06.01.2009, 11:19 1704

Қазақстанның бес облысында білім беру нысандарын салуда 5 млрд теңгеден астам соманың заң бұзушылықтарына жол берілген

Қазақстанның бес облысында білім беру нысандарын салуда 5 млрд теңгеден астам соманың заң бұзушылықтарына жол берілген

Астана. 6 қаңтар. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстанның бес облысында білім беру нысандарын салуда 5 млрд теңгеден астам соманың заң бұзушылықтарына жол берілген, деп хабарлайды агенттік тілшісі Есеп комитетінің баспасөз қызметінің хабарламасына сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, "тексерулер көрсеткендей, Алматы, Атырау, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы бюджеттік бағдарлама әкімшілері білім беру нысандарын салуға және жаңартуға бөлінген бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына тиісті деңгейде бақылау жүргізбей отырғаны анықталды. Соның салдарынан, орын алған заң бұзушылықтар 5 млрд теңгеден асып кеткен".

"Нысаналы трансферттерді пайдалану кезінде күтілген нәтижелерге қол жеткізілген жоқ. Мысалы, үш ауысымда оқитын мектептер саны азаймаған. Қазіргі уақытта, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы 51 мектепте оқушылар үш ауысымда оқиды",- деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Есеп комитетінің хабарлауынша, білім беру нысандары уақытында пайдалануға берілмей келеді. 2006-2008 жылдары Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Атырау облыстарында 75 білім беру нысанының орнына іс жүзінде 33 нысан пайдалануға берілген. Мемлекет пен жеке меншік сектордың серіктестігін реттеу тетігінің жотығына байланысты Алматы қаласында төрт мектеп екеуінің құрылысын салу мерзімі ұзартылса, Оңтүстік Қазақстан облысында 34 мектептің құрылысын толық көлемде бюджет қаражаты есебінен салу қарастырылған.

Хабарламаға сәйкес, нысандарды уақытында пайдалануға беру мерзімдерін бұзудың негізгі себептерінің бірі құрылыс құнының артуы болып отыр. Бірқатар облыстарда мердігерлік ұйымдар құрылыс барысында тапсырыс берушінің келісімімен құрылыс құнын арттыру жағына қарай қайта есептеген. Осы орайда, Статистика агенттігінің деректері бойынша 2008 жылы құрылыс монтаж жұмыстарына және олардың технологиялық құрылым элементтеріне деген баға индексі елеулі өзгермеген болып шықты.

"Мәселен, 2006-2008 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында 21 нысанның құрылыс құны республикалық бюджет есебінен 2,2 млрд. теңгеге арта түскен. Соның ішінде, құрылыстарына 918,1 млн. теңге жұмсалған 4 объектінің құрылысы әлі аяқталмаған. Ағымдағы жылдың бюджетінде аталған объектілердің құрылысын аяқтауға қаражат қарастырылмаған",- делінген хабарламада.

Бақылаудың қорытындысы бойынша алты облыстың 23 нысанда орындалмаған жұмыстар үшін 802,6 млн. теңге төленгені анықталды. Мысалы, Шымкент қаласындағы "Азат" шағын ауданында орта мектептің құрылысы үшін "Казболгарстрой" ЖШС-не төлемдер толық жасалған. Бірақ, нысан қазіргі уақытқа дейін пайдалануға берілмеген.

Осыған байланысты Есеп комитеті үкіметке мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде әлеуметтік-маңызды объектілердің құрылысын жоспарлау мен қаржыландырудың тиімді тетігін әзірлеуді ұсынды. Білім және ғылым министрлігіне инвестициялық жобалардың іске асырылуына мониторингті күшейтіп, облыстық бюджеттерге пайдалануға берілмеген мектептерді ұстауға траснферттер аудару фактілерін тоқтату жөнінде ұсыныстар берілді. Сондай-ақ, білім беру нысандарында оқушылар санының қаншалықты толық екендігіне және іс жүзінде оларға деген өңірлердегі мұқтаждық қандай деңгейде екендігіне тексеру жүргізу жөнінде ұсыныстар берілді.

Есеп комитеті мемлекеттік қаржылық бақылаудың жоғары органы болып табылады, ол республикалық бюджеттің атқарылуына, гранттардың, мемлекет активтерінің, мемлекет кепілдік берген қарыздардың, мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен өз иелігінде қалатын ақшаның пайдаланылуына сыртқы бақылау жасап, бағалау жүргізеді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны