24.07.2014, 21:52 4403

Зейнетақы жинақтары бойынша жылдың басынан бергі таза инвестициялық табыс 147,4 млрд. теңгені құрады

Қазіргі уақытта Ұлттық Банк зейнетақы активтерін қабылдау-өткізу шараларын аяқтау қорытындысы бойынша инвестициялық портфельге талдау жасау және оны нарықтық құнға келтіру жөніндегі жұмыстарды жүргізуде.

Алматы. 24 шілде. Kazakhstan today. Зейнетақы жинақтары бойынша жылдың басынан бергі таза инвестициялық табыс 147,4 млрд. теңгені құрады. Бұл туралы "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ 2014 жылғы 6 ай ішіндегі қызмет қорытындысы бойынша хабарламасында мәлімдеді.

АҚ ақпаратына сәйкес, "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ қолданыстағы зейнетақылық заңнамаға сәйкес, міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналарын тартумен айналысады; зейнетақы жинақтарын төлеуді және зейнетақы активтері мен инвестициялық портфельді есептеуді жүзеге асырады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақымен қамсыздандыру туралы барлық шарттар бойынша құқық мирасқоры болып табылады және бұған дейін жеке жинақтаушы зейнетақы қорларына бөлініп кеткен барлық зейнетақы активтерін жинақтайды.

Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару инвестициялық декларацияға сай іске асырылады. Сонымен қатар, инвестициялық шешімдер БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңесінің (консультативтік - кеңесші орган) ұсыныстарына, соның ішінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін орналастыру үшін рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесіне сәйкес қабылданады. Кеңестің дербес құрамын мемлекет басшысы бекіткен.

Қазіргі уақытта Ұлттық Банк зейнетақы активтерін қабылдау-өткізу шараларын аяқтау қорытындысы бойынша инвестициялық портфельге талдау жасау және оны нарықтық құнға келтіру жөніндегі жұмыстарды жүргізуде.

Негізгі көрсеткіштер

Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында БЖЗҚ салымшыларының (алушыларының) шарттардың барлық түрлері бойынша жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) саны 9 947 243 бірлікті, зейнетақы жинақтарының сомасы - 4,18 трлн. теңгені құрады. Жылдың басынан бергі таза инвестициялық табыс - 147,4 млрд. теңге. Зейнетақы төлемдерінің сомасы - 38,8 млрд. теңге.

Өңірлік желі

Салымшыларға ыңғайлы болу үшін БЖЗҚ-да кең ауқымды өңірлік желі құрылған. Бүкіл республика бойынша БЖЗҚ-ның 220 бөлімшесі жұмыс істейді. 2014ж. 1 шілде бойынша БЖЗҚ құрылымына Қазақстанның әрбір облыс орталығында және Астана, Алматы, Жезқазған, Семей қалаларында бір-бірден барлығы18 өңірлік желі кіреді.

Барлық филиалдар мен көптеген қызмет көрсету орталықтары жұмыс күндері таңғы сағат 8-ден кешкі сағат 7-ге дейін үзіліссіз және сенбі күндері таңғы сағат 9-дан түскі сағат 1-ге дейін жұмыс істейді.

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары туралы

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша шарт жасасу жұмыстары жалғасуда. Ағымдағы жылдың 01 шілдесіндегі жағдай бойынша осы санатты салымшылар үшін 252 985 ЖЗШ ашылды. Жылдың басынан бергі МКЗЖ сомасы шамамен 8,8 млрд. теңгені құрады.

Хабарландыру туралы

Зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға ағымдағы жылы өткізілген жинақтаушы зейнетақы қорларының ("Астана", "МұнайГаз-Дем", "Грантум", "Ұлар Үміт" ЖЗҚ және Қазақстан Халық Банкінің ЖЗҚ) салымшыларын (алушыларын) 01.07.2014ж. жылғы жағдай бойынша қосымша хабарландыру өткізетіндігі туралы бұрын да бірнеше рет мәлімделген болатын. ЖЗШ жай-күйі туралы мәліметтерде ЖЗШ-ның БЖЗҚ-да ашылған күнінен басталған ақпарат және 01.01.2013ж. бастап 30.06.2014ж. дейінгі кезеңдегі жарналар мен инвестициялық табыстар туралы тарихи деректер көрсетіледі. Барлығы 2,2 млн. аса салымшыны хабарландыру жоспарлануда. Салымшыларға (алушыларға) зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпарат олардың зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа немесе ақпарат алу тәсілін анықтау туралы келісімге отырған кезде өздері таңдаған әдіс бойынша беріледі.

Сондай-ақ салымшыларға неғұрлым қолжетімді және хабардар болуды қамтамасыз ету, соның ішінде e-gov порталы мен Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚО) арқылы қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. БЖЗҚ-ның салымшылардың зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы инвестициялық табыс есебі көрсетілген ақпаратты электрондық форматта беру мәселесі тиісті министрліктермен және ведомстволармен келісімделіп, ҚР Үкіметіне бекітілуге берілді. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында БЖЗҚ e-gov порталына қосылады деген болжал бар.

БЖЗҚ-ның автоматтандырылған ақпараттық жүйесін e-gov пен ХҚО-ға қосу салымшыларға (алушыларға) жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпаратты толық көлемде (инвестициялық табыс есебімен бірге) Қазақстан бойынша кез-келген ХҚО-дан алу мүмкіндігін береді.

Электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) және смартфондар мен планшеттерге арналған ENPF мобилдік қосымшасы

БЖЗҚ сондай-ақ зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты нақты уақыт тәртібінде алуды жеңілдету бойынша үлкен жұмыс атқарды. Ағымдағы жылдың шілдесінен бастап салымшылар (алушылар) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты интернет арқылы алу үшін, азаматтар ХҚО-лардан электрондық үкімет (e-gov) порталында пайдалану мақсатында алатын ЭЦҚ-ны қолдана алады. Бұл мүмкіндікке Қордың ақпараттық жүйесін Ұлттық куәландыру орталығымен (ҰКО) біріктірген соң ие болдық. ЭЦҚ-ны алу және ол үшін қандай бағдарламалар қажет екендігі туралы ақпаратты ҰКО-ның веб-сайтынан (www.pki.gov.kz ) алуға болады.

БЖЗҚ смартфондар мен планшеттерге арналған Android, iOS және Windows операция жүйесінде жұмыс жасайтын ENPF мобилдік қосымшасын әзірлеп енгізгенін естеріңізге саламыз. Мобилдік қосымша салымшыларға (алушыларға) өз зейнетақы шоттарынан үзінді көшірмелерді он-лайн тәртібінде қарауға, жақын орналасқан филиалмен немесе call-орталықпен байланысуға, сондай-ақ БЖЗҚ туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны