23.05.2012, 11:56 3223

Қазақстан жоғары технологиялар саласына инвестициялар тартуда

V Астана экономикалық форумының аясында Қазақстанның жедел дамушы нарықтары мен инвестициялық саясатының даму болжамына арналған сессия өтті. Оның барысында шетелдік инвесторлар республика экономикасына, оның ішінде экономиканың жоғары технологиялық секторына тікелей инвестициялар тартудың перспективасын талқылады.

Астана. 23-мамыр. Kazakhstan Today - Қазақстан жоғары технологиялар саласына инвестициялар тартуда, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

V Астана экономикалық форумының аясында Қазақстанның жедел дамушы нарықтары мен инвестициялық саясатының даму болжамына арналған сессия өтті. Оның барысында шетелдік инвесторлар республика экономикасына, оның ішінде экономиканың жоғары технологиялық секторына тікелей инвестициялар тартудың перспективасын талқылады.

Халықаралық рейтингтерге сәйкес Қазақстан нарығы жедел дамушы елдердің бірі болып табылады. "Қазақстан Қытаймен және Катармен бірге, экономикасы жедел дамып отырған алғашқы үштікке кіріп отыр. Бұл зерттеуді Ernst & Young компаниясы да, біздің инвесторларымыз да қуаттап отыр",- деді вице-премьер Қ.Келімбетов сессияда сөйлеген сөзінде.

Ол сондай-ақ, инвестицияның жан басына шаққандағы көрсеткіші бойынша еліміздің көш басына жақын екенін айтты. Инвесторлар тек минералдық ресурстар нарығына ғана емес, экономиканың жоғары технологиялар секторына да инвестиция салуға мүдделілік білдіріп отыр, оған TeliaSonera және General Electric Transportation сынды жаһандық компаниялардың жұмысы дәлел.

Айта кету керек, Қазақстан инвестиция үшін жайлы ел ғана емес, сонымен бірге ол Кеден одағына кіретін тартымды нарық ретінде және әлемдегі ең қарқынды дамушы нарықтардың бірі саналатын Қытайға іргелес мемлекет ретінде жұртшылықтың назарын аударып отыр.

Сессияға қатысқан шетелдік инвесторлар мен Қазақстанның серіктестері ынтымақтастықты әрі қарай жалғастыруға және республика экономикасына салатын инвестицияларын еселеуге сөз берді.

Атап айтқанда, TeliaSonera компаниясының президенті Ларс Ниберг, өңірдегі көшбасшы нарық атануға Қазақстанның барлық мүмкіндігі бар екенін баса атап көрсетті. "Біздің мұнда келгенімізге 14 жыл болды және біз республикаға инвестиция салуды жалғастыра бермекпіз. Ағымдағы жылы біз 4G технологиясын енгізуді және желінің сапасы үздік болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауды жоспарлап отырмыз",- деді ол.

Ал General Electric Transportation компаниясының президенті Лорензо Симонелли өз компаниясының Қазақстандағы бизнесін дамыту жөніндегі инвестициялық жоспарымен бөлісті. "Біз газ турбинасының құрылысымен айналыспақпыз және локомотивтер құрастыру жоспарымызда бар. Қазақстанды тоғыз жолдың торабы ретінде пайдалана отырып, жергілікті инфрақұрылымды дамытуға көмектесуге ниеттіміз",- деді Л.Симонелли.

Еуропалық қайта құру және даму банкінің Түркия, Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдері бойынша бизнес-тобының директоры Оливье Декамп өз сөзінде Қазақстанның күн санап өсіп отырған инвестициялық мүмкіндігіне тоқталып өтті.

"Қазақстанда реформаларды іске асырудың жаңа сәті туып отыр. Ол -экономиканы әртараптандыру үдерісіне, энергия тиімділігіне басымдық беру және ДСҰ-ға қосылу жоспары. Бұл реформалар сіздердің елдеріңізді инвестициялық тартымдылығын арттыра түсетін болады. Біз 1 млрд. жуық доллар инвестициялап отырмыз",- деді О.Декамп.

Ernst and Young компаниясының Бас операциялық директоры Джон Ферраро да, Қазақстанның шетелдік инвесторлар үшін тартымды екенін айтты. "Сіздер өткен 20 жылдың ішінде жайлы инвестициялық жағдай жасау үшін үлкен жұмыс атқардыңыздар. Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялар тарту үшін біз Қазақстан Үкіметімен жұмысты жалғастыруға ниеттіміз",- деді ол.

Сессияны қорытындылаған вице-премьер Қ.Келімбетов, Елбасы Н.Назарбаев бүгін өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында шетелдік инвесторларды тек минералдық салаға ғана емес, жоғары технологиялар саласына да инвестициялар салуға шақырғанын айтты.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны