16.04.2009, 15:59 3476

Байқоңырға ProtoStar-2 ғарыштық аппараты жеткізілді

Байқоңырға ProtoStar-2 ғарыштық аппараты жеткізілді

Алматы. 16 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - Байқоңырға ProtoStar-2 ғарыштық аппараты жеткізілді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі Роскосмостың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астана уақытымен сағат 09.20-да Байқоңырдағы "Юбилейный" әуежайына Ан-124 ұшағы келіп қонды, ол Ульяновск қаласынан шыққан рейспен ғарыш айлағына АҚШ-тың ProtoStar-2 телекоммуникациялық жер серігі мен оған арналған қосалқы жабдықтарды жеткізді.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, ғарыштық аппарат пен қосалқы жабдықтар тиелген контейнерлер түсіріліп, кедендік рәсімдеуден өткеннен кейін №92А-50 алаңның монтаж-сынақ корпусына жеткізілді, онда жер серігінің ұшырылымға дайындығы жүргізіледі.

Ғарыштық мақсаттағы "Протон-М"зымыраны мен "Бриз-М" үдеткіш блогы АҚШ-тың ProtoStar-2 телекоммуникациялық жер серігін алып 2009 жылдың мамыр айының ортасына таман ұшырылады деп жоспарланған. ProtoStar-2 жер серігін АҚШ-тың "Боинг" (Boeing Satellite Systems (BSS)) концерні осы елдің спутниктік операторы ProtoStar Ltd тапсырысы бойынша жасап шығарған. Ғарыштық аппарат геостационар орбитаға шығарылып, 15 жыл бойы байланыс, телевидение және коммуникациялық қызметтер көрсетеді. Жер серігі S-диапазондағы 10 транспондермен және Ku-диапазондағы 24 транспондермен жарақталған.

Сонымен бірге, "Байқоңыр" ғарыш орталығының баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, "Прогресс М-02М" және "Союз ТМА-15"ғарыштық корабльдерінің ұшырылымға дайындығы кестеге сай жүргізілуде. 15 сәуірде ғарыш айлағының 31-ші алаңының жанармай құю станциясында "Прогресс М-02М" жүк тасымалдаушы ғарыштық корабліне отын құрамдары мен сұйытылған газ құюға жабдықтарды дайындау жұмыстары басталды.

"Прогресс М-02М" кораблі №254 алаңның монтаж-сынақ корпусында стендте тұр, кеше С. Королев атындағы "Энергия" зымыран-ғарыштық корпорациясы мен "Байқоңыр" федералдық ғарыш орталығының мамандары оның термостаттық жүйесіне жылутасығыштарды құйды.

"Союз ТМА-15" пилотты кемесі де осы корпуста орнатылған. Кеше корабльдің апаттан құтқару жүйелері тексерілді.

"Союз-У"зымыраны "Прогресс М-02М" жүк тасымалдаушы кемесімен 7 мамырда сағат 22.36-да ұшырылады.

"Союз-ФГ" ғарыштық зымыраны мен "Союз ТМА-15" пилотты кемесі 2009 жылдың 27 мамырында ұшырылады. "Союз" кораблімен Халықаралық ғарыш станциясына 20-шы экспедицияның экипажы: ресейлік Роман Романенко, канадалық Роберт Тирск мен бельгиялық Франк де Винн жол тартады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны