Көп жағдайда даму институттары түрлі жобаға аса жоғары талап қояды. Біздің даму институттары бас тартқан кейбір инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға кейде тіпті көптеген шетелдік банктер келісімін берген”,- деді Қ.Келімбетов.

Ол сондай-ақ, түрлі қорлардың қаржыландыру көлемдері арасындағы айырмашылықтарды атап өтті. “Мәселен, шағын кәсіпкерлікті қолдау қоры құны 500 мың доллардан аспайтын жобаларды, бұдан кейінгі орындағы Инвестициялық қор құны 3 млн. доллардан басталатын, ал Қазақстанның даму банкі - құны 5 млн. доллардан асатын жобаларды қаржыландырады. Осы көрсеткіштердің аралығында қалып қоятын көлемдерде қаржы алғысы келетіндер не істеп, кімге барауға тиіс деген үлкен сауал бар”,- деді басқарма бастығы.

Қазақстандағы даму институттарына айрықша тән кемшіліктерге сонымен бірге “даму институттарының жобаларды қараудағы икемсіздігі мен оларды жүзеге асыруға мейлінше жүрді-барды қарауы да” қосылды. Ал шын мәнінде даму институттары оларға мемлекеттік мекемелермен салыстырғанда басқаша көзқараспен қарауға тиіс. “Өткен үш жылдың ішінде функциялардың қайталануы, тіпті даму институттары арасында түрлі клиенттер үшін күрес деректері байқалғаны жасырын емес. Бұл мүлдем қисынға келмейді. Өйткені, олардың әрбіреуінің өзіне қарасты сегменттері мен құрал-тетіктері бар. Соған қарап клиенттер кімнің көмегіне жүгіну керек екенін түсінуге тиіс”,- деді Қ.Келімбетов.

Осыған байланысты қор басшысы “Қазынаны құрудағы бір мақсат – клиенттің қандайбір жалғыз құрылымға келуі үшін “бір терезе” принципін қолдану мақсатында қазіргі бар даму институттарының арасында ақпараттық және қаржылық интеграция орнату болып табылатынын” атап көрсетті. “Даму институттарының жұмысында байқала бастаған кері ағымдарды болдырмау үшін жоғарыда аталған проблемалар бойынша жедел әрі нақты шаралар қолдану қажет”,- деді Қ.Келімбетов.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны