04.02.2008, 18:48 2698

Қазақстан "Джексон-Вэник түзетуінің" күшін жою туралы заң жобасы АҚШ әкімшілігі тарапынан қолдау табарына үміт білдіріп отыр

Қазақстан "Джексон-Вэник түзетуінің" күшін жою туралы заң жобасы АҚШ әкімшілігі тарапынан қолдау табарына үміт білдіріп отыр

Астана. 4-ақпан. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі АҚШ әкімшілігі тарапынан "Джексон-Вэник түзетуінің" күшін жою туралы заң жобасы қолдау табарына үміт білдіріп отыр. Бұл туралы бүгін өткен брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев мәлім етті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі америкалық танымал саясаткердің бастамасын қолдайды және ол АҚШ конгрессі мен әкімшілігінде қолдау табатынынан үмітті", - деді Е. Ашықбаев. "Осылайша, "қырғи-қабақ соғыстың" соңғы қалдығы тарих қойнауына сүңгиді", - деп атап көрсетті ол.

Ержан Ашықбаев 29-қаңтар күні АҚШ сенатының ең беделді мүшелерінің бірі Ричард Лугар АҚШ-ның шетел мемлекеттерімен сауда қатынастарына шектеу қоятын АҚШ-ның "Сауда туралы" заңына "Джексон-Вэник түзетуінің" Қазақстанға қатысты күшін жою туралы заң жобасын енгізгендігін еске салып өтті.

Бұл түзету 1974 жылы енгізілген және АҚШ-ның эмиграция еркіндігіне шектеу қойылған елдермен қалыпты сауда қатынастарын орнатуға тыйым салады. Бұл түзету Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін де өз күшін сақтап қалды. Сонымен бірге, Е. Ашықбаев атап көрсеткендей, "азаматтардың еркін жүріп-тұруын қамтамасыз ету бойынша конституциялық нормалар мен халықаралық міндеттемелерді біздің еліміз сөзсіз орындап отыруы себепті Ақ үй жыл сайын Қазақстанға қатысты өзінің түзету күшін уақытша тоқтатып отыру құқын пайдаланып отырды".

Үстіміздегі жылдың басында сенатор Р. Лугар Нанн-Лугар бағдарламасы деген атпен кеңірек танымал болған "Қауіпті бірлесіп қысқарту" бағдарламасының іске асу барысымен танысу мақсатымен Қазақстанда болған еді.

"Бұл жаппай қырып жоятын қару-жарақты жоюға бағытталған бағдарламаның сәтті орындалуы Қазақстан-Америка стратегиялық серіктестігінің негізіне айналып, жаппай қырып жою қаруларын таратпау бойынша жаһандық режимдерді қалыптастыруға қосқан Қазақстанның салмақты үлесі болды", - деді Сыртқы істер министрінің өкілі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны