26.05.2006, 13:47 2899

Қазақстан лаңкестік, экстремизм және есірткі саудасымен күрес саласында Беларусь елімен арадағы байланысты тереңдетуді қолдайды – ҚР бас прокуроры

МИНСК. 26-мамыр. Kazakhstan Today. Қазақстан саяси және экономикалық салада, сондай-ақ, құқықтық ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша, әсіресе лаңкестік, экстремизм және есірткі саудасымен күрес саласында Беларусь елімен арадағы байланысты тереңдетуді қолдайды. Бұл туралы ҚР бас прокуроры Рашид Түсіпбеков 25-мамырда ТМД елдері бас прокуратуралары өкілдерінің Беларусь президенті Александр Лукашенкомен кездесуі барысында мәлімдеді,- деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі мекеменің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сонымен бірге ҚР бас прокуроры кездесуде Қазақстан мен Беларусь арасындағы екі жақты ынтымақтастықтың серпінді дамып келе жатқанына, екі елдің ЕурАзЭҚ пен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының шеңберіндегі етене жақын ықпалдастығына баса назар аударды. Р.Түсіпбеков Беларусь президенті мен осы елдегі әріптестеріне конструктивті әрі меймандос пиғылы үшін ризашылық білдірді.

Беларусь президентінің пайымдауынша, ТМД бас прокурорларының үйлестіру кеңесін құру уақытын тапқан әрі көреген қадам болды. “Қылмыс-қайшылықтар саны өсіп, ол мейлінше қитұрқы сипатқа көшкен, лаңкестік, есірткі саудасы, адам сату, заңсыз қару-жарақ айналымы, заңсыз көші-қон мен басқа да әлеуметтік құбылыстар белең алған қазіргі жағдайда бұл шешімнің дұрыс болғаны дау туғызбаса керек”,- деді А.Лукашенко.

Беларусь президентінің пікірінше, қылмыспен күрес проблемасының жаһандана түскені соншалық, мемлекеттер онымен жеке-жеке күресе алмайтындай күйге жетті. Оларға тек билік құрылымдарының саяси шешімі мен құқық қорғау органдарының тәжірибесі мен біліктілігін біріктіру арқылы ғана қарсы тұруға болады, деп пайымдайды А.Лукашенко.

Кездесу барысында А.Лукашенко ТМД аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды ешбір бұлтарыссыз орындау керек деген пікір білдірді. “Қол жеткен келісімдерді орындауға әрбір жақ үлкен жауапкершілікпен қараған жағдайда ғана кез-келген жақсы ниет нақты жемісін береді. Бұл – ТМД аясындағы үлкен проблема. Біз мемлекет басшылары деңгейінде аса көп құжатттарға қол қоямыз. Ийтсе де өкінішке орай олардың көпшілігі орындалмай жатады”,- деді Беларусь президенті.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны