16.04.2010, 09:56 1799

Бакиев мінген ұшақ Таразға келіп қонды - ҚР СІМ

Бакиев мінген ұшақ Таразға келіп қонды - ҚР СІМ

Астана. 16 сәуір. Kazakhstan Today - Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев мінген ұшақ кеше Таразға келіп қонды, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР СІМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Оның бұдан кейінгі іс-әрекеттері әзірге белгісіз", - деп хабарлады мекеменің баспасөз хатшысы.

Агенттік тілшісінің хабарлауынша, Тараз әуежайының басшысы әскери жүк ұшағы әуежайға келіп қонғанын растағанымен, бірақ оның ішінде Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев бар екенін растамады. "Мен мұндай ақпаратты білмеймін",- деді ол.

Сондай-ақ, кеше кешке Астана әуежайына Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы қазіргі төрағалығының Қырғызстан жөніндегі арнаулы өкілі Жәнібек Кәрібжанов мінген ұшақ келіп қонды. Арнаулы өкілден әзірге түсініктеме алу мүмкін болмай отыр.

ҚР СІМ хабарлауынша, Қ.Бакиевтің Қазақстанда қанша уақыт болатыны туралы ақпарат белгісіз.

Қырғызстанның уақытша үкіметіндегі ақпарат көзінің хабарлауынша, Қ.Бакиев кеше сағат 19.00 мен 20.00 аралығында бірнеше адаммен бірге ұшаққа мінді. Алдын-ала мәліметке сәйкес, ол Қазақстанға бет алған.

Сондай-ақ, ҚР СІМ кеше хабарлағандай, 15 сәуірде азақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев, АҚШ президенті Барак Обама және Ресей Федерациясының президенті Дмитрий Медведевтің бірлескен күш жігерінің, сондай-ақ ЕҚЫҰ, БҰҰ және ЕО белсенді араағайындық іс-қимылының нәтижесінде Қырғыз Республикасының уақытша үкіметімен және президент Қ.Бакиевпен соңғысының елден шығуы жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Қазіргі кезде Қ.Бакиев Қырғызстан аумағын тастап шықты.

"Бұл елдегі жағдайды реттеу және оны құқықтық кеңістікке қайтару, азаматтық соғысқа жол бермеу жолындағы маңызды қадам болды. Қырғызстанның барлық халқының мүддесі үшін біз барлық саяси күштерді шапшаңырақ тұрақтылықты қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіпті және заңның үстемдігін қалпына келтіруге, ең өткір әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге шақырамыз.

Еуропадағы қаууіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы бұдан былай да Қырғыз Республикасының тезірек саяси дағдарыстан шығуына және одан әрі бейбіт демократиялық даму жолына түсуіне қажетті ықпал етіп, жәрдемдесуге әзір",- делінген ҚР СІМ хабарламасында.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны