21.02.2007, 15:45 2882

Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесі таяу жылдарға арналған ұлттық қауіпсіздік стратегиясын бекітті

АСТАНА. 21-ақпан. Kazakhstan Today. Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесі таяу жылдарға арналған ұлттық қауіпсіздік стратегиясын бекітті. Бұл туралы бүгін президенттің басқаруымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысынан кейін өткен брифингте Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Берік Имашев құлағдар етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Қауіпсіздік кеңесінің бүгін өткен отырысында таяу жылдарға арналған ұлттық қауіпсіздік стратегиясы қаралып бекітілді",- деді Б.Имашев.

Оның айтуынша, бұл стратегия "мемлекеттік мекемелерді конструктивті әрі қауіпсіз ішкі және сыртқы орта қалыптастыруға бағытталған белсенді әрекеттерге, Қазақстанның Орталық Азия аймағы мен дүниежүзіндегі мүддесін мемлекеттік мекемелер тарапынан ілгерілетудің қолда бар және болашақ мүмкіндіктерін толық пайдалануға бағдар береді".

Б.Имашевтың айтуынша, "стратегия бірқатар принциптерге сәйкес, соның ішінде ұлттық мүддеге басымдық берілетін басты принцип бойынша жүзеге асырылады". "Стратегия шараларын орындау потенциалдық қатерлерді анықтау мен олардың алдын алуға бағытталады",- деді ол. Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы стратегияның басты принциптеріне "ғаламдық және аймақтық қауіпсіздік жүйелеріне интеграциялану қажеттігін де" қосты.

"Осы стратегияның негізінде таяу уақыттарда президенттің әскери доктрина туралы, қару-жарақты модернизациялау жүйесі туралы және Қазақстанның арнаулы қызметтерін үйлестіру туралы актілері қабылданады",- деді хатшы. Стратегияның орындалуын үкімет Қауіпсіздік кеңесімен бірлесе бақылайды.

Өз кезегінде еліміздің индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақов стратегияның жобасын талқылау шеңберінде жаңа әскери-техникалық саясатты қалыптастыру мәселесі де көтерілгенін атап өтті. Министрдің айтуынша, онда Қазақстанның армиясы мен басқа да күш құрылымдарының қолындағы әскери техниканы жаңалау жайы қарастырылады. "Қару-жарақ пен әскери техниканы жаңалау, жаңасын сатып алу, бұл процесске еліміздің қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің кәсіпорындарын тарту көзделінген",- деді ол. Ғ.Оразбақовтың айтуынша, осы мәселелердің аясында сонымен бірге Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтуіне қатысты келіссөздердің барысы да талқыланған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны