26.06.2007, 14:11 2894

Семейде 10 адамды құлдықта ұстаған қылмыстық топ құрықталды

СЕМЕЙ. 26 -маусым. Kazakhstan Today. Семейде 10 адамды құлдықта ұстаған қылмыстық топ құрықталды. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне Семей қалалық ІІБ-ның баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің жетекшісі Елубек Оспановтың айтуына қарағанда, қалалық ІІБ-ның ұйымдасқан қылмыспен күрес бөліміне маусымның басында Семейден 70 шақырым жерде, Шаған ауылының маңындағы тастанды әскери қалашықта белгісіз адамдар қала тұрғындарын күшпен құлдықққа салуда деген шұғыл ақпарат келіп түскен.

Бұл ақпараттан кейін оқиға орнына арнаулы бөлім мен тергеу бөлімінің және ұйымдасқан қылмыспен күрес бөлімінің қызметкерлерінен жасақталған шұғыл топ келіп жетті. "Расында да бір қараусыз қалған үйден біз 10 адамды таптық", - деді Е. Оспанов. Оның хабарлауынша, "әлгі адамдармен әңгіме барысында оларды 30 және 29 жастағы екі ер адамның құлдықта ұстағаны белгілі болды". "Олардың екеуі де бұрын істі болған Семей өңірінің тұрғындары болып шықты", - деді баспасөз хатшысы.

Оның айтуынша, ер адамдар қараусыз қалған әскери қалашықты сатып алған кісімен келісіп, бұзылған ғимараттарды бұзып алуға келіскен. Олар осы мақсатты іске асыру үшін жұмыс күшіне ішімдікке әуес немесе баспанасыз қаңғыбас адамдарды алдап жұмысқа тартқан. Қала көшелерінде әлгіндей адамдарды тауып, оларға белгілі бір ақшаға жұмыс ұсынып, қаланың сыртында ғимарат бұзу керек немесе жиҺазды жеткізіп беру керек деп алдап шақырған. Келіскендерді көлікке отырғызып, қала сыртына, жоғарыда аталған әскери қалашыққа алып кетіп отырған.

"Адамдарды олар лас жерде ұстап, қалған-қүтқан тамақ беріп, арзан қытай арағына тойғызып қоятын болған. Оларды ешқайда жібермеген. Ал үйден қашып кетуге талпынғандарды соққыға жыққан. Сөйтіп, ұрланған адамдар құқық қорғау мекемелерінің көмегіне жүгінуге мүмкіндік таппаған", - деді Е. Оспанов.

Табылған адамдар полицияға арыз жазуға ниет білдірді. Алдын-ала мәліметке сәйкес, олар жылдың басынан бері құлдықта болған. Қазір бір "бригадир" ұсталып, екіншісінің аты-жөні анықталды, оны қолға түсіру шаралары жүзеге асырылуда. Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 128 -бабы (адамдарды алдап тарту және құлдану) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны