27.05.2010, 11:23 2851

Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысында көші-қон және демографиялық саясатты жетілдіру мәселесі талқыланды

Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысында көші-қон және демографиялық саясатты жетілдіру мәселесі талқыланды

Астана. 27 мамыр. Kazakhstan Today - Ақордада кеше мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Отырыста Қазақстан Республикасындағы көші-қон және демографиялық саясатты жетілдіру мәселесі, діни экстремизмге қарсы әрекет ету жөніндегі шаралар қаралды.

Күн тәртібі бойынша премьер-министрдің орынбасары Ербол Орынбаев және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Ибдіхалықова, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед баяндама жасады. Сондай-ақ жекелеген мемлекеттік органдар басшыларының демография және көші-қон саласындағы еліміздің президентінің актілері мен тапсырмаларын орындау барысы туралы ақпараттары тыңдалды.

Еліміздің 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жаму жоспарында алға қойылған міндеттерді шешу демографиялық саясатты белсенді және мақсатты түрде жүргізуді талап ететіні атап өтілді.

Осыған байланысты тұрғындардың тууын ынталандыру, мектепке дейінгі және жалпы білім беретін мекемелерде орын жетіспеушілікті қысқарту, өлімді азайту, соның ішіндеана мен нәрестелер өлімін азайту, отбасы мен неке институтын нығайту, қазақстандықтардың өмірінің ұзақтығын арттыру, көшіп-келу саясатын тиімді жүргізу осы саладағы басым бағыттар болып табылады.

Сондай-ақ елге қылмыстық және экстермистік топтардың кіріп кетуінің алдын алу және көші-қон бақылауын күшейту жөніндегі шаралар қаралды.

Президент туындаған ішкі көші-қон мәселесін үкіметтік деңгейде шешу қажеттігіне назар аударды.

Екінші мәселеге қатысты, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда қоғам діннен бөлектенбегенін, сондықтан мемлекет осы саладағы қоғамдық қатынастарды реттеуден қалыс қала алмайтынын атап өтті. Осы ретте, діни сенім қоғамның рухани құндылығын дамыту, қазақстандық патриотизмді, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, діни экстремизмнің алдын алу үшін пайдалануға қажетті орасан гуманитарлық әлеуетке ие және адамгершілік бастауларға негізделетінін ескеру маңызды.

Отырыстың қорытындысы бойынша президент үкіметке және тиісті мемлекеттік органдарға барлық қабылданған шешімді орындауды қамтамасыз ету туралы тапсырма берді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны