04.12.2009, 16:22 3313

Қазақстан президенті ірі кәсіпорындардың шағын және орта бизнесті қолдау тетіктерін дәйектеуді тапсырды

Қазақстан президенті ірі кәсіпорындардың шағын және орта бизнесті қолдау тетіктерін дәйектеуді тапсырды

Астана. 4 желтоқсан. Kazakhstan Today - Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ірі кәсіпорындардың шағын және орта бизнесті қолдау тетіктерін дәйектеуді тапсырды. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Шетелдік инвесторлар кеңесінің жалпы мәжілісінің қорытындысы бойынша мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Мен үкіметке инвесторлармен бірлесіп, ірі кәсіпорындардың айналасында шағын және орта бизнестің өңдеуші кәсіпорындарын қолдаудың айқын тетіктерін жасауды, оларды тіисті құжаттармен бекітіп, оның орындалуын қатаң қадағалауды тапсырамын. Атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы маған 2010 жылдың бірінші жартысында есеп берілетін болсын", - деді Н. Назарбаев.

Оның айтуынша, осы принциппен "Қазақмыс" корпорациясы жұмыс істеуде, ол "өз кәсіпорнының төңірегінде оның шикізатынан өнімдер шығаратын шағын кәсіпорындар құруда".

Сонымен бірге президент "еліміздің индустриялық-инновациялық серпінді даму бағдарламасының аясында Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшелерімен бірлесе отырып, әртараптандыруға және шикізатты терең өңдеуге бағытталған келешегі бар жобаларды дәйектеуді" тапсырды.

"Осындай әрбір жоба бойынша бірлескен іс-қимылдардың айқын жоспары жасалып, оның нақты мерзімі көрсетіліп, үкіметтен бір адам жауапты болуға тиіс. Үкіметке, Кәрім Мәсімов мырзаның өзіне келесі жылдың бірінші тоқсанында тиісті жұмыстарды жүзеге асыруды, маған шетелдік инвесторлармен бірлесе келісілген жобалардың тізімін бекітуге әкелуді тапсырамын", - деді ол.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы Қазақстандық үлесті арттыруға бағытталған жұмыстарды атқаруды тапсырды. "Үкіметке және "Самұрық - Қазына" қорына келесі жылдың бірінші жартысының аяғына дейін Қазақстанда өнеркәсіптің басымдық берілген салаларында жұмыс істейтін шетелдік компаниялармен Қазақстанның ғылыми-зерттеу институттарын тарта отырып, технологиялық ынтымақтастықтың айқын бағдарламасын жасауды тапсырамын", - деді ол.

"Ірі мұнай өндіруші компанияларға осы мәселе бойынша ынтымақтастыққа шақырамын", - деді Н. Назарбаев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны