03.07.2006, 16:43 3691

ҚР ҰҚК Ауғанстаннан шығатын үш халықаралық есірткі тасымалы арнасын жойды

АСТАНА. 3-шілде. Kazakhstan Today. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері халықаралық ынтымақтастық шаралары аясында Ауғанстаннан шығатын үш халықаралық есірткі тасымалы арнасын жойды. Бұл жөнінде ҚР ҰҚК баспасөз-қызметі Kazakhstan Today тілшісіне хабарлады.

ҚР ҰҚК ақпаратына сәйкес, Ауғанстаннан Қазақстанға, одан әрі қарай Ресейге шығатын есірткі тасымалы арнасын анықтау мақсатында Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметімен бірлескен операция жүргізілді.
10-маусымда Батыс –Қазақстан облысы Погодаево-Курлим шекарасының шекарашылары Өзбекстан азаматы айдаған «КамАз» автокөлігін тексеру барысында арнайы жабдықталған қоймадан 118 кг героин және 27 кг астам есірткі затын тәркіледі.

ҰҚК қызметкерлері есірткі тасымалы арнасын ұйымдастыруға және есірткі жеткізуге қатысты деген адамдарды анықтау мақсатында ресейлік әріптестерімен бірлесіп Орал-Озинки селосы (Саратов облысы)-Саратов –Тамбов-Рязань-Мәскеу бағыты бойынша бақылауға алынған есірткі тасымалын жүзеге асырды.

Операцияның соңғы кезеңінде «Альфа» арнайы бөлімінің сарбаздары есірткі тасымалын ұйымдастырған қылмыстық топ жетекшісі мен үш мүшесін ұстады. Олардың бәрі Өзбекстан азаматтары.
Сонымен қатар, 19 маусым күні «Сайран» автовокзалында Қырғызстанның екі азаматы ұсталды. Олардың жол сөмкелерінен жалпы салмағы 15 кг апиын салынған 16 қорап және жалпы салмағы 3 кг құрайтын 10 қорап морфий табылды.

Сондай-ақ ҚР ҰҚК қызметкерлері Тәжікстан қауіпсіздік министрлігімен бірлесе отырып Алматыда қылмыстық топты басқаратын Өзбекстан азаматын ұстады. Оны тексеру кезінде тұтынушыға “дәм татып көру” үшін ұсынылмақ болған 12 г апиын табылды. Жедел тергеу әрекеті барысында тұтқынның тұрғылықты жерінен жалпы салмағы 25 кг апиын тәркіленді.

Ұсталғандардың үстінен қылмыстық іс қозғалды.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны