27.04.2010, 16:49 7134

Ядролық қаруға ие жеті мемлекет қана ядролық зерттеулер жүргізу құқығын иемденуі қажет - Назарбаев

Ядролық қаруға ие жеті мемлекет қана ядролық зерттеулер жүргізу құқығын иемденуі қажет - Назарбаев

Алматы. 27 сәуір. Kazakhstan Today - Ядролық қаруға ие жеті мемлекет қана ядролық зерттеулер жүргізу құқығын иемденуі қажет. Бұл туралы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Алматыда өтіп жатқан IX Еуразиялық Медиафорумның ашылуында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Қазір дүниежүзінде қолдануға дайын 40 мың ядролық оқтұмсық бар. Біз өмір сүріп жатқан Жерді жойып жіберу үшін оның 20-сы ғана жеткілікті. Бүгінде санкциялар да, басқа шаралар да ешкімді тоқтата алмай отыр. Сол себепті, менің пайымдауымша, барлық ядролық мемлекеттер - қазір ядролық қаруға ие бес мемлекет пен де-факто Пәкістан мен Үндістан кіретін ядролық клуб бір клубқа бірігіп, барлық ядролық мемлекеттер жақтас болуы, бір жаққа шығуы керек. Ал басқалар үшін жаппай тыйым салынуы қажет", - деді Н. Назарбаев.

"Сонымен бірге осынау ядролық қаруы бар мемлекеттер БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі растаған абсолюттік кепілдік беруі қажет", - деді ол.

Елбасының айтуынша, ғаламдық қауіпсіздікті нығайтуда Вашингтонда ядролық қауіпсіздік бойынша ғаламдық саммиттің өткізілуі үлкен мәнге ие. 60 жылдан астам уақыт ішінде тұңғыш рет әлемнің 47 мемлекеті мен халықаралық аса ірі ұйымдарының жетекшілері тұңғыш рет бас қосты. Қазақстан ядролық қаруды таратпау үдерісіне өлшеусіз үлес қосты. Өз аумағындағы ядролық полигонды жапқан тұңғыш ел атанды. Қазақстан зор ядролық қаруға ие болудан бас тартып, әлемдік ядролық державалардың қауіпсіздік кепілдігін алды.

"Біз Вашингтон саммитінде ядролық қаруды таратпау жүйесін нығайтудың жаңа ұсыныстарын енгіздік. Біріншіден, ядролық қарусыздану саласында жаңа халықаралық құжаттарды әзірлеп, қол қоюды ұсындық. Атап айтқанда, бұлар ядролық қаруды таратпау, сондай-ақ ыдыратушы материалдарды әскери мақсатта өндіруге тыйым салу жөніндегі жалпыға ортақ шарттар. Мен, сонымен қатар ғаламдық қауіпсіздіктің ядролық қарусыз әлем жөніндегі жалпыға ортақ декларациясын қабылдау жөнінде бастама көтердім. Қазір біз БҰҰ аясында ядролық қарауға толық тыйым салатын жалпыға ортақ жаңа ғаламдық шартқа қол қоюды ұсынып отырмыз", дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

"Екіншіден, Қазақстан ядролық энергетика саласындағы бағдарламаларға халықаралық бақылауды күшейтуді жақтады. Біз барлық елдердің ядролық энергетикалық зерттеу жүргізуге бірдей құқы бар деп есептейміз. Сонымен қатар, ешкім де бейбіт және әскери ядролық бағдарламалар арасындағы шектен аспауы тиіс. Қазақстан тағы да өз аумағында Халықаралық атом энергиясы агенттігінің аясында Халықаралық ядролық отын банкін орналастыруға дайын екенін растады. Бұған қажетті инфрақұрылым мен мамандар бар. Оның сенімді қорғанысын қамтамасыз ете алады. Үшіншіден, біз жаңа ядролық қарусыз аймақтарды, соның ішінде Таяу Шығыста құруға шақырдық. Мұндай аймақтардағы барлық елдерге әлемдегі державалар тарапынан қауіпсіздіктің берік кепілі мен бейбіт атом саласында жеңілдіктер беру аса маңызды. Төртіншіден, Вашингтон ғаламдық саммитінің миссиясын іске асыруда Қазақстанның үлесі биыл маусым айында Астанада Ядролық лаңкестікке қарсы күрес жөніндегі ғаламдық бастамалар конферециясының өткізілуі болмақ",- деді Қазақстан президенті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны