05.12.2025, 02:52 17536
Қазақстан диалогты нығайтуды және ЕҚЫҰ-ның негізін қалаушы қағидаттарын ұстануды жақтады
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінің 32-ші отырысына қатысты, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Кездесуге қатысушылар Финляндия төрағалығының нәтижелерін қарастырды, ЕҚЫҰ өңіріндегі негізгі қауіпсіздік мәселелерін бағалап, пікір алмасты және Ұйымның институционалдық мәселелерін шешу жолдарын талқылады.
Өз сөзінде Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы Хельсинки қорытынды актісі мен Астана декларациясының мерейтойлары ЕҚЫҰ-ның негізін қалаушы қағидаттарының өзектілігін айқын көрсететінін атап өтті. Оның пікірінше, халықаралық қауымдастықтың міндеті - бұл қағидаттарды қайта қарау емес, оларды бірізді сақтауға саяси ерік-жігер таныту. Ол Ұйымның алдын алу, медиация және мониторинг салаларында бірегей құралдары бар екенін айтып, оларды тиімді пайдалануға шақырды.
Е.Көшербаев қақтығыстардың орнына дипломатияны таңдау қажеттілігіне назар аударды. Ол Қазақстанның дағдарыстарды, оның ішінде Украинадағы, Таяу Шығыстағы және басқа да өңірлердегі жағдайды қоса алғанда халықаралық құқыққа негізделген дипломатиялық жолмен шешуді жақтайтынын жеткізді. Осы тұрғыда ол Әзербайжан мен Армения арасындағы Бейбітшілік декларациясына қол қойылуын, сондай-ақ Орталық Азия елдері арасындағы шекара мәселелерін шешудегі прогресті құптады.
Министр Орталық Азияның жаһандық процестерге белсенді қатысатын біртұтас және конструктивті өңірге айналып келе жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ Ауғанстандағы тұрақтылық пен орнықты дамудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Осыған байланысты ол Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығын құрудың маңыздылығына тоқталып, бұл өңірлік ынтымақтастықты нығайтудың практикалық құралына айналатынын атап өтті.
ЕҚЫҰ-ның экономика және қоршаған орта өлшеміне қатысты Министр өзара байланыстықты, жасыл экономиканы дамыту және өңірлік экологиялық тұрақтылығын арттыру бойынша күш-жігерді күшейту қажеттілігін атап өтті. Негізгі сын-тегеуріндердің қатарында Арал мен Каспий теңіздерінің тартылуы, климаттың өзгеруі, шөлейттену және су тапшылығы мәселелері аталды. Қазақстан 2026 жылғы сәуірде Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммитті қоса алғанда осы салалардағы шешімдерді белсенді түрде ілгерілетуді көздейді.
Сонымен қоса СІМ басшысы ЕҚЫҰ-ның адами өлшемі аясында Қазақстанның адам құқықтарын, демократияны, заң үстемдігін және гендер теңдігін ілгерілетуге деген міндеттемесін растады әрі елде жүзеге асырылып жатқан ауқымды демократиялық реформалармен таныстырды.
Сөз соңында ол Қазақстан қауіпсіздік саласындағы диалог пен ынтымақтастық үшін бірегей, инклюзивті платформа ретінде ЕҚЫҰ-ны нығайту үшін Швейцарияның алдағы төрағалығымен және барлық мүше мемлекеттермен белсенді түрде өзара іс-қимылды жалғастыратынына сендірді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
05.12.2025, 10:04 1601
Қазақстан Сыртқы істер министрі ЕҚЫҰ басшылығымен кездесулер өткізді
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 32-ші отырысы аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев ЕҚЫҰ негізгі институттарының басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Қазақстан СІМ басшысы ЕҚЫҰ Бас хатшысы Феридун Синирлиоглумен, Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюроның (ДИАҚБ) директоры Мария Телалианмен, ЕҚЫҰ БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі өкілі Ян Братумен, сондай-ақ Аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссары Кристофор Камппен кездесті.
ЕҚЫҰ Бас хатшысымен келіссөздер барысында Е.Көшербаев Қазақстанның Ұйыммен ынтымақтастығының стратегиялық сипатын атап өтіп, ЕҚЫҰ шеңберінде жан-жақты ынтымақтастықты дамыту Қазақстанның сыртқы саясаты басымдықтарының бірі екенін айтты.
Тараптар ЕҚЫҰ-ның саяси-әскери, экономика-экологиялық және гуманитарлық өлшемдері шеңберінде өңірлік қауіпсіздікті нығайту, практикалық өзара іс-қимылды кеңейту және бастамаларды бірлесіп жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
ЕҚЫҰ Аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссары К.Камппен кездесу барысында Министр этникалық әртүрлілік мәселелерін қозғап, Қазақстанның этносаралық үйлесімділікті қамтамасыз етудегі бірегей тәжірибесін атап өтті.
Біз әртүрлі қоғам - бұл күш деген көзқарасты қолдаймыз. Қазақстан түрлі қауымдастықтардың бейбіт қатар өмір сүруінің және этносаралық ынтымақтастығының айқын үлгісі. Көптеген жағдайларда этникалық әртүрлілік қауіп факторы ретінде қарастырылса, біз үшін бұл ұлттық қазына және стратегиялық артықшылық" - деп мәлімдеді ол.
М.Телалиан және Я.Братумен келіссөздер барысында демократиялық даму, құқық үстемдігі, БАҚ бостандығы, адам құқықтарын қорғау және азаматтық қоғам институттарын нығайту мәселелері талқыланды.
Өз тарапынан ЕҚЫҰ өкілдері Қазақстанның сындарлы рөлін жоғары бағалап, практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, оның ішінде адам құқықтарының, медиа бостандығының өзекті мәселелері және инклюзивті қоғамдық процестерді қамтамасыз етуге қызығушылық білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты диалогты қолдауға және ЕҚЫҰ күн тәртібінің басым бағыттары бойынша серіктестікті дамытуға дайындықтарын растады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
05.12.2025, 09:01 631
Венада Орталық Азия және Солтүстік Еуропа елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтті
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 32-ші отырысы аясында өткен Орталық Азия және Солтүстік Еуропа елдері сыртқы саяси ведомстволар басшыларының кездесуіне қатысты, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Өңірлік іс-шараға Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Дания, Исландия, Норвегия, Финляндия және Швеция өкілдері қатысты.
Тараптар Орталық Азия мен Солтүстік Еуропа елдері арасындағы экономика, экология, көлік-логистика, білім, инновация салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін және өңірлік серіктестікті нығайту мүмкіндіктерін талқылады.
Е.Көшербаев өз сөзінде Орталық Азиядағы өңірлік интеграцияны тереңдету мәселесіне тоқталып, Солтүстік Еуропа елдерімен екіжақты және өңірлік деңгейдегі өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту әлеуетіне назар аударды.
Кездесу қорытындысы бойынша "Орталық Азия - Солтүстік Еуропа" диалогын одан әрі дамытуға дайындық расталып, тұрақты байланыстар мен ортақ мүдделерге сәйкес негізгі бағыттар бойынша тәжірибе алмасудың маңыздылығы аталып өтті. Қазақстан орнықты даму мен өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында бірлескен күш-жігердің маңызын атап, серіктестікті нығайтуға бейілді екенін білдірді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
05.12.2025, 08:57 846
Қазақстан СІМ басшысы ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінің 32-ші отырысы аясында Нидерланд Корольдігі, Кипр Республикасы, Аустрия Республикасы, Германия Федеративтік Республикасы, Грекия Республикасы мен Грузияның сыртқы саяси ведомстволарының басшыларымен кездесулер өткізді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттары, саяси диалогты қолдау, сауда-инвестициялық серіктестікті кеңейту, ЕҚЫҰ және басқа да көпжақты алаңдардағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Нидерланд Сыртқы істер министрі Давид Ван Веелмен кездесу Қазақстан мен Нидерланд арасындағы сауда-экономикалық серіктестікті нығайту жолдарын қарастыруға және жаңа әлеуетті бағыттарды анықтауға мүмкіндік берді. Екі ел сыртқы істер министрлері барлық деңгейдегі саяси диалог пен екіжақты байланыстарды дамытуға өзара мүддені растады.
Кипр сыртқы саяси ведомствосының басшысы Константинос Комбоспен қазақ-кипр саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығының қазіргі күйі мен келешегі талқыланды. Тараптар сындарлы диалогты жалғастырып, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өзара бейілділікті растады.
Аустрияның Еуропа және халықаралық істер федералдық министрі Беате Майнль-Райзингермен кездесуде қазақ-аустрия қарым-қатынастарының қазіргі жағдайы мен келешегі, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Екіжақты диалог пен экономикалық ынтымақтастықты Үкіметаралық комиссия мен Іскер кеңес арқылы ілгерілетудің маңыздылығы аталып өтті.
Германия Федералдық сыртқы істер министрі Йоханн Вадефулмен кездесу барысында тараптар сімаралық консультациялардың нәтижелерін жоғары бағалап, қазақ-герман жан-жақты байланыстарының зор болашағын атап өтті. Министрлер тұрақты байланысты қолдап, ведомствоаралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілік танытып, Астана мен Берлин арасындағы барлық саладағы ықпалдастықты тереңдетуге келісті.
Грекия Сыртқы істер министрі Георгиос Герапетритиспен өткен келіссөздер барысында тараптар қазақ-грек қатынастарының қазіргі жағдайын мен оларды тереңдету әлеуетін талқылады. Саяси саладағы өзара іс-қимылдың динамикасына, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық бағыттардағы серіктестікті кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Грузия Сыртқы істер министрі Мака Бочоришвилимен екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелері талқыланып, саяси диалогты тереңдетуге, сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға бейілділік расталды. Әсіресе Транскаспий халықаралық көлік бағыты шеңберіндегі өзара іс-қимылды кеңейту және өңірдің транзиттік әлеуетін арттыру бойынша бірлескен шараларға баса назар аударылды.
Кездесулердің қорытындысы бойынша сыртқы саяси ведомстволардың басшылары жан-жақты серіктестікті одан әрі дамытуға, ведомствоаралық байланыстарды нығайтуға және халықаралық әрі өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ортақ көзқарастарды ілгерілетуге ниетті екенін білдірді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
04.12.2025, 23:47 17971
Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулы Қытайдың Цзяңси провинциясының Сыртқы істер канцеляриясы басшылығымен кездесті
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Нұрлан Аққошқаров Цзяңси провинциясы Халық үкіметінің Сыртқы істер канцелярия директорының орынбасары Ли Юйцянмен кездесті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Келіссөздер барысында тараптар өзара ынтымақтастықтың қазіргі деңгейін талқылап, өңіраралық байланыстарды одан әрі нығайту перспективаларын, сауда-экономикалық және көлік-логистикалық серіктестікті дамыту бағыттарын, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық алмасуларды кеңейту мәселелерін қарастырды. Кездесу барысында Цзяңси провинциясынан Қазақстанға инвестиция тарту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Ли Юйцян Цзяңси провинциясы мен Алматы облысы арасында достық қатынастар орнату туралы ниет хатының қабылданғанын ризашылықпен атап өтіп, екі өңірдің әкімшілік орталықтары - Наньчан және Қонаев қалалары арасында бауырластық байланыстар орнату туралы келісімнің жақын арада қол қойылатынына сенім білдірді.
Іскерлік байланыстарды жандандыру мақсатында Цзяңси провинциясының өкілдері шетелде инфрақұрылымдық және құрылыс жобаларын іске асыруда елеулі тәжірибесі бар, Қытайдың ең ірі 500 кәсіпорнының қатарына кіретін Jiangxi Construction Engineering (Group) мемлекеттік корпорациясын таныстырды.
Кездесу қорытындысында Қазақстанның Шаңхайдағы Бас консулдығы мен Цзяңси провинциясының Сыртқы істер канцеляриясы арасындағы жұмыс байланыстарын күшейту, әлеуеті бар өңіраралық бастамаларды бірлесе ілгерілету және екі елдің іскер топтары арасындағы өзара іс-қимылды тереңдету жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Цзяңси провинциясы Қазақстан үшін белсенді сауда-экономикалық серіктес болып табылады және түрлі бірлескен өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруға қатысып келеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша провинцияның жалпы аймақтық өнімі 471,8 млрд АҚШ долларын құрап, Қытай өңірлері арасында 15-орынға ие болды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
04.12.2025, 22:43 20031
Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Израиль Елшісін қабылдады
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Израиль Мемлекетінің Елшісі Йоав Быстрицкиді қабылдады, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективалары мен алдағы биік және жоғары деңгейде жоспарланған іс-шаралар кестесі талқыланды.
Сонымен қатар тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
04.12.2025, 21:39 18481
Қазақстан "Даму үшін көрсетілетін қызметтер саудасы" бастамасы бойынша Конференцияға қатысты
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдігі бүгін Женевадағы ДСҰ штаб-пәтерінде басталған екі күндік Trade in Services for Development ("Даму үшін көрсетілетін қызметтер саудасы") конференциясының ашылуына қатысты, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Іс-шараны ДСҰ Бас директоры Нгози Оконджо-Ивеала ресми түрде ашып, көрсетілетін қызметтер саудасының жаһандық экономикалық өсудің негізгі қозғаушы күштерінің бірі екенін және дамушы елдердің қатысуын кеңейту үшін ерекше көңіл бөлуді қажет ететінін атап өтті.
2024 жылғы қыркүйекте өткен ДСҰ Қоғамдық форумында іске қосылған "Даму үшін көрсетілетін қызметтер саудасы" бастамасы - ДСҰ мен Дүниежүзілік банктің бірлескен бағдарламасы. Ол дамушы экономикалардың көрсетілетін қызметтер саудасы саласындағы әлеуетін арттыруға және техникалық көмек көрсетуге бағытталған.
Көрсетілетін қызметтер саудасы әлемдік экономиканың ең серпінді дамып келе жатқан сегменттерінің бірі болып табылады. Көрсеілетін қызметтердің үлесі әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 65%-ын және жаһандық жұмыспен қамтудың 50%-дан астамын құрайды. ДСҰ деректеріне сәйкес, 2024 жылы коммерциялық қызметтер саудасының көлемі 7,5 трлн АҚШ долларынан асты. Бұл көрсе ілетін қызметтер секторын әлемдік сауданың ең ірі және ең жылдам өсіп келе жатқан құрамдас бөлігіне айналдырады. Бұл үрдістер көрсетілетін қызметтер саласындағы жаһандық құн тізбектеріне қатысуды арттыруға ұмтылатын елдерді қолдаудың маңыздылығын көрсетеді.
2025 жылғы 3-4 желтоқсанда өтетін конференция барысында ДСҰ Хатшылығы мен Дүниежүзілік банк бастама аясында әзірленген немесе жаңартылған жаңа құралдарды, талдамалық материалдарды және бағдарламаларды таныстыруда. Қатысушылар олардың практикалық қолданылуын, дамушы мемлекеттердің қажеттіліктерін, оңтайлы қолдау тетіктерін және ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылауда.
Іс-шараға үкімет өкілдері, халықаралық ұйымдар, жеке сектор және сарапшылар қауымдастығы қатысып, үздік практикаларды талқылауда және бірлескен жұмысты күшейту жолдарын қарастыруда.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
04.12.2025, 21:08 22381
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Антониу Кошта бірлескен мәлімдеме жасады
Сурет: Akorda
Достарға айту
Мемлекет басшысы Еуропалық Кеңес Президентімен өте нәтижелі келіссөз жүргізілгеніне, кездесу емен-жарқын, достық рәуіште әрі конструктивті сипатта өткеніне тоқталды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
- Қазақстан мен Еуропа Одағын өзара сенім мен түсіністікке негізделген жан-жақты ынтымақтастық байланыстырады. Біз көптеген мәселені қарастырып, серіктестігімізді жаңа әрі сапалы деңгейге шығаруға ниетті екенімізді растадық. Әлгінде айтқанымдай, Президент Антониу Коштаның елімізге сапары Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімнің 10 жылдығы қарсаңында өтіп отыр. Қазақстан - Орталық Азия елдерінің ішінде "жаңа буын" келісіміне қол қойып, ратификациялаған алғашқы ел. Бұл маңызды құжат екіжақты қарым-қатынастың өрбуіне негіз қалап, сауда, инвестиция, инфрақұрылым, инновация, мәдениет салалары секілді өзара ықпалдастықтың барлық басты бағыттарын қамтыған, - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президентінің айтуынша, талқылауға арқау болған негізгі тақырып - экономикалық ынтымақтастық.
- Бүгін біз сауда-инвестициялық байланыстарды одан әрі арттыруға және әртараптандыруға уағдаластық. Қазақстан алдағы уақытта да еуропалық бизнес өкілдеріне тұрақты әрі ашық инвестициялық климат қалыптастыруды жалғастыра береді. Энергия тиімділігі, аса маңызды минералдар, цифрлық технология және көлік байланысы секілді салаларда ынтымақтастыққа мүмкіндік мол, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы келіссөз барысында көлік-логистика қатынастарын нығайту жолы, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға бірлесе күш-жігер жұмылдыру мәселесі қарастырылғанын атап өтті.
- Бұл ретте Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы үйлестіру платформасының жұмысын, сондай-ақ ЕО-ның "Global Gateway ("Жаһандық қақпа") бастамасын құптаймыз. Қазақстан Еуропа Одағының Орталық Азия елдеріне арналған 12 миллиард еуро көлеміндегі инвестициялық пакетіне қолдау білдіреді. Бұл қаржы көлік, шикізат ресурстары, "жасыл" энергетика және цифрлық технология жобаларын іске қосуға бағытталады. Бірлескен күш-жігер арқылы Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі басты көлік тораптарының біріне айналдыра алатынымызға сенімдіміз. Бұл барлық тарапқа да пайдалы. Бұдан бөлек, біз энергетикалық қауіпсіздік пен энергия ресурстарының тұрақты жеткізілімін қамтамасыз ету мүмкіндіктерін талқыладық. Энергетикалық серіктестіктің тың бағыттарында, атап айтқанда, аса маңызды минералдар, атом энергетикасы, мұнай химиясы, сондай-ақ жаңартылатын қуат көздері салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаластық. Мақсатымыз - шикізат жеткізіп қана қоймай, Еуроодақ стандарттарына сай табиғи ресурстарды терең өңдейтін жергілікті өндірістерді дамыту, қосылған құны жоғары өнім шығару және қалдықтарды өңдеу арқылы Қазақстанның еуропалық жеткізу тізбегімен интеграциясын күшейту, - деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөз барысында цифрландыру бағытындағы ықпалдастықты арттыруға айрықша мән берілгенін жеткізді.
- Қазақстан мен Еуропа Одағы өзара тәжірибе алмасу және технологияларға инвестиция салу арқылы анағұрлым инклюзивті әрі заманауи цифрлық экономиканы құруға кірісті. Елдеріміз Team Europe Initiative on Digital Connectivity ("Еуропа командасының" цифрлық байланыс жөніндегі бастамасы) аясында жерсерік арқылы интернетке қауіпсіз қосылу, әсіресе, ауылдар мен шалғай елді мекендердің ғаламторға қол жеткізуі бойынша әріптестікті жолға қойды. Сондай-ақ Орталық Азия мен Еуропа Одағының алғашқы инновациялық кампусын Astana Hub аумағында орналастыру мүмкіндігін қарастыруға келістік. Бұл стартаптар, технология зерттеушілері және цифрлық сала кәсіпкерлері бас қосатын алаң болмақ. Қазақстан Еуропа Одағының дүние жүзінде қауіпсіз әрі сенімді цифрлық байланысты қамтамасыз етуге бағытталған Horizon Europe бағдарламасы мен Global Gateway тұжырымдамасын жоғары бағалайды. Біз осы үдеріске белсенді атсалысқанымызды мақтан тұтамыз, - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ ұзақмерзімді әрі табысты серіктестік үшін адамдар арасындағы байланысты нығайтудың маңызы зор екеніне назар аударылды.
- Білім, ғылым және академиялық ұтқырлық салаларында бізге ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқан Еуропа Одағына ризашылығымды білдіремін. Мыңдаған қазақстандық жастар ЕО бағдарламаларына қатысып, соның ішінде Erasmus+ аясында білім алып жатыр. Еуропа Одағы осындай байланыстарды одан әрі кеңейтуге бейіл. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Қазақстан университеттер арасындағы серіктестікті тереңдету, бірлескен бағдарламаларды іске асыру және біліктілік деңгейін өзара мойындау арқылы жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға әзір. Сонымен қатар азаматтарымыз үшін визалық рәсімдерді жеңілдету бойынша Еуропа Одағындағы серіктестермен ықпалдастық жалғасады деп үміттенеміз. Өзара барыс-келісті оңтайландыру білім, ғылым және мәдениет салаларындағы байланыстарымызды кеңейтуге, іскерлік белсенділікті жандандыруға оң септігін тигізетініне сенімдімін, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан мен Еуропа Одағы БҰҰ Жарғысын және халықаралық құқық нормаларын сақтауға әрдайым бейіл екенін тағы да растады.
- Өңірлер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесіне баса мән берілді. Бұл орайда "Орталық Азия - Еуропа Одағы" диалог платформасы өзара байланыс, сауда, көлік, экологиялық таза энергия, су ресурстарын басқару және цифрлық трансформация салаларындағы маңызды міндеттерді шешуде тиімді құралға айналды деп санаймыз. Бүгінгі кездесу серіктестігіміз жаңа кезеңге қадам басып, стратегиялық маңызға ие бола бастағанын айғақтады. Өзара ынтымақтастығымыздың қарқыны жоғары, келешегі зор. Қол жеткізілген уағдаластықтар көп ұзамай нақты жобалар мен бастамаларға ұласады деп сенемін, - деді Мемлекет басшысы.
Антониу Кошта Еуропа Одағы мен Қазақстанның серіктестігі нақты нәтиже беріп отырғанына назар аударды.
- Осы аптада Брюссельде визалық режимді жеңілдету жөніндегі келіссөзді бастадық. Бұл уағдаластық Қазақстан мен Еуропа азаматтары үшін өте маңызды екенін жақсы түсінемін. Келісімге қол қойылғаннан кейін азаматтарымыздың барыс-келісі, алыс-берісі жиілеп, білім алып, жұмыс істеуіне оңтайлы жағдай туады. Бұл халықтарымыз арасындағы достықтың нағыз символына айналады, - деді ол.
Еуропалық Кеңес басшысы Самарқанд қаласында өткен "Еуропа Одағы - Орталық Азия" саммитінің нәтижесінде өңіраралық серіктестікті стратегиялық деңгейге жеткізу туралы шешім қабылданғанын атап өтті. Алқалы жиында көлік, энергетика, климат, су ресурстары, аса маңызды шикізат материалдары, цифрландыру және халықтар арасындағы байланысты кеңейту ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде белгіленгенін еске салды.
Сондай-ақ Антониу Кошта халықаралық тәртіпке қауіп төндірген жаһандық шиеленістер мен қақтығыстар кезеңінде күш-жігерді ортақ мақсатқа жұмылдыру маңызды екеніне тоқталды.
- Өздеріңізге белгілі, Еуропа Одағы соғысты тоқтату үшін Украинамен тығыз қарым-қатынас жасайды. Біз серіктестерімізбен бірге Украинада әділетті және мызғымас бейбітшілік орнату ұстанымын әрдайым қолдаймыз. БҰҰ Жарғысын және халықаралық құқық қағидаттарына негізделген тәртіпті дәйекті түрде қорғап келе жатқан Қазақстан тарапына алғыс айтамыз. Сондай-ақ Қазақстанның өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі белсенді әрі конструктивті әрекетін, атап айтқанда, Сіздің Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығысты реттеуге көрсеткен қолдауыңызды құптаймыз. Бейбіт әрі өркендеген Оңтүстік Кавказ Еуропа мен Орталық Азия арасындағы байланыстарды тереңдетуде аса маңызды рөл атқарады, - деді Еуропалық Кеңес басшысы.
Сонымен қатар мәртебелі мейман Қазақстан Президенті жүргізіп жатқан реформаларға жоғары баға берді.
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалармен үйлесім тапқан Қазақстан қоғамының өрлеу қарқыны өзара ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтеруге негіз болады. Біз бірлесе отырып, қазіргі сын-қатерлерді халықтарымыздың келешегіне қызмет ететін ортақ мүмкіндіктерге айналдыра алатынымызға сенімдімін, - деді Антониу Кошта.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
04.12.2025, 20:36 19201
АҚШ Конгресінде Қазақстандағы діни бостандық жағдайы талқыланды
Сурет: gov.kz
Достарға айту
АҚШ Конгресінде Қазақстан Республикасындағы діни бостандықтың қазіргі жағдайына арналған тәуелсіз баяндаманың таныстырылымына орай брифинг өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Іс-шараға АҚШ Конгресі, АҚШ-тың Халықаралық діни бостандық жөніндегі комиссиясы (USCIRF), БАҚ пен діни бостандықты ілгерілету және қорғау саласында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Іс-шараны ашқан "LYN Community" АҚШ үкіметтік емес ұйымының президенті Уэйд Кьюсак баяндама дайындау барысы мен Қазақстанға жасаған сапары туралы оң пікірлерімен бөлісті. Ол сарапшылардың елдегі мемлекеттік органдар, діни қауымдар және азаматтық қоғам арасындағы ынтымақтастықтың күшейіп келе жатқаны туралы ортақ көзқарасын атап өтті.
Баяндаманың негізгі қорытындыларымен USCIRF мүшесі Мохамед Эльсаноуси таныстырды. Ол Қазақстанның "Ислам мемлекеті" террористік тобының ықпалындағы аймақтардан азаматтарды қайтару және қайта бейімдеу жөніндегі жұмысына, оның ішінде "Жусан" операциясына оң баға беріп, білім беру мен әлеуметтік қолдау бағдарламаларының маңызын атап өтті.
Сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер көбасшыларының съезіне қатысушылардың тәжірибесі аталып өтіп, оның сенімді арттыруға және дінаралық диалогты дамытуға қосқан үлесіне назар аударды.
Қатысушылар "Жусан" операциясы аясында елге қайтарылған әйелдер бірінің сөзін ерекше қызығушылықпен тыңдады. Ол бейімделу барысы және мемлекеттік қолдау бағдарламаларымен жұмысы туралы бөлісті.
Іс-шара соңында қатысушылар сұрақ-жауап сессиясы барысында баяндаманың жекелеген ұсынымдарын және оларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
05.12.2025, 02:52Қазақстан диалогты нығайтуды және ЕҚЫҰ-ның негізін қалаушы қағидаттарын ұстануды жақтады 05.12.2025, 08:57 2061Қазақстан СІМ басшысы ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді05.12.2025, 09:01 1796Венада Орталық Азия және Солтүстік Еуропа елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтті05.12.2025, 10:04 1551Қазақстан Сыртқы істер министрі ЕҚЫҰ басшылығымен кездесулер өткізді05.12.2025, 12:20 55146 жалған диплом: дипломдар енді тек QR-код пен бірегей нөмір арқылы тексеріледі
01.12.2025, 12:48 73381Сианьдағы Қазақстанның Бас консулдығы өңіраралық инвестициялық ынтымақтастықтың нығаюына белсенді ат салысуда01.12.2025, 15:43 72566Мемлекет басшысы Румыния Президентіне құттықтау жеделхатын жолдады01.12.2025, 13:34 72211Қазақстан - Дания ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілуде01.12.2025, 14:38 72201Астана мен Сеул зияткерлік меншік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда30.11.2025, 09:19 68556Каспий құбыр консорциумына жасалған шабуылға байланысты Қазақстан наразылық білдірді
13.11.2025, 17:40 176351Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Касымалиев Астанада Үкіметаралық кеңестің 13-ші отырысын өткізді13.11.2025, 23:28 174531Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинге хат жолдады10.11.2025, 21:56 151581Алматыда бұрынғы президент резиденциясының орнында жаңа саябақ ашылды19.11.2025, 16:26 146106Президент Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровты қабылдады20.11.2025, 15:30 145771Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік кеңесші - Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Қаринді қабылдады

