06.06.2007, 15:13 2542

Павлодарда екі жылдан бері хабар-ошарсыз кеткен кәсіпкерлердің өліміне қатысты қылмыстық іс әшкереленді

ПАВЛОДАР. 6-маусым. Kazakhstan Today. Павлодарда екі жылға созылған тексерулердің нәтижесінде осы мерзімде хабар-ошарсыз кеткен кәсіпкерлердің өліміне қатысты қылмыстық іс әшкереленді. Бұл туралы Павлодар облыстық ІІД-нің тұлғаға қарсы жасалған аса қауіпті қылмыстарды тексеру жөніндегі бөлім бастығы Асылболат Кәкімов бүгін өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Осы уақыт ішінде екі кәсіпкер де із-түзсіз жоғалғандардың санатында болған. Тергеушілер де, олардың туыстары да олар тірі деп үміттенген еді. Алайда олай болмай шықты",- деді бөлім бастығы. Оның айтуынша, 48 жастағы әріптес екі кәсіпкерге 2005-жылдың мамыр айында іздеу жарияланған. Олар облыс орталығынан Шалдай қарағайлы орманына ағаш партиясын сатып алуға шығып, қайта оралмаған.

Полицияның хабарлауынша, жуырда екі кісіні қатарынан өлтірген және аса ірі көлемдегі ақша тонаған күдікті ретінде "Ертіс орманы" резерватының 28 жастағы қызметкері құрықталды. "Тергеу барысында белгілі болғанындай, орманшы кәсіпкерлерді алдау арқылы ну орманның ішіне қарай апарып, өзінің табельді қаруынан атып өлтіріп, мәйіттерін көміп тастаған",- деді А.Кәкімов. Оның айтуынша, кісілерді өлтіргеннен кейін күдікті олардың 200 мыңнан астам теңгесі мен ұялы телефонын өзі иемденіп, кәсіпкерлер орманға мініп келген көлікті басқа жерге жеткізген.

А.Кәкімовтың айтуынша, қаза тапқандардың мүрдесі Садықащы орман шаруашылығынан орманды күйген ағаштардан тазарту барысында табылды. "Ертіс орманы" резерватының қызметкерінің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің қасақана кісі өлтіру жөніндегі 96-бабы, 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол қазір қылмысын мойындап, тергеу абақтысында отыр. Оперативтік қызметкерлер оның сыбайластары болуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны