16.02.2026, 11:25 25971

Исламабадта Қазақстан Президентінің мемлекеттік сапарының қорытындыларына арналған конференция өтті

Исламабадта Қазақстан Президентінің мемлекеттік сапарының қорытындыларына арналған конференция өтті
Сурет: gov.kz
Қазақстанның Пәкістандағы Елшілігі Исламабад стратегиялық зерттеулер институтымен (ISSI) бірлесіп "Қазақстан мен Пәкістан серіктестігі: Президент сапарының қорытындылары және стратегиялық ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары" тақырыбында конференция өткізді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдарының, дипломатиялық корпусының, академиялық орта, сарапшылық және бизнес қауымдастықтарының өкілдері, сондай-ақ жетекші бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.

Құрметті қонақтар ретінде Пәкістан Премьер-министрінің мемлекеттік министрі - арнайы көмекшісі Фахд Харун, КОМСТЕК бас үйлестірушісі Икбал Чаудри, Халықаралық Түркі академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев, Пәкістан Премьер-министрінің туризм жөніндегі арнайы көмекшісі Сардар Ясир Ильяс Хан, Пәкістан Ұлттық ассамблеясының мүшесі Хуррам Дастгир Хан және Пәкістан СІМ Орталық Азия департаментінің бас директоры Хасан Али Зайгам сөз сөйледі.

Іс-шара аясында Халықаралық Түркі академиясы дайындаған "Пәкістан және Түркі әлемі" кітабының тұсаукесері өтті.

Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафин Қазақстан Президентінің ағымдағы жылдың 3-4 ақпанында Пәкістанға жасаған мемлекеттік сапарының негізгі қорытындыларымен бөлісіп, Стратегиялық серіктестік туралы декларацияға, сондай-ақ коммерциялық келісімшарттарды қоса алғанда, 70-тен астам келісімдер мен меморандумдарға қол қойылғанын атап өтті. Сонымен қатар Елші Қайд-и-Азам университетінде Әл-Фараби, Ұлттық ғылым және технологиялар университетінде Қ. Сәтбаев, Исламабад халықаралық ислам университетінде Қожа Ахмет Ясауи орталықтарының, сондай-ақ "Достық" спорт орталығының ашылғанын және Қазақстан-Пәкістан бизнес-форумының табысты өткенін хабарлады.

Конференцияда сондай-ақ ISSI төрағасы, Халид Махмуд, ISSI директоры Талат Шаббир, Орталық Азиядағы "KСM Kant" ірі бизнес-тобының басшысы Танвир Афтаб және өзге де сарапшылар сөз сөйледі.

Қазақстан тарапынан онлайн форматта ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Мұхит Асанбаев пен ҚР СІМ жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институтының сарапшысы Сергей Савельев қатысты.

Панельдік сессиялар барысында қатысушылар Қазақстан-Пәкістан қатынастарының қазіргі жай-күйі мен перспективаларын, өңірлік өзара байланыстылықты, транзиттік әлеуетті және Еуразия кеңістігіндегі көлік-логистикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы өзара іс-қимылды, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады.

Сарапшылар сапардың мазмұндық тұрғыдан жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, оның өзара қызығушылық тудыратын барлық бағыттар бойынша стратегиялық серіктестік орнатуға бағытталғанын жоғары бағалады.

Конференция қатысушылары жоғары деңгейдегі сапар Қазақстан мен Пәкістан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі әртараптандыру мен кеңейтуге берік негіз қалағаны жөнінде бірауыздан пікір білдірді.

Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі конференцияны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Исламабад стратегиялық зерттеулер институтына алғыс білдірді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны