29.05.2026, 21:20 281
Қазақстан мен Еуропалық Одақ әріптестікті тереңдетудің жаңа стратегиялық мақсаттарын айқындады
Достарға айту
Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер Министрінің орынбасары Арман Исетовтің және еуропалық тараптан Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің Шығыс Еуропа және Орталық Азия жөніндегі басқарушы директорының орынбасары Одроне Перкаускененің төрағалығымен Ынтымақтастық комитетінің саяси конфигурациядағы 23-ші отырысы өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Тараптар Қазақстандағы саяси реформалардың серпінін, сондай-ақ тиімді мемлекеттік басқару, сот реформасы және заң үстемдігі салаларындағы диалогты егжей-тегжейлі талқылады.
Сауда-экономикалық өзара іс-қимыл мәселелеріне, оның ішінде Global Gateway бастамасын іске асыруға ерекше назар аударылды. Қазақстан мен Еуропалық Одақ көлік-логистикалық өзара байланыстылықты күшейту, жасыл энергетика, қоршаған ортаны қорғау, маңызды шикізат материалдарын жеткізу және Қазақстан Республикасының экспорттық әлеуетін кеңейту сияқты салалардағы әріптестікті одан әрі нығайтудың стратегиялық бағдарларын айқындады.
Сондай-ақ академиялық ұтқырлықты арттырудың, Erasmus+ және Horizon Europe бағдарламалары аясындағы ғылыми-зерттеу институттары арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығы атап өтілді.
Еуропалық Одақ Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық әріптесі болып қала береді. Өткен жылы өзара сауда көлемі 45 млрд АҚШ долларына жетті. 2005-2025 жылдар аралығында Қазақстан экономикасына тартылған еуропалық капиталдың көлемі 200 млрд АҚШ долларынан асты. Қазіргі уақытта елімізде 4 мыңнан астам еуропалық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Біз еуропалық бизнестің Қазақстанға және тұтастай өңірімізге Еуропа мен Азияны байланыстыратын стратегиялық транзиттік хаб ретінде артып отырған қызығушылығын жоғары бағалаймыз", - деп атап өтті А. Исетов.
Өз кезегінде О. Перкаускене Қазақстанмен стратегиялық әріптестіктің қазіргі серпінін жоғары бағалап, Еуропалық Одақтың барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге және ортақ халықаралық сын-қатерлерді еңсеру үшін күш-жігерді біріктіруге мүдделі екенін атап өтті.
Күн тәртібінің жеке тармағы ретінде Қазақстан Республикасы азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету перспективалары талқыланды. Тараптар консулдық-визалық саладағы диалогты жандандырудың және өзара іс-қимылды одан әрі ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы екіжақты өзара іс-қимылдың барлық бағыттары бойынша әріптестікті одан әрі нығайтуға өзара мүдделілігін растады.
Аталған диалог алаңы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықтың өзекті күн тәртібін талқылау және салалық мемлекеттік органдардың кең ауқымды мәселелері бойынша ұстанымдарды өзара үйлестірудің белсенді тетігі болып табылады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
29.05.2026, 20:26 2236
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы уағдаластықтарды жүзеге асыруға арналған Жол картасына қол қойылды
Сурет: Akorda
Достарға айту
Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің қатысуымен Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі жол картасына қол қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Аталған Жол картасы Қазақстан Президентінің 2025 жылы 14-15 қараша күндері Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың іс жүзіндегі жалғасы ретінде қабылданды.
Құжатқа өнеркәсіп, мұнай химиясы, логистика, металлургия, агроөнеркәсіп кешені, туризм және "жасыл" энергия салаларын қамтитын жаңа жобалар енді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
29.05.2026, 20:02 3391
Мемлекет басшысы Куба Республикасының Вице-президенті Сальвадор Вальдес Месамен кездесті
Сурет: Akorda
Достарға айту
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жиынға қатысқаны үшін мәртебелі мейманға ризашылығын білдіріп, еліміз Кубаның ЕАЭО қызметіне қосқан үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Президент Еуразиялық экономикалық форумда талқыланған жасанды интеллектіні дамытудың өзектілігін атап өтіп, осы саладағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективасына тоқталды.
Мемлекет басшысы еліміздегі экономиканың негізгі салаларын цифрландыру және оған жасанды интеллект технологияларын енгізу шаралары туралы мәлімет берді. Осы орайда, Қазақстанның Куба тарапымен электрондық үкіметті дамыту тәжірибесін бөлісуге, озық цифрлық шешімдерін экспорттауға әзір екенін растады.
Сальвадор Вальдес Меса Қасым-Жомарт Тоқаевқа Куба Президенті Мигель Марио Диас-Канель Бермудестің сәлемін жеткізіп, өзара сауда-экономикалық байланысты арттыруға ниетті екенін айтты.
Кездесуде медицина және фармацевтика бағытында тиімді ынтымақтастықты жандандыру әлеуетіне баса назар аударылды. Бұдан бөлек, іскерлік және мәдени-гуманитарлық қатынастарды тереңдету мүмкіндіктері қарастырылды.
Қазақстан Президенті мен Куба Вице-президенті халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
29.05.2026, 19:59 3101
Қазақстан мен Ресей биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша ведомствоаралық консультациялар өткізді
Достарға айту
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша кезекті ведомствоаралық екіжақты консультациялар өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Консультациялар барысында тараптар биологиялық қауіпсіздік саласындағы өңірлік және жаһандық деңгейдегі ағымдағы жағдай туралы өзекті ақпаратпен алмасты, сондай-ақ екіжақты, өңірлік және көпжақты форматтарда ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру бастамасын ілгерілету контекстінде өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды.
Тараптар ғылыми алмасу, бейінді мамандарды даярлау, сондай-ақ шекаралас аумақтардағы эпидемиологиялық жағдайды мониторингтеу бойынша бірлескен іс-шаралар өткізу салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделілік танытты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
29.05.2026, 19:56 3621
Мемлекет басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында сөз сөйледі
Сурет: Akorda
Достарға айту
Президенттің төрағалығымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы іс-шараларға қатысқаны үшін ЕАЭО-ға мүше елдердің және байқаушы мемлекеттердің басшыларына, сондай-ақ арнайы шақырылған қонақтарға алғыс айтты.
- Бүгінгі кездесуіміз ерекше мәнге ие. 2014 жылы дәл осы күні Бірлестігіміздің негізін қалаған Шартқа қол қойылды. Жоғары кеңестің шешімімен 29 мамыр - Еуразиялық экономикалық одақ күні болып ресми түрде жарияланды. Бірлестігіміздің он жылдан астам тарихы бар. Осы уақыт ішінде экономикалық интеграцияны тереңдету бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Атап өтерлік жайт, бұл күндері Астанада Жоғары кеңестің отырысымен қатар, Еуразиялық экономикалық форум өтіп жатыр. Форум қорытындысы сан қырлы іскерлік серіктестігімізге тың серпін беретініне сенімдімін, - деді Президент.
Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақ макроэкономикалық дамудың оң динамикасын сақтап отырғанына тоқталды.
- Болжамға сай, 2026-2027 жылдары ЕАЭО елдерінің жиынтық ішкі жалпы өнім өсімі 2,5 пайызға жуықтауға тиіс. Жаһандық нарықтағы тұрақсыздыққа қарамастан, былтыр елдеріміз арасындағы тауар айналымы 95 миллиард доллардан асты. Биыл өзара сауда-саттық көлемі 6 пайызға ұлғаяды деп күтіп отырмыз. Бұл 100 миллиард долларлық межені еңсеруге мүмкіндік береді. Дегенмен халықаралық ұйымдардың жаһандық нарықтағы жағдайға берген бағасы көңіл көншітпейді. Халықаралық валюта қорының баяндамасына сәйкес, биыл әлем экономикасы 3 пайызға дейін баяулайтыны жөнінде айтылып жүр. Әрине, дүние жүзіндегі құрылымдық өзгерістер ЕАЭО-ның экономикалық дамуына да әсер етпей қоймайды. Қазіргі сәтте Бірлестігімізді жаңа жағдайларға бейімдеу, ішкі орнықтылықты нығайту және бәсекеге қабілеттілікті арттыру өте өзекті міндет болып тұр, - деді Мемлекет басшысы.
Жоғары кеңестің төрағасы ретінде Қазақстан Президенті интеграциялық құрылымды одан әрі қарқынды дамытуды көздейтін бірқатар стратегиялық басымдықты атады. Сонымен қатар еліміздің ұсыныстарына қолдау көрсеткені үшін әріптестеріне алғыс айтты.
- Жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту жөніндегі бірлескен мәлімдемені қабылдау мақсатымыздың ортақ екенін көрсеткен маңызды шешім болды. Осы саладағы белсенді ықпалдастыққа үміт артамын. Күш-жігерімізді келесі басым бағыттарға жұмылдырудың мәні зор деп санаймын. Бірінші. Еуразиялық интеграцияның цифрлық негізін нығайту. Цифрландыру мен жасанды интеллект арқылы жаңа технологиялық жүйе қалыптастыру кезінде деректерді жедел өңдеу, автоматтандыру және инновацияны жаппай енгізу табыстың негізгі факторына айнала бастады. Сарапшылардың пайымына сүйенсек, әлемде жасанды интеллект технологияларына құйған қаржы көлемі 1 триллион долларлық межеден асты. Алдағы онжылдықта оның жаһандық экономикадағы жиынтық үлесі бірнеше есе көбейіп, 7 триллион долларға жетуі мүмкін. Озық технологиялар еуразиялық интеграцияның қуатты катализаторына айналуы керек. Бұл қазірдің өзінде жүзеге аса бастады. ЕАЭО кеңістігінде осы бағыттағы жұмыс дәйекті түрде жалғасып келеді деп нық сеніммен айтуға болады. Трансформация өндіріс және логистикадан бастап, ауыл шаруашылығы мен мемлекеттік басқаруға дейінгі барлық саланы қамтиды, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан жасанды интеллектіні енгізу бойынша бірқатар жүйелі шараны қолға алды.
- Astana Hub базасында қарқынды ілгерілеп келе жатқан әрі толыққанды стартап-экожүйе қалыптасуда. Елімізде 100-ден астам жаңа жоғары технологиялық компания жедел дамып келеді. Қазақстан технологияны нетто-экспорттаушы мәртебесін ресми түрде дәлелдеді. ІТ қызметтер экспортының көлемі 1 миллиард доллардан асты. Біздің бастапқы жетістіктеріміз халықаралық деңгейде мойындалды. EGDI (E-Government Development Index) жаһандық рейтингіне сәйкес, Қазақстан 24-орын алады. Ал онлайн қызметтердің сапасы бойынша әлемдегі үздік ондыққа кіреді. Ендігі міндет - осы табысты тәжірибені кеңінен тарату. Астанада Халықаралық Alem.ai жасанды интеллект орталығы іске қосылды. Бұл талантты бағдарлама әзірлеушілер шоғырланған орталық қана емес, жасанды интеллект негізіндегі қолданбалы шешімдерді ойлап табатын әрі енгізетін аймақтағы басты алаң саналады. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің цифрландыру саласындағы жетістіктерін, мемлекеттік басқарудағы платформалық шешімдері мен заманауи тәсілдерді енгізу үлгілерін мұқият зерделейміз әрі жоғары бағалаймыз. Одаққа мүше елдердің әрқайсысы цифрлық трансформацияның жекелеген бағыттарында айтарлықтай тәжірибе жинады. Ұлттық құзіреттерді дамытумен қатар бірлескен технологиялық бастамаларды қалыптастыруға белсенді түрде атсалысқан жөн. Үздік тәжірибелер мен тиімді шешімдерді бөлісуіміз керек. Бұл ЕАЭО аясындағы цифрлық дамуды жеделдетіп, экономикаларымыздың бәсекеге қабілетін арттыруға мүмкіндік береді, - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразия кеңістігіндегі көлік дәліздерін цифрландыруды тағы бір басымдық ретінде атады. Мемлекет басшысының айтуынша, Еуразияның көлік жүйесі Азия, Еуропа және Таяу Шығыстың басты нарықтарын байланыстыратын жоғары технологиялық халықаралық бағыттардан құралады.
- Бұл арада жалпы ұзындығы 50 мың шақырымнан асатын көлік дәліздерінің тұтас жүйесі туралы сөз болып отыр. Оның 10 мың шақырымнан астамы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Жаһандық сауда-экономика тізбегіндегі жетекші орнымызды сақтау үшін трансшекаралық инфрақұрылымды одан әрі дамыту және цифрландыру қажет. Ыңғайлы логистикалық шешімдер, жүкті тұрақты жеткізу мен өткізу жылдамдығы Еуразиялық экономикалық одақтағы транзит көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан өткен жылдың соңында біз Smart Cargo секілді құралдарды жүйелі түрде енгізе бастадық. "Бір терезе" қағидатымен қызмет ететін платформа аясында көлік дәліздерін цифрландыру жұмыстары қолға алынды. Қазақстанда көрші елдермен рұқсатнаманы электрондық бланкі форматында алмасу механизмі енгізілді. Одақ аясындағы ақпараттық жүйелерді өзара кіріктіру - уақыт талабы. Осы орайда Еуразиялық экономикалық комиссия ұлттық сервистердің цифрлық "сөресін" жасақтауды қолға алды. Бұл - өте өзекті. Аталған үдерісті жеделдетіп, ЕАЭО цифрлық көлік дәліздерінің толыққанды экожүйесін қалыптастыру қажет деп ойлаймын. Осы бағытта күш-жігерімізді біріктірсек, Еуразияның жоғары технологиялы көлік хабын құруға әбден болады, - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердегі өндіріс ошақтары мен агроөнеркәсіп кешенін цифрлық трансформациялаудың маңызына назар аударды. Президенттің пайымынша, экономиканы цифрландыру - технологиялық тренд қана емес, бәсекеге қабілетті болудың басты кепілі.
- Қазақстан бұл сынаққа ауқымды Цифрлық трансформация тұжырымдасын қабылдау арқылы жүйелі әрекеттермен жауап бермек. Өнеркәсіп секторы мен тау-кен және металлургия кешеніндегі роботтандыру, "бұлттық" шешімдер, ірі кәсіпорындардың "цифрлық телнұсқасы" өнімділікті ұлғайтып, шығынды азайтады. Ауыл шаруашылығын автоматтандыру мол өнім жинауға, су үнемдеуге, қоршаған ортаға зиянды азайтуға септігін тигізеді. Мал шаруашылығына қағаз жүзіндегі құжат айналымынан бас тартып, есептің дәлдігін арттыратын бірқатар цифрлық жүйе енгізілді. Еліміздің түкпір-түкпірінде 650-ден астам "ақылды" фермалар жұмыс істеп тұр. Онда сиыр сауу, бордақылау және микроклиматты қадағалау үрдістері автоматтандырылған жүйелермен жабдықталған. Егін және тұқым шаруашылығында өнімді "егіс даласынан тұтынушы дастарқанына дейін" жеткізу тізбегін қадағалайтын жүйе енгізіліп жатыр. Тыңғылықты жоспарлау мен цифрлық болжау мүмкіндіктерін пайдалану нәтижесінде Қазақстанда екінші жыл қатарынан егін бітік шығып, 27 миллион тонна көлемінде астық жиналды. Бұл - рекордтық көрсеткіш. Ауыл шаруашылығы жерлерін жаппай цифрландыру жұмысы жүргізілуде. Агродрондар, жерсеріктік навигациялар мен метеостанция мәліметтері кеңінен қолданыла бастады. Жер телімін пайдалануға беру үдерісі электронды форматқа көшірілді. Дихандар мен шаруаларды мемлекет тарапынан қолдау тетіктері толықтай электрондық форматқа ауысты. Бұл жемқорлық тәуекелдерін азайтады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын цифрландыру тәжірибесін кеңінен тарату қажет деп санайды.
- Жаһандық азық-түлік нарығындағы ЕАЭО позициясын нығайтатын жоғары технологиялық бастамаларды қолдауға күш салуға болады. Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа агроөнеркәсіп кешеніндегі кооперациялық жобаларды қаржылай қолдау бойынша түзетулер енгізіліп, қабылданды. Бұл - осы жолдағы маңызды қадамның бірі. Мұндай технологиялық бастамаларды қаржыландыру көлемін ұлғайту үшін Еуразия даму банкінің мүмкіндіктерін пайдаланған жөн. Құрылғаннан бергі жиырма жыл ішінде аталған қаржы институты еуразиялық интеграцияның тиімді әрі сұранысқа ие құралы екенін дәлелдеді. Біз шағын құрамдағы кездесуде Банктің басқарма төрағасы жасаған мазмұнды баяндаманы тыңдап, оны бекіттік. ЕАДБ алдағы уақытта да Одақ кеңістігіндегі стратегиялық жобаларды жүзеге асыруда басты локомотив болуға тиіс деген ұйғарымға келдік, - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлем экономикасы трансформацияланып жатқан кезеңде жаңа табыс көздерін іздеу тағы бір басымдық екенін атап өтті.
- Ұлттық экономикалардың ұзақмерзімді орнықтылығы мен болашақтағы орнын сайлауы жаңа технологиялық сын-қатерлерге жедел бейімделуіне тікелей байланысты. Бұл жөнінде біз кеше, Еуразиялық экономикалық форумның алғашқы күнінде егжей-тегжейлі талқыладық. Жаппай цифрландырудан бастап жасанды интеллектіге дейінгі технологиялық прогресс толқыны бірінен соң бірі туындап жатыр. Осылайша, технологиядағы әрбір жаңа белес озық ойлы адамдарға мүмкіндік сыйлайтын келесі соны серпіліске негіз қалайды. Сарапшылардың пікірінше, алдағы 20 жылдың ішінде биотехнология, автономды жүйелер, ғарыш экономикасы, энергияны сақтау, кванттық есептеу секілді маңызды технологиялық үдерістердің тұтас легі пайда болады. Мәселен, ұзақмерзімді болжам бойынша 2035 жылға қарай әлемдік робот техникасы нарығының көлемі 376 миллиард доллардан асады. Виртуалды шынайылық индустриясындағы қаржы айналымы 700 миллиард долларға жуықтайды. Әрине, біздің елдеріміз осы жаһандық жаңашылдықтардан кенже қалмауға тиіс. Еуразиялық экономикалық комиссия перспективті даму бағыттарында нақты тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетуі керек деп санаймын, - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті ЕАЭО-ның сыртқы сауда-экономикалық әлеуетін іске асыру маңызды екенін айтты. Мемлекет басшысының пікірінше, Одақтың Араб әлемі, Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка және Латын Америкасы елдерімен, сондай-ақ беделді өңірлік экономикалық бірлестіктермен байланыстарын одан әрі кеңейту қажет.
- Қазір Үндістанмен еркін сауда аймағын құру жөнінде келіссөздер белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс басқа да қызмет бағыттары сияқты назар аударуға лайық. Менің ойымша, шағын құрамдағы кездесуде Беларусь Президенті өте дұрыс ұсыныс айтты. Еркін сауда аймағын құратын серіктестер де, сондай-ақ байқаушы мәртебесіне ие болатын елдер де мұқият таңдалуы қажет. Яғни бәрін бірдей емес, шын мәнінде белгілі бір талаптарға сай келетін және Еуразиялық экономикалық одаққа пайда әкелетін елдерді қабылдау керек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан ЕАЭО органдарына төрағалығы аясында мүше мемлекеттердің ортақ экономикалық әлеуетін нығайтуға, орнықты дамуын қамтамасыз етуге алдағы уақытта да барынша жәрдемдесе беретінін мәлімдеді.
- Біз бірлесе күш жұмылдыра отырып, маңызды нәтижеге қол жеткізе аламыз және Одақ аясындағы ынтымақтастықты жаңа әрі сапалы деңгейге шығарамыз. Мен бұған кәміл сенемін. Былтыр ЕАЭО қызметінің стратегиялық бағыттарын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын табысты аяқтадық. Алдымызда Еуразиялық интеграцияны одан әрі дамыту туралы декларацияда қарастырылған көптеген міндет тұр. Сөз соңында алға қойған мақсаттарға жету жолында баршаңызға табыс тілеймін, - деді Қазақстан Президенті.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Армения Республикасының Вице-премьері Мгер Григорян, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Куба Республикасының Вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса, Иран Ислам Республикасының өнеркәсіп, кеніштер және сауда министрі Сейед Мохаммад Аттабак және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев сөз сөйледі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
29.05.2026, 14:53 4041
Мемлекет басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы отырысына қатысты
Сурет: Akorda
Достарға айту
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы отырысы өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысы бүгінгі күннің символикалық мәніне назар аударды. Дәл осы күні, яғни, 2014 жылы 29 мамырда Қазақстан елордасында Еуразия экономикалық одағы туралы шартқа қол қойылған болатын.
– Бұл уақиға еуразиялық интеграцияның маңызды кезеңі ретінде есте қалды. Одақ құрылған сәттен бері еуразиялық «бестіктің» басты ынтымақтастық алаңына айналды. Осыған орай барша әріптесімді Еуразиялық экономикалық одақ күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Бірлестік одан әрі дамып, елдеріміз бен халықтарымыздың игілігіне қызмет ете берсін! Бүгінгі шағын форматтағы кездесу барысында біз сыртқы саудаға, жасанды интеллектіні дамыту бастамаларына қатысты маңызды мәселелерді талқылаймыз. Бұл туралы мазмұнды әңгімеміз кеше экономикалық форум аясында басталды. Жиынымыз әдеттегідей конструктивті сипатта өтіп, өзара тиімді шешімдер қабылданатынына сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар Кеңес отырысына Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Армения Республикасының Вице-премьері Мгер Григорян және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
29.05.2026, 14:51 7476
Қазақстан Шаңхайда туристік әлеуетін таныстырды
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Шаңхай қаласында ITB China 2026 халықаралық туристік көрмесі өтті. Аталған көрмеде Қазақстан Республикасының екі басты қаласы - Астана мен Алматы таныстырылды. Қазақстан павильоны ITB көрмесінің орталық бөлігінде орналасып, оған Қазақстанның 17 туроператоры, сондай-ақ Air Astana және Fly Arystan әуе компаниялары қатысты, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Қазақстан Республикасының Шаңхай қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен Алматы қаласының әкімдігі халықаралық және Қытай нарығында оңтүстік мегаполистің туристік әлеуетін ілгерілетуге бағытталған "Алматының Шаңхайдағы туризм күнін" ұйымдастырды.
Қазақстанның Шаңхайдағы Бас консулы Нұрлан Аққошқаров Алматының бүгінгі таңда Қазақстанның ең ірі мегаполисі ғана емес, сонымен қатар Орталық Азиядағы заманауи туристік, мәдени және іскерлік орталыққа айналғанын атап өтті.
Бас консул Қытай нарығымен ынтымақтастықты күшейтуін маңыздылығына тоқталды. 2023 жылғы қарашада екі ел арасында өзара визасыз режимнің енгізілуінен және 2026 жылғы наурызда Air Astana әуе компаниясының Алматы - Шаңхай тікелей рейсінің ашылуынан кейін Қазақстан мен Қытай арасындағы туристік байланыстарды нығайтудың зор әлеуеті бар екеніне сенім білдіріп, қытайлық серіктестерді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге шақырды.
Шаңхай қаласының орталығында өткен би флешмобы ITB China 2026 көрмесіндегі Қазақстан қатысуының басты ерекшелігіне айналып, халықаралық аудиторияның назарын аударуға және Қазақстанның заманауи әрі серпінді бейнесін қалыптастыруға көмектесті.
ITB China 2026 - ұлттық туроператорлар, әуе компаниялары, қонақүй желілері және туристік индустрия өкілдері бас қосатын ірі B2B туристік көрме болып табылады. Биыл Шанхайда өткен халықаралық туристік биржа жұмысына әлемнің 80 елінен туроператорлар қатысты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
29.05.2026, 13:49 7716
Cargolux Қазақстанға рейстерін қайта бастайды
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко Cargolux Airlines International S.A. компаниясының Президенті Ричард Форсонмен кездесті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Кездесу барысында әлемдегі ең ірі жүк әуе тасымалдаушыларының бірі - Люксембургтің Cargolux Airlines International S.A. компаниясы Қазақстан нарығына қайта оралып, ағымдағы жылы 1 маусымнан бастап Астана халықаралық әуежайы арқылы аптасына 14 рейске дейін орындауды жоспарлап отырғаны расталды.
Жоба көлік байланысын дамытуға, жүк айналымын ұлғайтуға және Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы Орта дәліздегі рөлін нығайтуға бағытталған.
Халықаралық жүк әуе қатынасын дамыту Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің транзиттік әлеуетін күшейту, көлік саласын дамыту және Қазақстанды Еуразияның негізгі логистикалық хабы ретінде қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларына сәйкес келеді.
Елші Cargolux компаниясының қайта оралуы Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы маңызды логистикалық және авиациялық хаб ретіндегі тартымдылығының артып келе жатқанын растайтынын атап өтті.
Cargolux компаниясының Президенті және Бас атқарушы директоры Ричард Форсон: "Қазақстан өзінің транзиттік-көлік әлеуетін нығайтуға қомақты инвестиция салды. Cargolux Азия мен Еуропа арасындағы көлік бағыттарын дамытуға әрі Орта дәліз бойындағы маңызды серіктес ретінде Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі", - деп атап өтті.
Cargolux Airlines International S.A. - Люксембургтің ең ірі жүк әуе компаниясы және Еуропадағы жетекші жүк тасымалдаушылардың бірі. Компания 1970 жылы құрылған, штаб-пәтері Люксембургте орналасқан. Компания Еуропа, Азия, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка және Таяу Шығыс бағыттары бойынша 90-нан астам бағытқа тұрақты және чартерлік жүк рейстерін орындайды.
Әуе компаниясының флоты негізінен бір рейсте 130 тоннадан астам жүк тасымалдауға қабілетті заманауи Boeing 747 Freighter жүк ұшақтарынан тұрады. Қазіргі уақытта компания Boeing 747 ұшақтарының түрлі модификациясындағы 30 жүк әуе кемесін пайдаланады және әлемнің 50-ден астам елінде 85-тен астам өкілдігі бар. Cargolux Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Airlines for Europe (A4E) еуропалық авиациялық қауымдастығының мүшесі болып табылады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
29.05.2026, 12:48 6266
Қазақстан мен Молдова екіжақты байланыстарды одан әрі нығайту мәселелерін талқылады
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстанның Молдова Республикасындағы Елшісі Алмат Айдарбеков МР Премьер-министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Михай Попшоймен кездесу өткізді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Сұхбат барысында қазақ дипломаты ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен елді одан әрі жаңғырту мақсатында жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы ақпарат берді. Сондай-ақ ҚР бір палаталы Парламентіне сайлау өткізу мәселесіне назар аударылды.
А.Айдарбеков Вице-премьер-министрді Молдова-Қазақстан Іскерлік кеңсесінің ресми ашылу рәсіміне (а.ж. 3 маусымда) шақырды. Аталған ұйым екі елдің бизнес қауымдастықтары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, тікелей іскерлік байланыстарды дамытуға және өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.
Тараптар Қазақстанның халықаралық бастамаларын да талқылады. Атап айтқанда, БҰҰ аясында су ресурстарын қорғау және су мәселелерін шешу бағытындағы жаһандық күш-жігерді біріктіруге арналған Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі ҚР Президентінің бастамасы туралы айтты.
Сонымен қатар Елші Астанада өткен "Алтын Орда - дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет және бірегейлік" атты халықаралық симпозиум туралы хабардар етті. Аталған іс-шара шетелдік ғалымдарды, тарихшыларды және сарапшыларды біріктірді. Форум Алтын Орданың тарихи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеуді ілгерілетуге және халықаралық гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға арналған маңызды алаң болғаны атап өтілді.
М.Попшой өз кезегінде екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін білдіріп, мәдениет, ғылым және тарихи мұраны сақтау салаларындағы өзара байланыстарды кеңейту мен диалогты тереңдетудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, Молдова тарапы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған Қазақстанның бастамаларын қолдайтынын білдіріп, экологиялық мәселелерді шешудегі халықаралық қауымдастықтың бірлескен күш-жігерінің ерекше маңызын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сындарлы диалогты одан әрі дамытуға және екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделілік танытты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
29.05.2026, 12:48Қазақстан мен Молдова екіжақты байланыстарды одан әрі нығайту мәселелерін талқылады 29.05.2026, 13:49 6961Cargolux Қазақстанға рейстерін қайта бастайды29.05.2026, 14:51 6721Қазақстан Шаңхайда туристік әлеуетін таныстырды29.05.2026, 11:46 6591Қазақстан Жаһандық басқару мәселелері жөніндегі достар тобының отырысына қатысты29.05.2026, 14:53 3286Мемлекет басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы отырысына қатысты
22.05.2026, 16:58 188021Астанада Қазақстан-Норвегия Іскерлік кеңесінің екінші отырысы өтті22.05.2026, 13:10 187556Мемлекет басшысы Токио губернаторы Юрико Коикэні қабылдады22.05.2026, 18:37 187551Олжас Бектенов Ашхабадтағы ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің отырысына қатысты22.05.2026, 09:26 174361Президент тапсырмасы бойынша Ақтөбеде музыкалық-драма театрының құрылысына 8 млрд теңге бағытталды22.05.2026, 17:13 166856Мемлекет басшысы Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады
29.04.2026, 14:15 383816Қасым-Жомарт Тоқаев пен Андрей Бабиш кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді29.04.2026, 15:18 383636Президент Чехия Премьер-министрін І дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады29.04.2026, 16:20 383416Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен телефон арқылы сөйлесті29.04.2026, 12:35 330851Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Чехия Премьер-министрі Андрей Бабиш шағын құрамда келіссөз жүргізді29.04.2026, 09:42 289156Орынбор облысының іскер топтары Қазақстан өңірлерімен ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі

