04.06.2015, 12:33 3990

"Самұрық-Қазына" АҚ мен ЕҚҚжДБ жобалық қаржыландыру механизмі бойынша іске асатын алғашқы келісімге қол қойды

2015 жылдыӊ 3 маусымында Еуропа қайта құру және даму банкі мен "Burnoye Solar - 1" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ("Бурное Солар - 1" ЖШС) Жамбыл облысында қуаты 50 МВт "Бурное" күн электр станциясын салу" жобасын жүзеге асыру жөніндегі Несиелік келісім шартқа қол қойды

Астана. 04 Маусым. Kazakhstan Today - 2015 жылдыӊ 3 маусымында Еуропа қайта құру және даму банкі мен "Burnoye Solar - 1" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ("Бурное Солар - 1" ЖШС) Жамбыл облысында қуаты 50 МВт "Бурное" күн электр станциясын салу" жобасын жүзеге асыру жөніндегі Несиелік келісім шартқа қол қойды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

"Біз бұл күн электр станциясын ағымдағы жылдыӊ маусым айында іске қосуды жоспарлап отырмыз. Аталған жобаны тиянақты іске асыру Қазақстанныӊ оӊтүстік өӊірлеріндегі қуат тапшылығы мәселесін тез арада шешуге септігін тигізеді", - деді "Самұрық-Қазына" АҚ Басқарма Төрағасы Өмірзақ Шөкеев құжатқа қол қою рәсімінде.

Өз кезегінде бизнесті дамыту жөніндегі Бас директор Берік Бейсенғалиев аталған несиелік келісім шарт Қор мен Еуропа қайта құру және даму банкі арасында жобалық қаржыландыру механизмі арқылы іске асатын алғашқы жоба екенін ерекше атап айтты. "Бұл жолы ешбір қосымша кепілсіз, кепілдемелерсіз қаражат тартылып отыр. Еуропа қайта құру және даму банкі бұған дейін Қазақстанда іске асқан жобаларды осындай шартпен қаржыландырып көрген емес. Сол себепті бұл несиелік келісімніӊ біз үшін маӊызы мен мәні ерекше", - деп екпін түсірді ол.

"Еуропа қайта құру және даму банкі Қазақстанда баламалы қуат көздерін пайдалану жобаларын қашан да қолдап келеді. Алайда "Бурное-Солар" жобасыныӊ орны ерекше. Өйткені бұл "жасыл экономикаға" көшу жолындағы жаӊа белес. Бұл Қазақстандағы өндірістік ауқымда қуат беретін алғашқы күн электр станциясы", - деді Еуропа қайта құру және даму банкініӊ президенті сэр Сума Чакрабарти.

Жобаныӊ басты мақсаты электр қуатын экологиялық қауіпсіз тәсілдермен өндіріп, өӊірді жарықпен тұрақты қамтамасыз ету. Аталған жоба Қазақстан Республикасы аумағында жүзеге асқан еӊ ірі жаӊғыртымды қуат көзі болып табылады. Жаӊадан салынған күн электр станциясы жылына 73,18 млн. кВт*сағ. электр қуатын өндіруге қауқарлы.

"Самұрық-Қазына Инвест" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жобаны "Burnoye Solar - 1" серіктестігіне қатысу арқылы британиялық UG Energy Limited компаниясымен бірлесіп жүзеге асырып жатыр. Жобаға жалпы сомасы 128 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылады. Соныӊ 37 миллион доллары "Самұрық-Қазына Инвест" пен UG Energy Limited компанияларыныӊ өз қаражаты болса, 91 млн. АҚШ доллары көлеміндегі қаражат несиеге алынды.

Қазіргі таӊда жобада құрылыс жұмыстары толық тәмамдалған. Бүгінде баламалы қуат көзін "KEGOC" АҚ желілеріне қосу жұмыстары жүріп жатыр.

Жобаныӊ тиянақты әзірленіп, іске қосылуы ҚР Президентініӊ "Қазақстан Республикасыныӊ "Жасыл экономикаға" көшу тұжырымдамасы туралы" 2013 жылдыӊ 30 мамырдағы Жарлығын орындау аясында қоғамға баламалы қуат көздерін ұсыну, Қазақстанныӊ оӊтүстік өӊірлеріндегі электр қуаты тапшылығын жою, сондай-ақ, "Самұрық-Қазына" АҚ компаниялары маӊында шағын және орта бизнесті дамыту туралы Мемлекет басшысыныӊ тапсырмаларын қысқа мерзімде орындауға септігін тигізеді. Оныӊ үстіне "Бурное" күн станциясы электр жарығын тұрақты өндіріп, жоба "ЕХРО-2017" көрмесі қарсаӊында Қазақстан Республикасында жаӊғыртымды қуат көздері саласында табысты жүзеге асқан бастамалардыӊ жарқын мысалы болмақ.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны