26.11.2009, 13:46 2750

Беларусь пен Қазақстан сауда- экономикалық қатынастарды жаңаша деңгейге көтермекші - Лукашенко

Беларусь пен Қазақстан сауда- экономикалық қатынастарды жаңаша деңгейге көтермекші - Лукашенко

Алматы. 26 қараша. Kazakhstan Today - Беларусь пен Қазақстан жалпы құны 3 миллиард доллардан асатын бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыру арқылы сауда- экономикалық қатынастарды жаңаша деңгейге көтермекші. Бұл туралы Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко кеше осы республикаға ресми сапармен келген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today БЕЛТА агенттігіне сілтеме жасап.

А. Лукашенконың айтуынша, екі елдің үкіметі Қазақстанда жүзеге асыралатын бірлескен өндірістер құру жөніндегі 30 жобаны осы сапарға орайластыра дайындау арқылы жақсы тарту жасады. "Бізге оларды тек бекіту қалып отыр", - деді Беларусь президенті.

А. Лукашенконың айтуынша, Қазақстан аумағын Қытай мен Орталық Азия нарығына шығатын аса ірі өнеркәсіптік алаңқай ретінде пайдалануға болады.

Беларусь Республикасының президенті Қазақстан жағымен ынтымақтастыққа қызығушылық білдіріп, екі мемлекеттің игілігі үшін бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендігін білдірді.

БЕЛТА агенттігінің хабарлауынша, 26 қарашада мемлекет басшыларының кең ауқымдағы және жүзбе-жүз кездесулері, сондай-ақ, бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою жоспарланған.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 27 қарашада Минскіде өтетін Еуразиялық экономикалық қоғамдастық (ЕурАзЭҚ) мемлекетаралық кеңесінің мәжілісіне қатысады.

ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесінің кезекті отырысында ұйымның өзекті проблемалары мен даму перспективалары жөніндегі құжаттар топтамасын қабылдау жоспарлануда. Олардың арасында Кеден одағының Біртұтас кедендік тарифі туралы және Кеден одағының Кеден кодексі туралы келісім-шарт бар. Сонымен қатар, ЕурАзЭҚ-тың ортақ сақтандыру нарығын құру туралы құжаттарды және қоғамдастықтың 10 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарын қабылдау көзделіп отыр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны