05.09.2006, 13:18 3071

Байқоңырда Халықаралық ғарыш станциясындағы экспедицияға қатысушы елдердің туы көтерілді

БАЙҚОҢЫР. 5-қыркүйек. Kazakhstan Today. Бүгін Байқоңырда Халықаралық ғарыш станциясына "Союз ТМА-9" пилотты ғарыш кемесімен жол тартатын 14-ші экспедицияның экипажын құрайтын елдердің жалауын көтеру рәсімі өтті,- деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Қалыптасқан дәстүрге сәйкес, рәсім ғарышкерлер экипажы тұрып жатқан "Ғарышкер" қонақүйінің жанындағы 17-ші алаңда өткізілді. Негізгі экипаж құрамындағы Ресей ғарышкері Михаил Тюрин, АҚШ астронавты Майкл Лопес-Алегриа, тұңғыш әйел-турист, Иран текті АҚШ азаматшасы Анюша Ансари мен қосалқы құрамдағы ресейлік ғарышкер Юрий Маленченко мен АҚШ азаматшасы Пегги Уитсон Ресей, АҚШ және Қазақстанның туларын көтерді.

Ту көтеру рәсімі арқылы Халықаралық ғарыш станциясына баратын 14-ші экспедицияның экипажы дайындықтың ақырғы кезеңі ресми түрде басталды. Қалалық әкімшілік басшысы Александр Мезенцев, ҚР президентінің Байқоңыр ғарыш айлағындағы арнаулы өкілі Иділбек Басекеев пен ғарыш айлағы басшысының орынбасары Александр Савицкий негізгі және қосалқы экипаж мүшелеріне сәлем берді. Рәсімнен кейін ғарышкерлер журналистер сауалына жауап берді.

"Экипаж екі шаттл мен екі жүк тасымалдаушы "Прогресс" кемесін қабылдау, ашық ғарышқа төрт мәрте шығу, бірқатар жаңа ғылыми зерттеулер өткізу секілді ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруға тиіс",- деді Халықаралық ғарыш станциясының командирі - АҚШ астронавты Майкл Лопес-Алегриа.

"Менің сапарым асығыстау болып шықты. Соло себепті мен өзім жоспарлаған сынақтарды жүзеге асыра алмаймын. Бірақ мен Еуропалық ғарыш агенттігінің екі, "Эгергия" ғарыштық зымыран кешенінің бір зерттеуін жүргізуге келістім",- деді тұңғыш әйел-турист Анюша Ансари. Ийел ғарышқа өзімен бірге Құран мен "Экспрайз" ғарыш кемесінің бөлшегін ала бармақшы. Ол өзінің ғарыштық туристік бағдарламасын одан әрі дамытуға бел бауғанын мәлімдеп өз жоспарымен бөлісті. "Ғарыштық туризмге адамдар көптеп қол жеткізуі үшін бұл салаға мейлінше көбірек компания тартуға тырысатын боламын",- деді ол.

"Союз ТМА-9" ғарыш кемесінің командирі әрі Халықаралық ғарыш станциясының бортинженері Михаил Тюрин ұшар алдындағы бірнеше күнде тындыратын іс көп екенін жеткізді. "Ұшу мен Халықаралық ғарыш станциясындағы жұмысқа толыққанды дайындалу үшін арнаулы циклограмма деген болады, жоспарланған жаттығулар мен сабақтар да бар",- деді ол.

Бұдан кейін ғарышкерлер ұшар алдындағы дайындық кестесіне сәйкес жұмысқа кірісті.

Мәселен, 13-қыркүйекте ғарышкерлер скафандрлар мен ложементтерді киіп көріп, ғарыш кемесінің қону аппаратында жаттығулар өткізеді.

Ұшу алдындағы дайындық жоспарына сәйкес, 15-қыркүйекте зымыран тасығыш пен ғарыш кемесі құрастырылып, 16-қыркүйекте "Союз-ФГ" зымыран тасығышы ғарыш кемесімен бірге №1 алаңға шығарылады. 17-қыркүйекте мемлекеттік комиссияның жиналысы өтеді. Онда алдағы ұшырылымның негізгі және қосалқы экипажының құрамы бекітіледі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны