09.10.2006, 16:14 3329

Демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссия қолданыстағы заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізуді ұсынады

АСТАНА. 9-қазан. Kazakhstan Today. Демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның "Отан" партиясы төрағасының орынбасары, мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева басқарған жұмыс тобы қолданыстағы заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізуді ұсынады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Барлық партиялар дерлік саяси партияларды тіркеу тәртіптерін жеңілдету қажет деген пікірге келді. Олар партияны тіркеуге қажетті қолдар санын 50 мыңнан 25 мыңға дейін азайту қажет деп санайды",- деді Д.Назарбаева.

Сонымен бірге заңнамалық билік органдарын сайлаудың аралас пропорционал-мажоритарлық жүйесін енгізу ұсынылып отыр.

Сондай-ақ, мәжіліс пен мәслихаттардағы партиялық тізімге сәйкес орын иемденген саяси партияларға арналған квотаны жалпы депутаттар санының 50 процентіне дейін көбейту, парламенттегі депутаттар санын 134 адамға дейін көбейту ұсынылуда. Сонымен бірге парламенттегі және мәслихаттардағы партиялық фракциялардың өкілеттілігі аясын кеңейту, "Парламент туралы және оның депутаттары туралы" заңда фракцияның мәртебесі мен оның құрылымын айқындау ұсынылған. Атап айтсақ, фракцияға заң шығаруға бастама көтеру, парламенттің вице-спикері лауазымын сайлауда жеңіске жеткен партияға ұсыну, фракция жетекшілерінің парламент бюросының құрамына ену мүмкіндігін қамтамасыз ету ұсынылған.

Мәслихаттардағы партиялық фракциялардың жергілікті бюджеттер мен аймақтық даму бағдарламаларының қалыптасуы мен орындалуын қадағалау жұмыстарын пәрмендендіру, мәслихаттардың ревизиялық комитеттеріндегі орындардың жартысын партиялық фракциялардлың өкілдеріне беру ұсынылған.

"Жұмыс тобы үкіметті парламенттік көпшіліктің негізінде қалыптастыру және үкіметтегі лауазымдарды партиялық фракциялардың құрамындағы депутаттардың санына парапар тарату жөнінде пікір білдірді",- деді Д.Назарбаева.

Сонымен бірге "пропорционалдық жүйеге сәйкес парламентке өту үшін қазір белгіленген 7 проценттік тосқауылды 5 процентке дейін азайту дұрыс" деп танылған.

Сайлауда тосқауылдан өткен партиялардың іс-қызметін республикалық бюджеттен қаржыландыру тәртібін енгізу; саяси партиялардың іс-қызметін сайлау мерзімінде қаржыландыруға салған шектеуді шетелдік көздерден басқасын алып тастау; атқарушы билік органдарына саяси партиялардың жұмыс жүргізуіне тең мүмкіндіктер принципін сақтау мақсатында қойылатын талаптарты күшейту ұсынылған.

Бұған қоса, еліміздің саяси партиялар жөніндегі заңының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымының стандарттарына сәйкестігіне сарапшылық талдау жүргізіп, оған өзгерістер мен толықтырулар дайындау ұсынылған. "Жұмыс тобы мемлекеттік аппарат пен партиялық аппаратты араластыруға қарсылық білдіреді: орталық және жергілікті атқарушы билік органдарының жетекшілері партиялық құрылымдардағы сайланбалы жетекші лауазымдарға тағайындалмауға тиіс",- деді Д.Назарбаева.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны