25.01.2007, 13:43 3108

Ұлттық банкке теңгенің нышанын жасауға арналған байқауға 200-ден астам жұмыс түсті

АЛМАТЫ. 25-қаңтар. Kazakhstan Today. Қазіргі уақытта ҚР Ұлттық банкіне теңге нышанының бейнелерімен түрлі нұсқадағы 200-ден астам жұмыс түсті. Бұл туралы Kazakhstan Today тілішісіне Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.

"2007 жылдан бастап теңге шын мәнінде еркін айырбасталатын валюта болады, демек оның өзінің нышаны болуы тиіс. Халықаралық практикада осылай. Сондықтан теңгенің графикалық белгісін жасау жұмысы өзекті мәселе ғана емес, ол - болашаққа ұмтылу. Теңгенің өзіндік бет-әлпеті болады және бұл оның әлемде танымал болуына мүмкіндік береді",- дейді "Қазкоммерцбанк" АҚ директорлар кеңесі төрағасының орынбасары, конкурстық комиссияның төрағасы Дәулет Сембаев.

Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі теңгенің нышанын жасауға арналған байқауды өткен жылғы қараша айында жариялаған болатын. "Ұлттық валютаның графикалық бейнесін енгізу қаржылық құжат айналымын жеңілдетіп қана қоймайды, оның халықаралық аренадағы жай-күйін нығайтады және теңгені әлемдік экономикалық кеңістікте танымал етеді, бұл Қазақстанның ДСҰ-на енуі және біздің республикамыздың дүние жүзіндегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруі үшін маңызы зор", дейді банктегілер.

"Теңге нышаны" байқауы жалпыұлттық, демек оған жасына қарамай кез келген адам қатыса алады. Ең кішісі - 7 жас. Байқаудың шарттары біршама қарапайым. Теңгенің идеограммасын - стильді белгісін жасау керек, ол ықшам және технологиялық сипатта болуы тиіс. Яғни кез-келген тасымалдауышта ұтымды, көлемі өзгерген кезде оқылатын, ақ-қара түспен орындау кезінде анық және көзге жақсы көрінуі тиіс. Оны байқауға қатысушылар графикалық және көркем түспен, А-4 форматында орындай алады және жұмысқа қоса нышан тұжырымдамасының сипаттамасын бірге береді.

Өтінімдерді берудің соңғы мерзімі 2007 жылғы 1 наурыз. Байқау жеңімпазы 22 наурызда жарияланатын болады. Оған жіберілген жұмыстарды арнайы комиссия қарайтын болады, оның құрамына түрлі қызмет саласындағы адамдар кірген.

Байқау "Кәсіби" номинациясымен қоса тағы екі номинация "Халықтық" және "Балаларға арналған" аталыммен өткізіледі. "Кәсіби" номинациясының жеңімпазы ұлттық валюта нышанының "ата-анасы" болып танылады және бас жүлде ретінде ҚР Ұлттық банкі тағайындаған 150 мың теңге мен "Альянс-Банктен" 5000 мың доллар сыйақы алады. "Халықтық" және "Балаларға арналған" номинациялардың "кәсібиден" басты айырмашылығы - бұған өтінімдер қабылданған кезде аса қатты талап қойылмайды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны