25.02.2008, 18:10 3007

Иранның ядролық бағдарламасы тек бейбіт мақсатта жасалған - Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік

Иранның ядролық бағдарламасы тек бейбіт мақсатта жасалған - Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік

Алматы. 25 ақпан. "Қазақстан Бүгін" - Иранның ядролық бағдарламасы тек бейбіт мақсатта жасалғаны Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің 22 ақпанда жарияланған баяндамасында расталды. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ромин Мехмонпараст мәлім етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Оның айтуынша, Иранда жарты жыл бойы жұмыс істеген Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттігі жауап алу қажет деп тапқан алты сұрақ бойынша жауап алып, оны өз баяндамасында жария етті. Атап айтсақ, бұл сұрақтар плутонийге, уранды байытуға бағытталған екі буын центрифугаларына, құрамында болаты мен темірі бар уранға, бір кенішке, сондай-ақ, бір нысандағы ластану көзіне қатысты болған.

"Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттігінің бас хатшысы Мохаммед эль-Барадеидің барлық мәселелер шешімін тапты деп мәлімдеуі Иранға қатысты барлық айыптаулардың негізсіз екенін дәлелдейді. АҚШ өзінің лайықсыз қылықтары мен негізсіз айыптаулары үшін кешірім сұрауға тиіс", - деп санайды Иран елшісі. "Иранның ядролық бағдарламасы тек қана бейбіт мақсатты көздейді, біз қандайбір әскери басқыншылық мақсатты мұрат тұтқан жоқпыз. Онымен шектелмей, біз тек өз елімізде ғана емес, жалпы дүниежүзінде ядролық қарудың жасалуына қарсымыз ", - деді Р. Мехмонпараст.

Иран елшісінің айтуынша, АҚШ Иранның ядролық бағдарламасын елдің дамуына кедергі келтіру мақсатында ғана пайдаланды. "Оған себеп, Иран дамушы елдердің алдында келеді. Біздің еліміз жоғары технологияларға зәру және өзінің бейбіт атомды иемдене алу құқығын қорғауға тиіс", -деп мәлімдеді Иран елшісі. "Ядролық технологияларға ие болу - ел халқының құқығы", - деді ол.

"Американдықтарды ерекше алаңдатып отырған мәселе - біздің басқа елдердің көмегіне жүгінбей-ақ, ядролық жобалармен өз бетімізбен, өз еліміздің жас ғалымдарының күшімен айналысып жатқанымыз болмақ ", - деді Р. Мехмонпараст.

Бұған қоса, елші Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттігінің бас хатшысына қысым көрсетіп, қоқан-лоққы жасау деректері жайлы да құлағдар етті. "Эль-Барадеидің мәлімдеуінше, американдықтар мен израильдықтар одан Иранның ядролық бағдарламасына қатысты өз баяндамасын жария етпеуді талап етіп қорқытқан", - деді дипломат. "М. эль-Барадеидің айтуынша, жұбайың жесір қалсын демесең, олай жасама деп Израильге сапары кезінде оны телефонмен қорқытқан",- деді ол.

Р. Мехмонпараст, сондай-ақ, 10 сәуірде Иранда елдің атом энергиясы мен атом технологиялары саласындағы жетістіктері күнін атап өткелі жатқанын жеткізді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны