31.05.2007, 16:00 7854

"Қазына" қоры "Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы" бағдарламасын жүзеге асырушы оператор ретінде айқындалды

АСТАНА. 31-мамыр. Kazakhstan Today. "Қазына" тұрақты даму қоры "Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы" бағдарламасын жүзеге асырушы оператор ретінде айқындалды.

Бұл туралы бүгін "Мемлекет пен жеке меншіктің әріптестігі экономиканы дамыту факторы" атты конференцияда "Қазына" тұрақты даму қоры басқармаларының төрағасы Қайрат Келімбетов мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Оператордың басты міндеті - "Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы" бағдарламасын жүзеге асыру, мемлекеттік комиссияның шешімдерін іске асыру, сондай-ақ, оператор ретіндегі функциясын жүзеге асыру үшін жеке меншік компаниялармен және мемлекеттік мекемелермен ықпалдастық орнату, келешегі бар топжарғыш жобаларды қолдауға қатысты нұсқауларды әзірлеу болып табылады.

"Қазына"жеке меншік компаниялар мен мемлекеттік мекемелерден келешегі бар даму бағыттары бойынша алынған ақпараттарды жинақтап, олардың қаржылық-экономикалық және маркетингтік-технологиялық тиімділігіне оперативт ік талдау мен сараптама жүргізеді. Бұдан кейін қор мемлекеттік комиссияға ең келешегі бар бағыттар тұрғысында шешім қабылдауға бағдар береді. Сонымен бірге оператор макродеңгейде нарықтарға кешенді талдау жасап, қазақстандық капиталдың әлемдік нарыққа атсалысу перспективасына баға береді, мемлекеттік бағдарламаға сәйкес айқындалған критерийлерге сәйкес жобаларды іріктейді.

"Қазына" сонымен қатар бағдарламаның жүзеге асырылуына, тараптардың өз міндеттемелерін орындауына мониторинг жүргізіп, жобаға қаржылық-экономикалық сараптама жасайды. Бұдан кейін оператор белгіленген мерзім мен үлгі аясында тиісті қорытынды беруге тиіс. Қор топжарғыш жобаға мемлекет тарапынан қолдау көрсетудің тиімді пакетін дайындап, мемлекеттік комиссияның бекітуіне береді, үкіметке бағдарламаның жүзеге асырылуы туралы тоқсан сайын есеп береді.

Оператордың мемлекеттік органдар мен компаниялардан ақпарат алуға; мемлекеттік және басқа да органдарға ел экономикасын модернизациялау үшін қажетті шаралар жөнінде нұсқаулар беруге; сондай-ақ, ел экономикасының тиімділігі мен бәсекелестік қабілетін көтеруге бағытталған стратегиялық мақсатқа байланысты басқа да өкілеттіліктерді жүзеге асыруға құқылы.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, "Қазына" тұрақты даму қоры - мемлекеттік басқарушы компания, мемлекеттік даму институттарының бірден-бір акционері (Қазақстан даму банкі, Қазақстанның инвестициялық қоры, Ұлттық инновациялық қор, Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры, Маркетингтік-талдамалық зерттеулер орталығы, Қазақстанның инвестицияларға қолдау көрсету орталығы, Экспорттық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы). Компания 2006-жылдың сәуір айында құрылған, мақсаты - республика экономикасының бәсекелестік қабілетін арттыру мен әртараптандыру үшін шикізаттан басқа саладағы инвестициялар мен инновациялық іс-қызметті арттыру.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны