24.05.2007, 16:36 2579

Алматыда ЕурАзЭҚ Интеграциялық комитетінің жанындағы денсаулық сақтау жөніндегі кеңестің екінші отырысы өтуде

АЛМАТЫ. 24-мамыр. Kazakhstan Today. Бүгін Алматыда ЕурАзЭҚ Интеграциялық комитетінің жанындағы денсаулық сақтау жөніндегі кеңестің екінші отырысы ашылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Отырысқа кеңес мүшелері мен ЕурАзЭҚ-қа мүше барлық елдер - Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан сарапшылары қатысуда. Кездесуге шақырылғандардың арасында Парламентаралық ассамблея мен ЕурАзЭҚ-тың интеграциялық органдары: хатшылық пен ЕурАзЭҚ жанындағы тұрақты өкілдер комиссиясының өкілдері бар. Кеңес отырысы ҚР денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен өтуде.

Отырыс барысында кеңес төрағасы - РФ денсаулық сақтау министрі Михаил Зурабовтың ұсынысымен оның орынбасары болып ҚР денсаулық сақтау министрі Анатолий Дерновой сайланды. Сонымен бірге кеңестің жауапты хатшысы болып ЕурАзЭҚ Интеграциялық комитеті хатшылығының кеңесшісі Александр Ким сайланды.

Отырысқа қатысушылар ұйымдастыру мәселелерімен қатар медициналық көмектің қол жетімділігі мен сапасын көтеруге, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, ЕурАзЭҚ-қа мүше елдерде жұқпалы аурулардың таралуына қарсы тұру жағдайын жақсартуға, қоғамдастыққа мүше елдердің азаматтарына медициналық көмек алуда бірдей құқықты қамтамасыз ету, медицина мамандарын дайындау мен қайта дайындау жүйесін жетілдіруге бағытталған денсаулық саласындағы интеграциялық мәселелерді талқылайды.

Отырыс барысында сонымен қатар "ЕурАзЭҚ-қа мүше елер халықтарының денсаулығы" және "Телемедицина" атты мемлекетаралық мақсатты бағдарламалардың жобасын жасау, "Орталық Азиялық ынтымақтастық" ұйымының шеңберінде денсаулық сақтау саласында қабылданған халықаралық келісімдерді қоғамдастыққа бейімдеу жөніндегі жобалық ұсыныстарды қарау межеленген. Бұған қоса тараптар ЕурАзЭҚ пен Халықаралық даму қауымдастығы арасында қол қойылған Орталық Азиядағы СПИД-пен күрес жөніндегі грант бойынша міндеттеме жүктеп алу жөніндегі келісімнің жүзеге асырылу барысын талқылайды.

Бұған қоса қоғамдастыққа мүше мемлекеттердегі денсаулық сақтау саласындағы нормативтік-құқықтық базаны үйлестіруге бағытталған ЕурАзЭҚ заңнамалық актілерінің бір типті жобалары жөніндегі мәселені қарау көзделген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны