28.05.2026, 21:45 251
Қазақстан мен Ресей президенттері Астанадағы "Сириус" мектебінің құрылысын бастап берді
Сурет: Akorda
Достарға айту
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин онлайн-форматта "Қазақстан - Сириус" халықаралық білім беру инфрақұрылымының капсуласын салу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Келешек кешеннің іргетасына рәміздік капсуланы елордалық оқушылар Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовамен, "Сириус" федералдық аумақ кеңесінің төрағасы, "Талант и успех" қорының жетекшісі Елена Шмелёвамен бірге салды.
Қазақстан - Сириус" жобасы мемлекеттер басшыларының уағдаластығына сай іске асырылып жатыр. "Сириус" моделі бойынша еліміздің екі қаласында білім беру ошағы құрылады. Астанамен қатар биыл қаңтар айында Алматы қаласында да мектеп пен орталықтың іргетасы қаланды.
Жобаның мақсаты - дарынды балаларды қамқорлыққа алып, ғылым, технология және инновация салаларын терең меңгерген, бәсекеге қабілетті мамандардың жаңа буынын тәрбиелеп шығару.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
29.05.2026, 14:51 1806
Қазақстан Шаңхайда туристік әлеуетін таныстырды
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Шаңхай қаласында ITB China 2026 халықаралық туристік көрмесі өтті. Аталған көрмеде Қазақстан Республикасының екі басты қаласы - Астана мен Алматы таныстырылды. Қазақстан павильоны ITB көрмесінің орталық бөлігінде орналасып, оған Қазақстанның 17 туроператоры, сондай-ақ Air Astana және Fly Arystan әуе компаниялары қатысты, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Қазақстан Республикасының Шаңхай қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен Алматы қаласының әкімдігі халықаралық және Қытай нарығында оңтүстік мегаполистің туристік әлеуетін ілгерілетуге бағытталған "Алматының Шаңхайдағы туризм күнін" ұйымдастырды.
Қазақстанның Шаңхайдағы Бас консулы Нұрлан Аққошқаров Алматының бүгінгі таңда Қазақстанның ең ірі мегаполисі ғана емес, сонымен қатар Орталық Азиядағы заманауи туристік, мәдени және іскерлік орталыққа айналғанын атап өтті.
Бас консул Қытай нарығымен ынтымақтастықты күшейтуін маңыздылығына тоқталды. 2023 жылғы қарашада екі ел арасында өзара визасыз режимнің енгізілуінен және 2026 жылғы наурызда Air Astana әуе компаниясының Алматы - Шаңхай тікелей рейсінің ашылуынан кейін Қазақстан мен Қытай арасындағы туристік байланыстарды нығайтудың зор әлеуеті бар екеніне сенім білдіріп, қытайлық серіктестерді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге шақырды.
Шаңхай қаласының орталығында өткен би флешмобы ITB China 2026 көрмесіндегі Қазақстан қатысуының басты ерекшелігіне айналып, халықаралық аудиторияның назарын аударуға және Қазақстанның заманауи әрі серпінді бейнесін қалыптастыруға көмектесті.
ITB China 2026 - ұлттық туроператорлар, әуе компаниялары, қонақүй желілері және туристік индустрия өкілдері бас қосатын ірі B2B туристік көрме болып табылады. Биыл Шанхайда өткен халықаралық туристік биржа жұмысына әлемнің 80 елінен туроператорлар қатысты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
29.05.2026, 13:49 1591
Cargolux Қазақстанға рейстерін қайта бастайды
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко Cargolux Airlines International S.A. компаниясының Президенті Ричард Форсонмен кездесті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Кездесу барысында әлемдегі ең ірі жүк әуе тасымалдаушыларының бірі - Люксембургтің Cargolux Airlines International S.A. компаниясы Қазақстан нарығына қайта оралып, ағымдағы жылы 1 маусымнан бастап Астана халықаралық әуежайы арқылы аптасына 14 рейске дейін орындауды жоспарлап отырғаны расталды.
Жоба көлік байланысын дамытуға, жүк айналымын ұлғайтуға және Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы Орта дәліздегі рөлін нығайтуға бағытталған.
Халықаралық жүк әуе қатынасын дамыту Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің транзиттік әлеуетін күшейту, көлік саласын дамыту және Қазақстанды Еуразияның негізгі логистикалық хабы ретінде қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларына сәйкес келеді.
Елші Cargolux компаниясының қайта оралуы Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы маңызды логистикалық және авиациялық хаб ретіндегі тартымдылығының артып келе жатқанын растайтынын атап өтті.
Cargolux компаниясының Президенті және Бас атқарушы директоры Ричард Форсон: "Қазақстан өзінің транзиттік-көлік әлеуетін нығайтуға қомақты инвестиция салды. Cargolux Азия мен Еуропа арасындағы көлік бағыттарын дамытуға әрі Орта дәліз бойындағы маңызды серіктес ретінде Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі", - деп атап өтті.
Cargolux Airlines International S.A. - Люксембургтің ең ірі жүк әуе компаниясы және Еуропадағы жетекші жүк тасымалдаушылардың бірі. Компания 1970 жылы құрылған, штаб-пәтері Люксембургте орналасқан. Компания Еуропа, Азия, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка және Таяу Шығыс бағыттары бойынша 90-нан астам бағытқа тұрақты және чартерлік жүк рейстерін орындайды.
Әуе компаниясының флоты негізінен бір рейсте 130 тоннадан астам жүк тасымалдауға қабілетті заманауи Boeing 747 Freighter жүк ұшақтарынан тұрады. Қазіргі уақытта компания Boeing 747 ұшақтарының түрлі модификациясындағы 30 жүк әуе кемесін пайдаланады және әлемнің 50-ден астам елінде 85-тен астам өкілдігі бар. Cargolux Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Airlines for Europe (A4E) еуропалық авиациялық қауымдастығының мүшесі болып табылады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
29.05.2026, 12:48 2271
Қазақстан мен Молдова екіжақты байланыстарды одан әрі нығайту мәселелерін талқылады
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстанның Молдова Республикасындағы Елшісі Алмат Айдарбеков МР Премьер-министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Михай Попшоймен кездесу өткізді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Сұхбат барысында қазақ дипломаты ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен елді одан әрі жаңғырту мақсатында жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы ақпарат берді. Сондай-ақ ҚР бір палаталы Парламентіне сайлау өткізу мәселесіне назар аударылды.
А.Айдарбеков Вице-премьер-министрді Молдова-Қазақстан Іскерлік кеңсесінің ресми ашылу рәсіміне (а.ж. 3 маусымда) шақырды. Аталған ұйым екі елдің бизнес қауымдастықтары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, тікелей іскерлік байланыстарды дамытуға және өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.
Тараптар Қазақстанның халықаралық бастамаларын да талқылады. Атап айтқанда, БҰҰ аясында су ресурстарын қорғау және су мәселелерін шешу бағытындағы жаһандық күш-жігерді біріктіруге арналған Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі ҚР Президентінің бастамасы туралы айтты.
Сонымен қатар Елші Астанада өткен "Алтын Орда - дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет және бірегейлік" атты халықаралық симпозиум туралы хабардар етті. Аталған іс-шара шетелдік ғалымдарды, тарихшыларды және сарапшыларды біріктірді. Форум Алтын Орданың тарихи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеуді ілгерілетуге және халықаралық гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға арналған маңызды алаң болғаны атап өтілді.
М.Попшой өз кезегінде екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін білдіріп, мәдениет, ғылым және тарихи мұраны сақтау салаларындағы өзара байланыстарды кеңейту мен диалогты тереңдетудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, Молдова тарапы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған Қазақстанның бастамаларын қолдайтынын білдіріп, экологиялық мәселелерді шешудегі халықаралық қауымдастықтың бірлескен күш-жігерінің ерекше маңызын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сындарлы диалогты одан әрі дамытуға және екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделілік танытты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
29.05.2026, 11:46 2506
Қазақстан Жаһандық басқару мәселелері жөніндегі достар тобының отырысына қатысты
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев БҰҰ штаб-пәтерінде Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван Идің төрағалығымен өткен "Жаһандық басқаруды реформалау және жетілдіру; жаһандық сын-қатерлерге бірлесіп ден қою" тақырыбындағы Жаһандық басқару мәселелері жөніндегі достар тобының отырысына қатысты, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Өз сөзінде Е.Ашықбаев Қазақстанның көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға, БҰҰ-ның орталық рөлін қолдауға және неғұрлым әділетті, инклюзивті әрі теңгерімді жаһандық басқару жүйесін ілгерілетуге бейілділігін растады. Цифрлық алшақтықты қысқарту, жаңа технологияларға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Осы тұрғыда қазақстандық дипломат Алматы қаласында құрылып жатқан БҰҰ АзТМЭӘК қамқорлығындағы Орнықты даму мүддесіндегі Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығын және Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның ОДМ жөніндегі Өңірлік орталығын таныстырды.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында Су мәселелері жөніндегі халықаралық ұйым құру бастамасының өзектілігі атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар көпжақтылықты, халықаралық құқықты және жаһандық басқару жүйесіндегі БҰҰ-ның орталық рөлін нығайтуға бейілділікті растайтын бірлескен коммюнике қабылдады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
28.05.2026, 20:42 221
Қазақстан мен Ресей президенттеріне Амур жолбарыстарын жерсіндіру жобасы таныстырылды
Сурет: Akorda
Достарға айту
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путинге көрсетілген бейнероликте төрт Амур жолбарысын "Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерваты аумағына жіберу сәті таспаланған, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Жолбарыстарды бақылап отыру үшін табиғи ортаға жібергенге дейін оларға жерсеріктік қарғыбау орнатылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылы қараша айында Ресейге жасаған мемлекеттік сапары кезінде Қазақстанға Амур жолбарыстарын әкелуге әзірлік және жеткізілген түз тағыларының бастапқы бейімдеуден өтуі бойынша бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойылды. Осы уағдаластықтарға сай Ресей тарапы төрт Амур жолбарысын берді.
Бұл бастама Қазақстандағы жолбарыстар популяциясын қалпына келтіруге және әлемдегі биоалуантүрлілікті сақтауға зор үлес қосады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
28.05.2026, 19:41 291
Қазақстан мен Ресей басшыларына "Астана - Мәскеу" жүргізушісіз жүк көлігі автобағытының іске қосылуы көрсетілді
Сурет: Akorda
Достарға айту
Екі елдің көлік министрліктері "КамАЗ" жария акционерлік қоғамымен бірлесіп, жүк автокөліктерінің жүргізушісіз қозғалысын сәтті іске қосты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Көліктер "Жаңа жол" өткізу бекеті арқылы Қазақстан-Ресей шекарасын бір уақытта кесіп өтіп, межелі пунктке қарай сапарын жалғастырды.
Жүргізушісіз жүк автокөлік құралдары әлемде алғаш рет осындай форматта үш мың шақырымға жуық қашықтықты екі тәулікте жүріп өтіп, сапар уақытын екі есе қысқартты. Жаңа технологияларды қолданудың арқасында бұл бағыт екі тәулік ішінде еңсерілді.
Әріптестікті тереңдету мақсатында тараптар жобаны одан әрі дамытатын институционалдық база мен қажетті инфрақұрылым қалыптастыру жұмыстарын жалғастыра береді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
28.05.2026, 18:38 261
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путинге екі елдің бірқатар сауда-экономикалық жобалары таныстырылды
Сурет: Akorda
Достарға айту
Қазақстан мен Ресей президенттеріне өнеркәсіп кооперациясы саласындағы бірлескен жобалар көрсетілді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Бүгінде елімізде 3,5 мың бірлескен кәсіпорын және ресейлік капиталы бар 17 мыңнан аса компания жұмыс істейді. Қазақстан мен Ресей өнеркәсіп кооперациясының портфелі жалпы құны 52,7 миллиард долларды құрайтын 177 бірлескен жобадан тұрады. Осы арқылы 60 мыңнан аса жұмыс орны ашылмақ.
Жобалар металлургия, мұнай химиясы және машина жасау салаларында табысты жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Павлодар облысында теміржол саласындағы бағыттама бұрмаларын және тұтас илектелген дөңгелектер өндіруге арналған кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Ең ірі жобалардың бірі - Атырау облысындағы полипропилен өндірісі. Қарағанды облысында бірлескен шина зауыты, Қостанай облысында шойын құймаларынан жүк көліктерінің бөлшектерін шығару жобасы іске қосылды.
Қазіргі уақытта химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру және шикізат өңдеуді дамыту бағытында жалпы сомасы 10 миллиард долларды құрайтын 24 жоба жүзеге асырылуда. Аталған өндірістерді іске қосу жаңадан 11 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
28.05.2026, 17:33 161
Қазақстан мен Ресей президенттері БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді
Сурет: Akorda
Достарға айту
Екіжақты келіссөздерден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентінің мемлекеттік сапарын екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарын дамытудағы маңызды оқиға ретінде қарастыратынын атап өтті.
- Ең алдымен, кездесуіміздің қарсаңында жарияланған мазмұнды мақаласы үшін Ресей Президентіне алғыс айтамын. Бұл материалды халқымыз ықыласпен оқыды. Өйткені мақалада тату көршілік пен өзара құрметке негізделген ынтымақтастықты табысты ілгерілету үшін маңызы зор нақты деректер мен пайымдар көрініс тапқан. Бүкіл еуразиялық кеңістіктегі тұрақтылық пен өркендеуге ортақ жауапкершілік арқалау - Қазақстан-Ресей ықпалдастығының негізгі мәні деген пікірмен келіспеске болмайды. Қазақстан тарапына айтылған жылы лебіздер мен елімізде жүргізіліп жатқан реформаларға берілген жоғары баға үшін шынайы ризашылығымды білдіремін, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президентінің айтуынша, бүгінгі сапар екіжақты ынтымақтастық аясындағы сапалы өзгерістерді айқын көрсетті.
- Мұны мынадай объективті көрсеткіштерден аңғарамыз: сауда-саттық көлемі 30 миллиард долларлық межеге жетеді деп болжанып отыр, ал экономикамызға құйған инвестиция бойынша Ресей басқа елдер арасында бірінші орынға шықты. Экономикалық ынтымақтастық аясындағы бастамалар тізіміне 177 перспективті жоба кірді, оның 122-сі операциялық циклге өтті, яғни, іске асырылды. Қазақстан Ресеймен мәңгі достықты және стратегиялық серіктестікті жоғары бағалайды. Біз Ресейді әрдайым Еуразиядағы тарихы бай әрі даму әлеуеті зор мемлекет деп санаймыз. Қазірдің өзінде санкциялар салдарынан туындаған қиындыққа қарамастан, Ресей экономикасы сатып алу қабілетінің паритеті бойынша әлемде - төртінші орынға, ал Еуропада бірінші орынға шықты. Мұны ірі халықаралық қаржы институттарының мәліметтері растайды. Былтыр Ресейдің номиналды ішкі жалпы өнімі 2,5 триллион доллардан асты. Бұл - керемет нәтиже. Ресей табиғи ресурстары мол, инженерлік-ғылыми элитасы мен білікті жұмысшылары бар ел ретінде жаһандық экономикадағы жетекші орнын ешқашан жоғалтпайды. Сәйкесінше, дүниежүзілік геосаяси сахнада маңызды рөл атқарады. Ынтымақтастық перспективасына қатысты сөз қозғағанда, бүгін қабылданған "Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы" бірлескен мәлімдеменің ерекше маңызына тоқталғым келеді. Аталған құжат мақсаттарды айқындау тұрғысынан мұқият ойластырылған. Онда елдеріміздің стратегиялық серіктестігі және тату көршілік қатынастарын одан әрі дамытудың сенімді негізі мен ұзақмерзімді бағдары көрініс тапқан, - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты ынтымақтастықтың бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жетуіне Ресей Президенті Владимир Путин зор үлес қосқанын айтты.
- Көрнекті мемлекет қайраткері және әлемдік ауқымдағы саясаткер ретінде Сіз ұлы держава саналатын Ресейдің мәртебесін нығайту жолында дәйекті саясат жүргізіп келесіз. Ресей тікелей араласпаса, бірде бір ірі және елеулі халықаралық мәселе шешімін таппайды. Сіз жаһандық тәртіп түбегейлі өзгеріп жатқан қиын кезеңде ел басқарып, орыс халқы мен Ресей мемлекеттілігі үшін тағдыршешті мәнге ие миссияны абыроймен және лайықты деңгейде атқарып келесіз. Қазақстан Ресей экономикасының дамуына және халықаралық аренада табысқа жетуіне шын мәнінде тілектес. Біздің мемлекеттеріміз алып Еуразия кеңістігінің негізін құрайды. Берік әрі біртұтас Еуразия қауіпсіздігін сақтау үшін бірлесе жұмыс атқарып жатырмыз. Екі елді тарихи тамырластық, мәдени дәстүрлер, ұқсас менталитет, бастысы, әлемдегі ең ұзын шекара біріктіреді. Сондықтан мәңгі достық, тату көршілік және өзара сенім дегеніміз - жай ғана үгіт-насихат ұраны емес, халықтарымыздың бейбіт тіршілігінің мәні және қоғамдық өмірдің барлық саласындағы табыстың мызғымас кепілі. Біз Қазақстанда мұны жақсы түсінеміз және Ресеймен жан-жақты ынтымақтастықты басым бағыт ретінде қарастырамыз. Сонымен қатар бұл істі жалғастыру елдеріміздің қазіргі және келешек басшыларының қасиетті міндеті деп санаймыз. Өйткені екі елдің достығы мен ынтымағын ештеңе алмастыра алмайды, - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, келіссөздер делегация мүшелерінің қатысуымен іскерлік және конструктивті сипатта өтті. Тараптар күн тәртібіндегі барлық мәселе бойынша нәтижелі пікір алмасты. Еуразиядағы қауіпсіздікке баса назар аударылды.
- Әлемдік саясатта тұрақсыздық белең алған шақта мемлекетаралық серіктестіктің орнықты әрі түсінікті үлгісі айрықша құндылыққа айналды. Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы бұл мақсатқа толық сай келеді. Өйткені ол уақыт тезінен өткен және жаңа дәуірдің сын-қатерлеріне төтеп беріп отыр. Сан қырлы серіктестігіміз қос халыққа нақты пайда әкелетін ауқымды жобаларға негізделеді. Сауда-экономикалық байланыстардың орнықтылығы, кәсіпкерлердің белсенділігі екі ел экономикасының негізгі салаларындағы өсімді қамтамасыз етіп отыр. Соңғы бес жылда тек агроөнеркәсіп саласындағы екіжақты сауда-саттық көлемі 1 миллиард долларға ұлғайды. Инвестициялық ынтымақтастық қарқынды түрде дамып келеді. Осыған дейін айтылғандай, Ресей Қазақстан экономикасына құйған тікелей инвестиция бойынша көш бастап тұр. Жалпы инвестиция көлемі 29 миллиард доллардан асты. Ал Қазақстанның Ресей экономикасына салған инвестициясы 9 миллиард долларға жетті. Бұл да жақсы көрсеткіш. Қазақстанда ресейліктердің үлесі бар 20 мыңнан аса компания табысты жұмыс істейді. Биыл 20 тамызда өтетін Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы сауда-экономикалық, инвестициялық салалардағы әріптестік әлеуетін арттыруға тың серпін беретініне сенімдіміз, - деді Қазақстан Президенті.
Қасым Жомарт Тоқаевтың пікірінше, энергетиканы ынтымақтастықтың аса табысты бағыты ретінде қарастыруға толық негіз бар.
- Менің ойымша, бүгін қол қойылған "Балқаш" атом электр станциясын салуға қатысты келісімдердің стратегиялық маңызы зор. Осы ауқымды жобаны батыл қолдағаны үшін Ресей Федерациясының Президентіне ризашылығымды жеткіземін. Бұл бастама ғылым-білім, технология салаларындағы ықпалдастықты ілгерілетіп, энергетика мен индустрияға қатысты аралас бағыттардың дамуын қамтамасыз етеді. Қазақстан мен Ресей үшін энергия ресурстарын және электр энергиясын өндіру, тасымалдау, ішкі әрі сыртқы нарықтарға жеткізу мәселелерін табысты шешудің мәні зор. Еуразиядағы көлік байланысы көбіне біздің елдерімізге тәуелді. Қазақстан мен Ресей Солтүстік - Оңтүстік, Шығыс - Батыс құрлықаралық дәліздерін дамыту жолында жемісті жұмыс атқарып жатыр. Тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік рәсімдерді қысқарту, шекара маңындағы және басқа да инфрақұрылымды жаңғырту үшін жүйелі шаралар қабылданғаны қуантады. Соның нәтижесінде жүк тасымалы тұрақты түрде артып келеді, былтырғы қорытынды бойынша 92 миллион тоннаға жетті. Бұл шамамен 3,4 пайыз өсімді құрайды. Аталған көрсеткіштерді ұлғайту жоспарланған. Ол үшін озық цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгіземіз. Мемлекеттеріміз арасында жүргізушісіз жүк көліктерінің қозғалысын іске қосу - осы істің жарқын мысалы. Ғарыш саласындағы ынтымақтастықтың келешегі зор. "Байқоңыр" космодромы көп жылдан бері жемісті ғылыми-техникалық серіктестігіміздің символы ретінде қызмет етіп келеді. "Бәйтерек" бірлескен жобасының жүзеге асырылуы, соның ішінде жақында "Сұңқар/Cоюз-5" жаңа зымыран тасығышының сәтті ұшырылуы ғарыш қызметін ұсынатын халықаралық нарықтағы елдеріміздің позициясын нығайтуға жол ашады, - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға төрт Амур жолбарысының әкелінуін Ресей Президентінің мемлекеттік сапары аясындағы айтулы оқиға деп атады.
- Құрметті Владимир Владимирович, Қазақстан аумағына жолбарыстарды жерсіндіру жөніндегі бастамамызға қолдау көрсеткеніңіз үшін Сізге шынайы алғыс айтамын. Бағалы сыйыңыз туралы ел азаматтарының барлығы кеңінен құлағдар болды. Осы игі іске атсалысқан екі елдің мамандарына ризашылығымды білдіремін, - деді Президент.
Мемлекет басшысы келіссөз барысында мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастыққа ерекше мән берілгенін айтты.
- Қазақстан мен Ресейде екі елдің Мәдениет күндері тұрақты түрде ұйымдастырылып, халықтарымыздың бай рухани мұрасын паш ететін іс-шаралар кеңінен өткізіледі. Екі ел тарихшылары мен саясаттанушыларының пікірталас алаңдарында бас қосуы да игі дәстүрге айналды. Биыл үшінші Қазақстан - Ресей медиафорумы өтеді. Бұл жиын ақпараттық ықпалдастықты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұндай алаңдар халықтарымыздың арасына сына қағатын жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл бойынша тәжірибе алмасуға қажет. Биыл шілде-тамыз айларында Астанада үшінші "Болашақ ойындарын" табысты өткізуге ден қойып отырмыз. Білім саласындағы бірлескен жобаларға арнайы тоқталғым келеді. Қазақстанда "Сириус" таланттары екі рет кездесті. Яғни жаңа буын мамандарын даярлау үшін дарынды жастарға жүйелі түрде қолдау көрсетіледі. Биыл қаңтар айында Алматыда "Сириус" орталығы бой көтеретін жерге алғашқы капсуланы салу рәсімі өтті. Жаңа ғана біз Астанада дәл осындай іс-шараға куә болдық. "Сириус" орталығының білім беру жобалары гуманитарлық саладағы мақтан тұтар бастамамызға айналып, екі елдің зияткерлік қуатын арттыруға зор үлес қосары анық, - деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентінің мемлекеттік сапары табысты өткенін жеткізіп, екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарының жылнамасына енетініне сенім білдірді.
- Бүгінгі қол қойылған құжаттар мен уағдаластықтар Қазақстан-Ресей серіктестігінің сипатына сай. Оның мәні - дәстүрлі достық пен тату көршілік қатынастарды барлық саладағы ортақ прогреске ұмтылыспен ұштастыру. Сөз соңында екі ел байланыстарын өрбітуге қосқан тарихи үлесі үшін Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздің сапарыңыздың қорытындысы сан қырлы мемлекетаралық ынтымақтастығымыз айрықша сипатқа ие екенін тағы да растады. Бауырлас халықтарымыздың игілігі үшін бірге күш жұмылдырып, стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарымызды нығайтатын жолға батыл қадам басамыз, - деді Қазақстан Президенті.
Ресей Президенті бүгінгі келіссөздердің іскерлік және конструктивті сипаты екі елдің достық және тату көршілік қарым-қатынасына сай келетінін айтты.
- Біз саясат, экономика, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ықпалдастықтың негізгі мәселелерін талқыладық. Халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптарды қозғадық. Қазақстан-Ресей байланысын нығайтудың басым міндеттері бекітілген бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Энергетика, қаржы секторларынан бастап, денсаулық сақтау және білім беру секілді түрлі саланы қамтитын маңызды үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттар қабылданды. Келіссөздер барысында экономикалық ықпалдастыққа баса назар аударылды. Былтыр екі елдің тауар айналымы шамамен 29 миллиард долларды құрады. 30 миллиард долларлық межеге батыл қадам басып келеміз. Таяу арада бұл көрсеткішті те еңсеретінімізге еш күмән жоқ. Бүгінгі сапар мен келіссөздер халықтарымыздың игілігі үшін Ресей-Қазақстан сан қырлы ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға серпін береріне сенімдімін, - деді Владимир Путин.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
29.05.2026, 11:46Қазақстан Жаһандық басқару мәселелері жөніндегі достар тобының отырысына қатысты 29.05.2026, 12:48 2231Қазақстан мен Молдова екіжақты байланыстарды одан әрі нығайту мәселелерін талқылады29.05.2026, 13:49 2006Cargolux Қазақстанға рейстерін қайта бастайды29.05.2026, 14:51 1766Қазақстан Шаңхайда туристік әлеуетін таныстырды
22.05.2026, 16:58 187956Астанада Қазақстан-Норвегия Іскерлік кеңесінің екінші отырысы өтті22.05.2026, 13:10 187496Мемлекет басшысы Токио губернаторы Юрико Коикэні қабылдады22.05.2026, 18:37 187486Олжас Бектенов Ашхабадтағы ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің отырысына қатысты22.05.2026, 09:26 173266Президент тапсырмасы бойынша Ақтөбеде музыкалық-драма театрының құрылысына 8 млрд теңге бағытталды22.05.2026, 17:13 164981Мемлекет басшысы Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады
29.04.2026, 14:15 383816Қасым-Жомарт Тоқаев пен Андрей Бабиш кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді29.04.2026, 15:18 383636Президент Чехия Премьер-министрін І дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады29.04.2026, 16:20 383416Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен телефон арқылы сөйлесті29.04.2026, 12:35 330851Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Чехия Премьер-министрі Андрей Бабиш шағын құрамда келіссөз жүргізді29.04.2026, 09:42 289156Орынбор облысының іскер топтары Қазақстан өңірлерімен ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі

