22.08.2006, 10:28 3757

Оңтүстік Қазақстан облысының Ұғам-Сайрам ұлттық табиғи саябағында 43 гектар жердегі өсімдік өртеніп кетті

ШЫМКЕНТ. 22-тамыз. Kazakhstan Today. Оңтүстік Қазақстан облысының Ұғам-Сайрам ұлттық табиғи саябағында 43 гектар жердегі өсімдік өртеніп кетті. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне саябақ директоры Жеңісбек Тұрғанов хабарлады.

Оның айтуынша, 20-тамыз жексенбі күні 15 сағатта сайрам су шатқалында өрт шыққан. Өрт 22 сағат кезінде ауыздықталды. Бірақ осы уақыт ішінде 43 гектар жердегі өсімдік, соның ішінде 30 гектар жердегі арша, итмұрын мен басқа да ағаш-бұталарды жалын жалмап кетті. "Аршалық өсімдіктерді қалпына келтіруге 60-70 жыл керек",- деп кейиді Ж.Тұрғанов.

Өрттің шығуына сол маңда демалып жүрген бір отбасы себепкер болған. "Саябақтың үш бірдей инспекторы оларға отпен ойнамау жөнінде ескерту жасаған. Алайда, 48 жастағы отағасы мұздаққа кеткен кезде оның әйелі алау үстінде тамақ пісіре бастаған. Тамақты асып қойып ұйықтап кеткен секілді, соның салдарынан өзі де өртеніп кете жаздады",- дейді директор.

Инспекторлар бүгін шығынның көлемін анықтайды.

Бұл - ұлттық саябақта тамызда шыққан осымен екінші өрт. Айдың басында бір гектардай жердегі аршалықтар өртеніп кеткен болатын. Өттің шығуына демалушылардың бейқамдығы себеп болған.

Жалпы аумағы 149,53 мың гектаржы құрайтын Ұғам-Сайрам ұлттық табиғи саябағы Батыс Тянь-Шань тауларының баурайында республика үкіметінің 2006-жылғы 26-қаңтардағы қаулысына сәйкес құрылған. Оған Ұғам (Қазығұрт ауданы), Төле би және Түлкібас орман шаруашылықтары қамтылған. Ұлттық саябақта 106 адам жұмыс істейді. 2006-жылы саябақты ұстауға республикалық бюджеттен 42 млн. теңге бөлінді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны