24.06.2020, 18:43 18557

Елордада тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы талқыланды

Бүгін елордада ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен онлайн-форматта дәстүрлі түрдегі кезекті "дөңгелек стол" өтті. Жиында қоғамдағы көкейкесті мәселенің бірі - тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы талқыланды.

Алматы. 24 маусым. Kazakhstan Today - Бүгін елордада ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен онлайн-форматта дәстүрлі түрдегі кезекті "дөңгелек стол" өтті. Жиында қоғамдағы көкейкесті мәселенің бірі - тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы талқыланды.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі А.Ғ.Балаева мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Л.К.Рамазанова спикерлер ретінде сөз алды.

Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заң жобасын дайындау бойынша Мәжілістегі жұмысшы тобының жетекшісі - А.К.Нуркина, Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы М.Қожахмет, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы - М.К.Баймукашев, ҚР Адам құқығы жөніндегі өкіл - Э.А.Азимова, ҚР Бас Прокурорының аға көмекшісі - М.Б.Алибеков, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі - С.П.Тұрсынбекова, "Қазақстанның дағдарыс орталықтарының одағы" ЗТБ басқармасының төрайымы - З.М.Байсакова, Адам құқықтарын зерттеу, инклюзивті және азаматтық қоғам орталығының директоры - Х.К.Ажигулова, "#НеМолчиkz " қоғамдық қорының президенті - Д.Б.Смаилова, Қазақстан әйелдер Күштері Альянсы төрағасының орынбасары - А.Т.Шөжеева қатысты.

Өз сөзінде А.Ғ.Балаева: "Өздеріңіз білесіздер, бұл - ғаламдық проблема. Өйткені, халықаралық ұйымдардың мәліметі бойынша әлемде 5 минут сайын бір ана мен бала зорлық-зомбылық құрбаны болады екен. Сондықтан да онымен күресу - қоғамдық іс.

Өкінішке орай, бұл әлемдік проблема біздің қоғамда да жыл сайын өзекті болып отыр. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректері бойынша отбасылық-тұрмыстық салада жасалған құқық бұзушылықтар саны 2017 жылы 446, 2018 жылы - 919, ал 2019 жылы 1 055-ке жетті.

Ал елімізде коронавирус індетінің салдарынан қатаң карантиндік шаралар енгізілгеннен кейін отбасындағы зорлық-зомбылық қылмыстардың саны 25 пайызға күрт өсті.

Әрине, бұл бізді алаңдатпай тұрмайды. Оның үстіне, үйдегі зорлық-зомбылық тақырыбы кең қоғамдық резонанс тудырып отыр. Күнделікті ақпараттардан, әлеуметтік желілердегі жазбалардан отбасындағы зорлық-зомбылықтың күшейіп, қаншама баланың жетім қалып жатқанын, тіпті жантүршігерлік қайғылы оқиғалардың да болып жатқанын көріп отырмыз.

Бүгінгі күні мемлекет бұл мәселені жүйелі түрде шешумен айналысып келеді. Мысалы, пандемия басталғаннан бері отбасылық жанжалдарға қатысты 37 мыңға жуық қорғау нұсқамасы шығарылып, құқық бұзушылардың тәртібіне байланысты 5 мыңға жуық ерекше талаптар белгіленген",- деді.

Сонымен қатар: "Бұл жерде тек құқықтық шаралар жеткіліксіз екені түсінікті. Жүйелі қоғамдық жұмыс пен қоғамдық ұйымдардың жұмыла күш біріктіруі ауадай қажет"- деді министр.

"НеМолчи" қорының президенті Д.Смаилова мемлекет заңнамалық деңгейде үйдегі зорлық-зомбылық мәселелерін шешуге күш салып отырғанын атап өтті: "Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғайтын заңдар әзірлеуді тапсырды. 2020 жылғы қаңтардан бастап жыныстық зорлық-зомбылық туралы заң қабылданды, онда зорлау ауыр қылмыстардың құрамына ауыстырылды және жазалау мерзімі ұлғайтылды. Қазір ҚР Парламентінде еліміз үшін маңызды отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы заң қарастырылуда.

Біз блогерлер командасы емеспіз, біз - барлық міндеттерді кешенді және жүйелі түрде шешетін құқыққорғаушылармыз. Біздің миссиямыз-қоғамдағы зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік!", - деді ол.

Сөз соңында жиынға қатысушылар пікір алмасып, бірқатар маңызды мәселелерді талқылады.

Дөңгелек үстелді қорытындылай келе, Аида Балаева мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы бірлескен іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.

"Бүгін дөңгелек үстелдің барлық қатысушылары отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерін жүйелі шешуде күш біріктірудің маңыздылығын атап өтті. Шынында да, бұл үшін ведомствоаралық жұмысты үйлестіру қажет. ...Жалпы алғанда, тұрмыстық зорлық - зомбылықтың әрбір жағдайы ерекше болғандықтан, осы мәселелерді шешу үшін бірыңғай тетіктерді әзірлеуге ерекше мұқият қарау қажет", - деп атап өтті министр.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны