17.06.2006, 14:39 5834

Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес ұйымының ІІІ саммиті 2010-жылы өтеді

АЛМАТЫ. 17-маусым. Kazakhstan Today. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес ұйымының ІІІ саммиті 2010- жылы өтеді. Бұл туралы Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес ұйымының ІІ саммитінің қорытындысы бойынша қабылданған декларацияда айтылған, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Сонымен бірге декларацияда атап көрсетілгеніндей, 5-қазанды Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес күні деп жариялаға шешім қабылданды. Өйткені, 1992-жылы дәл осы күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас ассамблеясының 47-сессиясында Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөнінде кеңес шақыру туралы идеясын жария еткен болатын.

Сонымен бірге декларацияда лаңкестіктің барлық көріністері мен түр-сипаттары айыпталған. “Біз ғаламдық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің негіздерін қирататын осынау зұлматпен күресу үшін ұлттық, аймақтық және көп жақты негізде өз іс-әрекеттерімізді күшейте түсуге белді бекем будық”,- делінген құжатта. Құжатта атап көрсетілгеніндей, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше елдер БҰҰ-ын реформалауды қолдайды. Бұл жаңалаулар ұйымның қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге толыққанды қарсы тұра алу қабілетін нығайтуға бағытталған. “Біз сондай-ақ БҰҰ бас хатшысының лауазымына ұсынылған Азия өкілінің кандидатурасын қолдаймыз”,- делінген декларацияда.

Форумда қабылданған декларацияда Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес барлық әлем елдерін қарусыздану және қару таратпау саласында өздеріне жүктелген міндеттемелерін мүлтіксіз атқаруға шақырады. “біз әлемнің барлық елдерін халықты жаппай қырып-жоюға арналған қару-жарақтың таралуының алдын алу үшін ынтымақтастық орнатуға шақырамыз”,- делінген құжатта.

Сонымен бірге құжатта “халықтар арасындағы байланысты нығайту мен бірлікке қызмет еткен Ұлы Жібек жолының ғасырлық дәстүрлерін қайта жаңғырту үшін” туризмді дамыту қажеттігі атап көрсетілген.



МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны