20.01.2010, 11:39 3057

Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасы тиімсіз іске асырылған - Есеп комитеті

Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасы тиімсіз іске асырылған - Есеп комитеті

Астана. 20 қаңтар. Kazakhstan Today - Есеп комитетінің бағалауынша нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасы тиімсіз іске асырылған, деп хабарлайды Kazakhstan Today комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күреске республикалық бюджеттің шығындары 2003-2005 жылдары 1,2 млдр. теңгеден 2006-2008 жылдары 1,8 млрд. теңге дейін өскеніне қарамастан, жағдай түбегейлі жақсарған жоқ. Статистикалық мәліметтер бойынша, 2006 жылғы 1 қаңтарға 53577 нашақор есепте тұрған болса, 2009 жылғы 1 қаңтарға олардың саны 54669-ға дейін жеткен. Бұл ретте 2007 жылмен салыстырғанда 2008 жылы есірткі айналымына қарсы әрекет ету саласында анықталған қылмыстардың саны 10502-ден 10065-ге дейін төмендеген.

Ішкі істер министрлігінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау комитеті бағдарламаның іс-шараларын жоспарлауды, басқаруды, ұйымдастыруды және атқаруды жетілдіру жөнінде шаралар қабылдамаған. Бағдарламаны іске асыруға жауапты мемлекеттік органдардың өзара тиімді іс-қимылдары қамтамасыз етілмеген.

Бағдарлама Қазақстанда нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылдардың біртұтас жүйесін қалыптастыруға ықпал жасамаған. Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күреске мемлекеттік және қоғамдық институттардың күшін жұмылдыру жөнінде шаралар кешені қарастырылмаған. Жоспарланған іс-шаралар жеткілікті дәрежеде пысықталмаған. Бағдарламаны іске асырудың жекелеген мәселелері орындалмай қалған, олардың көбісінің орындалмайтыны алдын ала белгілі болды.

"Шекара-Есірткі" бөгеу жүйесін жасауға бөлінген қаржы тиімсіз пайдаланылған. Қазақстанға есірткі заттарының әкелуіне қарсы әрекет ету мақсатында республикалық маңызы бар жолдарда салынған бекеттер өзара және басқа құқық қорғау құрылымдарымен байланыспаған. Ақпаратпен жедел алмасу ұйымдастырылмаған. Сонымен бірге, 2009 жылы бекеттерді ұстауға 100 млн. теңге жұмсалған.

Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау комитетінде жергілікті бюджеттерден нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күреске бөлінген қаржыға мониторингі ұйымдастырылмаған. Есеп комитетінің бақылау шаралары кезінде 588 млн. теңгенің қаржылық бұзушылықтары, сонын ішінде өздерінің мақсаты бойынша пайдаланылмай отырған 408,6 млн. теңгеге арнайы жабдықтар сатып алу фактілері анықталды.

Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2009-2011 жылдарға арналған бағдарламасына талдау оның алдындағы бағдарламаның кемшіліктері онда сақталып қалғанын көрсетті. Осы ретте 2008 жылы аяқталмаған шаралардың бірқатары жаңа бағдарламада көзделмеген болып шықты. Аймақтарда нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес саласындағы бағдарламалық құжаттар қабылданбаған.

Есеп комитеті үкіметке нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің алдын алу жөнінде қосымша шаралар әзірлеуді ұсынды. Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың жоспарын алғашқы кезекте практикалық іс-шараларды орындауға бағыттау ұсынылды. Сондай-ақ Нашақорлыққа және есірткі бизнесінің алдын алу және оған қарсы әрекет ету жұмыстарын үйлестіру мәселелері жөніндегі комиссияның жұмысында практикалық құрамдас бөлігін арттырудың қажеттігіне назар аудартылды.

Есеп комитеті мемлекеттік қаржылық бақылаудың жоғары органы болып табылады, ол республикалық бюджеттің атқарылуына, гранттардың, мемлекет активтерінің, мемлекет кепілдік берген қарыздардың, мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен өз иелігінде қалатын ақшаның пайдаланылуына сыртқы бақылау жасап, бағалау жүргізеді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны