26.01.2021, 18:01 11551

Тоқаев импортты ауқымды субсидиялауды тоқтатуды тапсырды

"Триллиондаған бюджет қаражатымен импортты субсидиялауға біздің құқымыз жоқ. Сондықтан бюджет әкімшілері жеке жауапкершілікке тартылады".
Нұр-Сұлтан. 26 қаңтар. Kazakhstan Today - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканың дамуын одан әрі мемлекеттік қолдау жөнінде бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды Kazakhstan Today Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Атап айтқанда, Мемлекет басшысы өнімнің кейбір түрлерінің импортын қолдауға қатысты үлкен бюджеттік инвестициялар туралы айтты.
 

Триллиондаған бюджет қаражатымен импортты субсидиялауға біздің құқымыз жоқ. Сондықтан бюджет әкімшілері жеке жауапкершілікке тартылады", - деп Ақорданың баспасөз қызметі Twitter-де Тоқаевтың сөздерін келтірді.

 
Сондай-ақ, Президент бюджеттен бөлінетін дағдарысқа қарсы маңызды қаражатты пайдаланудың тиімділігіне назар аударды.
 

Мен Үкімет пен әкімдерге сатып алулардағы жергілікті қамтуды ұлғайту жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырдым. Алайда бұл тапсырма қанағаттанарлықсыз орындалуда. 2020 жылдың 9 айында тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді реттеліп сатып алудың жалпы көлемі 12,5 трлн теңгені құрады. Біздің экономикамыз бұл соманың жартысына жуығын ала алмады. Жергілікті тауарлар мен қызметтерге шамамен 6,5 трлн теңге немесе 52% бағытталды", - деді ол.

 
Президенттің ақпараты бойынша, "Жұмыспен қамтудың жол картасы" аясында жергілікті қамтудың үлесі 87% - ды құрады. Жеті өңірде жоспарлы көрсеткіштердің бұзылуына жол берілген.
 

Тағы да атап өткім келеді: қазақстандық қамту үлесін арттыру міндетін ешкім алып тастаған жоқ", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Сонымен қатар, ол биылғы жылы шағын және орта бизнесті қолдау дамудың басымдығы болуы тиіс екенін атап өтті. Пандемия мен карантиндік шектеулер, сауда қатынастарының бұзылуы елдегі іскерлік белсенділікке теріс әсер етті. Көптеген ірі кәсіпорындардың өнімділігі төмендеді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке "Атамекен" Ұлттық Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп бір ай ішінде шағын және орта бизнесті қолдау шараларының кешенін әзірлеуді тапсырды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны