15.08.2006, 17:47 3103

Өскемендік тәртіп сақшылары 22 пәтерді тонаған ұрыны ұстады

ӨСКЕМЕН. 15-тамыз. Kazakhstan Today. Өскемендік тәртіп сақшылары 22 пәтерді тонаған ұрыны ұстады. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне Шығыс Қазақстан облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарлады.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, бұған дейін бірнеше мәрте сотталған 28 жастағы жігіт облыс орталығында кейінгі үш айда осынша ұрлық жасаған.

"Кәнігі қылмыскер көп қабатты үйлердің соңғы қабатындағы үйлерді тонауды кәсіпке айналдырған. Ол осындай үйлерге телевизиялық антенналардың кабелін пайдаланып түсіп отырған. Дене бітімі оған кішкентай желдеткіш арқылы үйге кіруге мүмкіндік берген. Ұры ақша және шағын көлемді бұйымдарды тонайтын болған",- дейді ІІД өкілдері.

Тонаушының кесірінен пәтер қожайындары шеккен шығынның көлемі 2 млн. теңгеден асады.

Тәртіп сақшылары оны ұрланған заттарды сату барысында қолға түсірді. Қазір барлық ұрлық оқиғаларына қатысты жайттар анықталуда.

ІІД қызметкерлері пәтер тонаудан зардап шеккендердің саны бұдан да артық болып шығу мүмкіндігін жоққа шығармайды.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны