24.07.2007, 16:53 3208

Қазақстан Республикасы мен Оңтүстік Африка Республикасының дипломатиялық мекемелерінің өкілдері екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады

АСТАНА. 24 - шілде. Kazakhstan Today. Кеше Астанада Қазақстан Республикасы мен Оңтүстік Африка Республикасының сыртқы істер министрліктерінің арасында кеңес өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасай отырып.

Келіссөз барысында Қазақстан жағын сыртқы істер министрінің орынбасары Нұрлан Ермекбаев, Оңтүстік Африка Республикасы жағын Азия және Таяу Шығыс істері жөніндегі министрдің орынбасары Джерри Матжила басқарды.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан Республикасы мен Оңтүстік Африка Республикасы арасындағы екіжақты ынтымақтастықты, атап айтқанда туризм мен тау-кен саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Оңтүстік Африка жағы өздерінің елшілігін үстіміздегі жылдың аяғына дейін Алматыдан Астанаға көшіру шешімі туралы хабарлады. Сондай-ақ Оңтүстік Африка басшылығының Преторияда Қазақстан елшілігін ашу туралы өтініші айтылды.

Дипломаттар сыртқы саясат мекемелерінің басшылары мен олардың орынбасарларының кездесуін тұрақты өткізіп тұру туралы келісімге қол жеткізді, сондай-ақ екіжақты келісімдік-құқықтық қатынастар базасын кеңейту жөніндегі шараларды қабылдады.

Оңтүстік Африка Республикасы Африкадағы экономикалық дамыған елдердің бірі болып табылады. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі бойынша ол әлемнің жетекші индустриалды елдерінің алдыңғы жиырмасының қатарына кіреді. Сондай-ақ әлемде отынға жатпайтын материалдар өндіруде төртінші орынды, алтын, платина тобындағы металлдарды, ванадий , хром және марганец кенін өндіруде жетекші орындарға, ал көмір өндіруде - бесінші, уран өндіруде жетінші орын алады.

Оңтүстік Африка Республикасы - халықаралық және аймақтық саяси және экономикалық бірлестіктердің беделді мүшесі. Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау аясында бұл мемлекет Африка құрлығының атынан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелігіне ұсынылып отыр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны